Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жеке шешімдерді қалай қабылдайсыз?

Жеке шешімдерді қалай қабылдайсыз?

“Ехобаның еркін танып-біле беріңдер” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:17).

ӘНДЕР: 69, 57

1. Киелі кітаптағы заңдардың кейбірі қандай және оларға мойынсұнудың біз үшін қандай пайдасы бар?

КИЕЛІ КІТАПТА Ехобаның бізге не істеу, не істемеу керектігіне қатысты берген нақты заңдары бар. Мысалы, ол пұтқа табынушылыққа, ұрлыққа, маскүнемдік пен азғындыққа тыйым салады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Ехобаның Ұлы Иса да ізбасарларына нақты бұйрық берген. Ол былай деген: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер. Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін” (Матай 28:19, 20). Ехоба мен Иса нені талап етпесін, бәрі біздің игілігіміз үшін. Ехобаның заңдары өз-өзімізге және отбасымызға қарауды үйретеді, денсаулығымызды жақсартуға және бақытты болуға көмектеседі. Ал ең бастысы, Ехобаның заңдары мен бұйрықтарына, соның ішінде уағыздауға қатысты бұйрығына да, мойынсұнсақ, оның ықыласы мен батасына кенелеміз.

2, 3. а) Неге Киелі кітапта әрбір жағдайға қатысты ережелер берілмеген? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтар қарастырылады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

2 Сөйткенмен де Құдай Сөзінде өміріміздің әрбір жағдайына қатысты нұсқаулар жазылмаған. Мысалы, онда бізге қандай киім киюге болатынына қатысты нақты ережелер жоқ. Бұдан Ехобаның қаншалықты дана екенін көруге болады. Өйткені киім үлгісі дүниенің төрт бұрышында сан түрлі, әрі уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Егер Киелі кітапта лайықты киім мен сән үлгісінің тізімі берілгенде, бұл кітап баяғыда-ақ ескіріп қалған болар еді. Құдай Сөзінде жұмысқа, денсаулыққа не көңіл көтеру түріне қатысты да ұзын сонар ережелер жоқ. Ехоба әрбір адамға, әрбір отағасына бұл мәселелерде өздеріне шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

3 Алайда бұл өмірімізге әсер ететін маңызды шешімдер қабылдау керек болғанда не істейтініміз Ехоба үшін бәрібір дегенді білдіре ме? Киелі кітап заңына қайшы келмейтін кез келген шешімімізді ол құптай бере ме? Нақты заңдар болмағанда, қабылдайтын шешіміміздің оған ұнайтын-ұнамайтынын қалай біле аламыз?

ШЕШІМДЕРІМІЗ ӨЗІМІЗГЕ ДЕ, ӨЗГЕЛЕРГЕ ДЕ ӘСЕР ЕТЕДІ

4, 5. Шешімдеріміз өзімізге және өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін?

4 “Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса” деп, кейбіреулер не істегісі келсе, соны істейді. Алайда біз Ехобаның жүрегін қуантатын нәрсені істегіміз келеді. Сондықтан қандай да бір шешім қабылдарда оның Сөзіндегі заңдар мен принциптерді қарастырып, оларға құлақ асуымыз қажет. Мәселен, Құдайдың ықыласына ие болғымыз келсе, оның қанға қатысты заңын орындауымыз керек (Мұсаның 1-жазбасы 9:4; Елшілердің істері 15:28, 29). Дұға ету Киелі кітап заңдары мен принциптеріне сай келетін шешімдер қабылдауға көмектеседі.

5 Қабылдаған шешімдеріміз бізге әсер етпей қоймайды. Жақсы шешім Ехобаға жақындата түссе, ал жаман шешім онымен қарым-қатынасымызға сызат түсіреді. Оның үстіне, шешімдеріміз басқаларға да әсер етеді. Біз бауырластарды сүріндіретін не сенімдерін әлсірететін ештеңе істегіміз келмейді. Қауымдағы бауырластардың арасына іріткі де салғымыз келмейді. Сондықтан жеке шешімдер қабылдауға атүсті қарамағанымыз жөн (Римдіктерге 14:19; Ғалаттықтарға 6:7 оқыңыз).

6. Шешімдер қабылдағанда нені ойлауымыз керек?

