Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітап өміріңізді әлі де өзгертіп жатыр ма?

Киелі кітап өміріңізді әлі де өзгертіп жатыр ма?

“Ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер” (РИМДІКТЕРГЕ 12:2).

ӘНДЕР: 61, 52

1—3. а) Шомылдыру рәсімінен кейін қандай өзгерістер жасау қиынға соғып жатады? ә) Өзгеру қиынға соғып жатса, қандай ой келер? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

КӨП ЖЫЛ БОЙЫ Кевин құмар ойындарға әуестеніп, темекі шегіп, ішімдікке салынып, есірткі қабылдап жүреді [1] (26-беттегі сілтемені қараңыз). Кейін ол Ехоба туралы біліп, онымен жақын дос болғысы келеді. Бірақ бұл үшін оған өмірінде үлкен өзгерістер жасау керек еді. Ехобаның көмегімен және оның Сөзі Киелі кітаптың күшімен Кевин сол өзгерістерді жасайды (Еврейлерге 4:12).

2 Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, Кевинге мәсіхшілерге тән қасиеттер дамыту үшін әлі де өзгерістер жасау керек болды (Ефестіктерге 4:31, 32). Мысалы, ол бұрын ашуға тез беріліп қалатын. Ол ашуды жүгендеудің қаншалықты қиын екенін түсінгенде, қатты таңғалды. “Өз-өзімді ұстай білу бұрынғы әдеттерімнен арылудан да қиынға соқты!”— деп мойындады Кевин. Алайда Ехобадан жалына көмек сұрап, Киелі кітапты тыңғылықты зерттегенінің арқасында ол өзгере алды.

3 Кевин сияқты, көбіміз шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып, Киелі кітаптың талаптарына сай келу үшін өмірімізде үлкен өзгерістер жасадық. Бірақ Құдайға және Мәсіхке еліктей түсу үшін бойымызда әлі де кішігірім өзгерістер жасау керектігін түсінеміз (Ефестіктерге 5:1, 2; Петірдің 1-хаты 2:21). Мысалы, өзгелерді сынап-мінеуге, өсек айтуға не өзгелерді жамандауға бейім екенімізді байқайтын болармыз. Я болмаса адамдар не ойлайды, не айтады деп қорқатын шығармыз. Бәлкім, көп жылдан бері өзгеруге тырысып бақсақ та, қандай да бір қателікті қайта-қайта істеп қоятын шығармыз. Сондықтан бізге: “Осындай кішігірім өзгерістерді жасау неге соншалықты қиын? Киелі кітап өмірімді әрі қарай да өзгерте алу үшін не істеуім керек?”— деген ой келер.

ЕХОБАҒА ҰНАМДЫ БОЛА АЛАМЫЗ

4. Неге Ехобаның көңілінен шығу барлық уақытта қолымыздан келе бермейді?

4 Біз Ехобаны жақсы көреміз әрі бар жүрегімізбен оның көңілінен шыққымыз келеді. Өкінішке қарай, бұл барлық уақытта қолымыздан келе бермейді, өйткені біз кемелсізбіз. Жиі өзімізді елші Пауыл сияқты сезініп жатамыз. Ол: “Жақсылық жасауды қалауын қалаймын, бірақ оны істей алмаймын”,— деген (Римдіктерге 7:18; Жақып 3:2).

5. Шомылдыру рәсіміне дейін қандай өзгерістер жасадық, бірақ әлі де қандай әлсіздіктермен күресуіміз мүмкін?

5 Қауымның мүшесі болу үшін, біз Ехоба жек көретін істерден арылдық (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Алайда біз әлі де кемелсізбіз (Қолостықтарға 3:9, 10). Сондықтан шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін мүлдем қателік жасамаймыз деп ойламауымыз керек. Шындықта жүргенімізге қанша жыл болмасын, біз кейде жаман ойлар мен сезімдерге беріліп қалуымыз мүмкін. Я болмаса бойымыздағы қандай да бір әлсіздікті жеңу қиынға соғуы мүмкін. Тіпті кейбір әлсіздіктерімізбен жылдар бойы күресуге тура келеді.

6, 7. а) Кемелсіз болсақ та, ненің арқасында Ехобамен дос бола аламыз? ә) Неліктен Ехобадан кешірім сұраудан тартынбауымыз керек?

6 Кемелсіздігіміз бізге Ехобамен дос болуға және оған қызмет етуге кедергі бола алмайды. Ехобамен алғаш дос болған кезіңізді есіңізге алыңызшы: ол сіздің бойыңыздан жақсы нәрсені көріп, өзін танып-білгеніңізді қалады (Жохан 6:44). Ол кемшіліктеріңіз бен әлсіздіктеріңіздің бар екенін, сондай-ақ алда әлі де қателіктер жіберетініңізді білген. Бірақ Ехоба сонда да сізбен дос болғысы келді ғой.