6 Киелі кітапта нақты ештеңе айтылмаған жағдайда қалай дұрыс шешім қабылдай аламыз? Мұндай кезде өзіміз қалағанды істей салмай, жағдайымызды жан-жақты саралап, Ехобаға ұнамды болатын шешім қабылдауды ойлауымыз керек. Сонда ол шешіміміздің жақсы нәтиже әкелуіне көмектеседі (Зәбүр 37:5 оқыңыз).

ЕХОБАНЫҢ ЕРКІН ТАНЫП-БІЛУ

7. Киелі кітапта нақты заң болмағанда, Ехоба біздің не істегенімізді қалайтынын қалай біле аламыз?

7 Алайда Құдайға ненің ұнамды екенін қайдан білеміз? Ефестіктерге 5:17-де: “Ехобаның еркін танып-біле беріңдер”,— делінген. Киелі кітапта нақты заң болмағанда, Ехобаның еркін танып-білуіміз, яғни осы жағдайда біздің қалай әрекет еткенімізді қалайтынын түсінуіміз қажет. Мұны қалай істей аламыз? Бұл үшін Құдайға дұға етіп, киелі рухының басшылығына мойынсұнуымыз қажет.

8. Ехоба өзінен нені қалайтынын Иса қалай түсінген? Мысал келтіріңіз.

8 Иса Ехоба өзінен нені қалайтынын әрдайым түсінген. Мысалы, ол екі рет ашыққан халықты тамақтандыру үшін, алдымен дұға етіп, сосын керемет түрде оларды тойдырған (Матай 14:17—20; 15:34—37). Ал өзі шөл далада ашыққанда, Шайтанның тастарды нанға айналдыр деген ұсынысынан бас тартқан (Матай 4:2—4 оқыңыз). Неге? Иса Әкесінің ой қалпын жақсы білген, сондықтан киелі рухты жеке басының пайдасы үшін қолданғанын Ехоба қаламайтынын түсінген. Ол Әкесінің басшылық беріп, қажет болса, өзін тамақпен қамтамасыз ететініне сенімді болған.

9, 10. Дана шешімдер қабылдауға бізге не көмектеседі? Мысал келтіріңіз.

9 Дұрыс шешім қабылдағымыз келсе, біз де Иса сияқты Ехобаның басшылығына жүгінуіміз керек. Киелі кітапта былай делінген: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме. Барлық ісіңде оны ескер, Сонда ол жолыңды тегістер. Өзіңді данамын деп санама. Ехобадан қорқып, жамандыққа жолама” (Нақыл сөздер 3:5—7). Егер Киелі кітапты зерттеп, Ехобаның ой қалпын білсек, бұл оның белгілі бір жағдайда қалай әрекет еткенімізді қалайтынын түсінуге көмектеседі. Ехобаның ойын біле түскен сайын, оған ұнамды шешімдер қабылдау да жеңіл болады. Осылайша “Құдайдың басшылығына мойынсұнуға дайын жүрекке” ие боламыз (Езекиел 11:19, сілтеме).

10 Мынадай мысалды алайық. Дүкен аралап жүрген бір әйелдің көзі әдемі аяқкиімге түседі. Бірақ ол өте қымбат тұрады. Сонда ол: “Сонша көп ақша жұмсауға күйеуім қалай қарайды?”— деп ойлайды. Бірақ күйеуі қасында болмаса да, ол мұның жауабын біледі. Өйткені олардың отауласқанына біраз уақыт болған, сондықтан қолда бар қаражатты қалай жұмсауға қатысты күйеуінің ойы оған мәлім. Тап солай, біз де Ехобаның ой қалпы мен бұрын қалай әрекет еткені жайлы біле берсек, әртүрлі жағдайда оның не істегенімізді қалайтынын түсінеміз.

ЕХОБАНЫҢ ОЙ ҚАЛПЫН ҚАЛАЙ БІЛЕ АЛАМЫЗ?

11. Киелі кітапты оқығанда не жеке зерттеу жүргізгенде, қандай сұрақтар жайлы ойлансақ болады? (“ Киелі кітапты зерттегенде, ойланып көріңіз...” деген қоршауды қараңыз.)

11 Ехобаның ой қалпын білу үшін, жеке зерттеу басты орында тұруы қажет. Киелі кітапты оқып, зерттегенде, мынадай сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн: “Бұл мәліметтен Ехоба жайлы не білдім? Ол неге бұлай әрекет еткен?” Дәуіт сияқты, біз де Ехобадан өзін жақсырақ білуге көмектесуін сұрауымыз керек. Ол былай деген: “Маған жолдарыңды көрсетші, уа, Ехоба, Жолдарыңмен жүруді үйретші. Шындығыңда жүруге көмектесіп, тәлім бере көр, Өйткені сен құтқарушы Құдайымсың. Күні бойы үмітімді өзіңе артамын” (Зәбүр 25:4, 5). Киелі кітап үзіндісі жайлы ой жүгірткенде: “Бұл мәліметті өмірімде қалай қолдана аламын? Мұны қай жерде қолдансам болады: үйде ме, жұмыста ма, мектепте ме, әлде қызметте ме?”— деп ойланып көрейік. Оқыған мәліметті нақты қай жерде қолдануға болатынын білсек, оны қалай жүзеге асыруға болатынын да түсіну жеңіл болады.

Ехобаның ойын білу үшін, Киелі кітапты жүйелі түрде оқып, зерттеуіміз қажет

12. Басылымдар мен қауым кездесулері бізге Ехобаның әртүрлі жағдайға қатысты көзқарасын білуге қалай көмектеседі?

12 Ехобаның ой қалпын білудің тағы бір жолы — оның өз ұйымы арқылы беретін Киелі кітапқа негізделген басшылығына ден қою. Мысалы, “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” мен “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралы” Құдайдың әртүрлі жағдайға қатысты көзқарасын білуге көмектеседі. Бізге қандай да бір шешім қабылдау керек болғанда, соларға жүгіне аламыз. Қауым кездесулерінде мұқият тыңдап, атсалысқанымыздың да біз үшін пайдасы зор. Үйреніп жатқандарымызды ой елегінен өткізсек, бұл Ехобаның ой қалпын жақсырақ түсініп, ол сияқты ойлануға көмектеседі. Нәтижесінде, сүйіспеншілігі мол Құдайымызға ұнамды шешімдер қабылдай аламыз, әрі оның батасына кенелеміз.

ШЕШІМДЕРІҢІЗГЕ ЕХОБАНЫҢ ОЙ ҚАЛПЫ ӘСЕР ЕТСІН

13. Ехобаның ой қалпын білгеніміз дана шешімдер қабылдауға қалай көмектесетініне мысал келтіріңіз.

13 Қазір келесі бір мысалдан Ехобаның ой қалпын білгеніміз дана шешімдер қабылдауға қалай көмектесетінін көрейік. Сіз ізашар болғыңыз келді делік. Уағызға көбірек шыға алу үшін өміріңізде біраз өзгерістер жасадыңыз. Әйтсе де қаржы жағынан қысылып жүрмес пе екенмін деген уайымыңыз да жоқ емес. Әрине, Киелі кітапта Ехобаға қызмет ету үшін міндетті түрде ізашар болу керек делінбеген. Біз оған жариялаушы ретінде де адал қызмет ете аламыз. Алайда Иса Патшалық үшін құрбандыққа баратындарға Ехоба мол батасын төгетінін айтқан (Лұқа 18:29, 30 оқыңыз). Сондай-ақ Киелі кітапта біздің “ерікті сый-тарту” әкелгеніміз және қуанышпен қызмет еткеніміз Ехобаға ұнайтыны да жазылған (Зәбүр 119:108; Қорынттықтарға 2-хат 9:7). Киелі жазбалардағы осы ойлар туралы ой жүгірткеніміз және басшылық сұрап дұға еткеніміз Ехобаның ой қалпын түсінуге көмектеседі. Ал бұл бізге өз жағдайымызда тиімді болатын әрі Ехобаның батасына бөлейтін шешім қабылдауға септігін тигізеді.

14. Қандай да бір киім үлгісі Ехобаға ұнай ма, жоқ па, қалай біле аламыз?

14 Тағы бір мысалға назар аударайық. Сізге қандай да бір үлгідегі киім қатты ұнайды делік. Бірақ мұндай киім қауымдағы біреулерді сүріндіруі мүмкін екенін білесіз. Киелі кітапта дәл осы киім үлгісіне қатысты ештеңе айтылмаған. Бұл ретте Ехобаның не ойлайтынын қалай біле аласыз? Киелі кітап былай дейді: “Әйелдер әрленіп-сәнденгенде, шаштарын ерекшелеп өруге, алтын-меруертке не өте қымбат киімге үйір болмай, қарапайым да есті болып, жарасымды киінсін. Оларды игі істері көркейтсін. Бұл Құдайға шын берілгенмін дейтін әйелдерге лайық” (Тімөтеге 1-хат 2:9, 10). Әрине, бұл сөздердің бәрімізге де, соның ішінде ер бауырластарға да, қатысы бар. Егер біз қарапайым болсақ, өз қалауымызды ғана ойламай, таңдаған киіміміз басқаларға қалай әсер ететінін де ескереміз. Бауырластарымызды жақсы көргендіктен, біз олардың көңіліне тиетін не оларды сүріндіретін нәрселерден аулақ боламыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:23, 24; Філіпіліктерге 3:17). Жазбаларда не айтылғанын ескергеніміз осы мәселеге қатысты Ехобаның ой қалпын түсінуге көмектеседі. Осының арқасында біз оған ұнамды шешімдер қабылдай аламыз.

15, 16. а) Азғын ойларға берілетін болсақ, Ехоба не сезінеді? ә) Көңіл көтеру түрін таңдағанда, Ехобаға не ұнайтынын қалай біле аламыз? б) Өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдағанда, не істеген дұрыс?

15 Киелі кітапта адамдардың зұлымдық жасап, “есіл-дерті жамандық істеу екенін көргенде”, Ехобаның жүрегі ауырғаны айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 6:5, 6 оқыңыз). Бұдан Ехоба біздің жыныстық қатынас жайлы азғын ойларға беріліп, қиялдағанымызды қаламайтыны анық көрінеді. Өйткені бұндай нәрселер туралы ойлай берсек, оларды істеп қоюымыз әбден мүмкін. Ехоба біздің таза да жақсы нәрселер жайлы ойлағанымызды қалайды. Шәкірт Жақып Ехобаның даналығы жайлы: “Көктен келген даналық ең алдымен таза, сосын тату, иліккіш, мойынсұнуға дайын, мейірім мен игі істерге бай әрі ешкімді алаламайды, екіжүзді де емес”,— деген (Жақып 3:17). Сондықтан біз санамызға таза емес, арам ойлар ұялататын не соларды істеуге итермелейтін көңіл көтеру түрлерінен аулақ болуымыз қажет. Ехобаның нені жақсы көріп, нені жек көретінін нақты түсінсек, қандай кітаптарды, фильмдер мен ойындарды таңдау керектігін оңай ажырата аламыз. Бұндай кездерде не істеу керектігін жұрттан сұрап жүрмейміз.

16 Кейбір мәселелерді шешудің бірнеше жолы болуы мүмкін, әрі оның бәрін Ехоба құптауы мүмкін. Алайда өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдағанда, кейде ақсақалдардан не толысқан бауырластардан ақыл-кеңес сұрағанымыз абзал (Титке 2:3—5; Жақып 5:13—15). Бірақ олардан біздің орнымызға шешім қабылдауды сұрамауымыз керек. Одан да Киелі кітаптан білетіндеріміз жайлы жақсылап ой жүгіртіп, өзіміз шешім қабылдауымыз қажет (Еврейлерге 5:14). Елші Пауыл: “Әркімнің жауапкершілігі өз мойнында”,— деген (Ғалаттықтарға 6:5, сілтеме).

17. Ехобаға ұнамды шешімдер қабылдасақ, мұның қандай пайдасын көреміз?

17 Ехобаға ұнамды шешімдер қабылдасақ, оған жақындай түсеміз (Жақып 4:8). Сондай-ақ оның ықыласы мен батасына кенелеміз. Сонда Ехобаға деген сеніміміз нығая түседі. Олай болса, Киелі кітаптағы заңдар мен принциптер жайлы ой жүгіртіп, Ехобаның ойын танып-біле берейік. Әрине, Ехоба туралы білетін жаңа нәрселер үнемі болады (Әйүп 26:14). Бірақ ол туралы білуге күш салсақ, қазірдің өзінде дұрыс шешімдер қабылдауға көмектесетін даналыққа, білім мен парықтылыққа ие боламыз (Нақыл сөздер 2:1—5). Адамдардың ойлары мен жоспарлары өзгеріп тұрады, ал Ехоба ешқашан өзгермейді. Зәбүр жыршысы: “Ехобаның шешімдері болса мәңгі тұрады, Жүрегіндегі ойлары ұрпақтан ұрпаққа жалғасады”,— деген (Зәбүр 33:11). Сонымен, ең дана Ехоба Құдайымыздың ой қалпына сай ойлап, әрекет ететін болсақ, ең жақсы шешімдер қабылдай аламыз.