7 Ехоба бізді сондай қатты жақсы көргендіктен, баға жетпес сый берді. Ол өз Ұлын жерге жіберіп, біздің күнәларымыз үшін төлем құрбандығын ұсынды (Жохан 3:16). Сондықтан қателік жасаған кезімізде Ехобадан кешірім сұрасақ болады. Төлем құрбандығының арқасында біз Құдайдың кешіріміне ие болып, онымен достығымызды сақтап қала алатынымызға сенімді бола аламыз (Римдіктерге 7:24, 25; Жоханның 1-хаты 2:1, 2). Өзімізді лас не күнәкар сезінгендіктен, осы төлемнің игілігін көруден бас тартқанымыз дұрыс па? Әрине, жоқ! Бұл дегеніміз кір қолымызды жуу үшін суды пайдаланудан бас тартумен парапар. Кемелсіз болсақ та, төлем арқылы өзімен дос болуға мүмкіндік берген Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңізші! (Тімөтеге 1-хат 1:15 оқыңыз).

Ехобаға жақындай түскіміз келсе, оған және Ұлына еліктеуге барынша тырысуымыз қажет

8. Неге әлсіздіктерімізге көз жұмбауымыз керек?

8 Әрине, біз әлсіздіктерімізге көз жұмбаймыз не оларды ақтауға тырыспаймыз. Ехоба өз достарының қандай адам болу керектігін айтқан (Зәбүр 15:1—5). Сондықтан Құдаймен достығымызды нығайтқымыз келсе, оған және оның Ұлына еліктеуге барынша тырысуымыз қажет. Сондай-ақ бұрыс қалауларымызды тізгіндеп, мүмкіндігінше олардан арылуымыз керек. Шомылдыру рәсімінен өткенімізге қанша жыл болмасын, болмысымызды жақсартып, “түзеле беруге” тиіспіз (Қорынттықтарға 2-хат 13:11).

9. Жаңа болмысқа ие болу үздіксіз әрекетті талап ететінін қайдан білеміз?

9 Елші Пауыл мәсіхшілерге былай деген: “Ескі болмыстарыңнан іс-әрекеттерімен қоса арылып, тура білім арқылы Жаратушының кейпіне сай жаңарып жатқан жаңа болмысқа ие болыңдар” (Қолостықтарға 3:9, 10). Мұндағы “жаңарып жатқан” деген тіркес жаңа болмысқа ие болудың үздіксіз әрекет екенін көрсетеді. Бұны білгеніміз бізге жігер береді, өйткені Ехобаға қанша уақыт қызмет етпейік, жаңа болмысқа ие болуға көмектесетін мәсіхшілерге тән қасиеттерді әрдайым дамытып, шыңдай аламыз. Иә, Киелі кітап өмірімізді әрі қарай да өзгерте алады.

БҰЛ НЕГЕ СОНШАЛЫҚТЫ ҚИЫН?

10. Киелі кітап әрі қарай да өмірімізді өзгерту үшін, өз тарапымыздан не істеуіміз керек және осы орайда қандай сұрақтар туындауы мүмкін?

10 Киелі кітап өмірімізді әрі қарай да өзгерткенін қаласақ, бізге аянбай күш салу керек. Алайда неге өз тарапымыздан сонша күш салуымыз қажет? Жақсы қасиеттер дамыта алуымыз үшін, неге Ехоба бізді жаман бейімділіктерімізден оңай арылта салмайды?

11—13. Неге Ехоба бізден әлсіздіктерімізді жеңу үшін күш салады деп күтеді?

11 Егер ғалам жайлы ойлансақ, Ехобаның бәрін істеуге құдіреті жететініне титтей де күмәніміз болмайды. Мысалы, ол қуаты шексіз Күнді жаратқан. Әрбір секунд сайын Күн орасан көп мөлшерде жарық пен жылу бөліп шығарады. Әйтсе де жер бетінде тіршілік болу үшін Күннің титімдей ғана энергиясы жетіп жатыр (Зәбүр 74:16; Ишая 40:26). Ехоба жер бетіндегі өз қызметшілеріне де қажет кезде күш-қуат береді (Ишая 40:29). Демек, әлсіздіктерімізді оп-оңай жеңу үшін не бұрыс қалауларымыздан оп-оңай арылу үшін Ехоба күш берем десе, оған ештеңе тосқауыл бола алмайды. Онда ол неге жүгімізді жеңілдетпейді?

12 Ехоба бізге таңдау еркіндігін берген. Оған мойынсұнамыз ба, жоқ па — мұны шешуді Ехоба өзімізге қалдырған. Құдайға мойынсұнып, оның еркін орындауға мейлінше күш салсақ, оны қаншалықты жақсы көретінімізді әрі оған ұнамды болғымыз келетінін көрсетеміз. Сондай-ақ оның бүкіләлемдік билігін қолдайтынымызды паш етеміз. Шайтан Ехобаның билік етуге құқы бар екендігіне шек келтірген. Сондықтан Құдайдың билігін қолдау үшін өз еркімізбен аянбай күш салғанымызды сүйіспеншілікке толы Әкеміз ерекше бағалайды (Әйүп 2:3—5; Нақыл сөздер 27:11). Ехоба қандай да бір әлсіздіктерімізбен күресімізді жеңілдете салса, оған адал екенімізді және бүкіләлемдік билігін қолдайтынымызды дәлелдей алмас едік.

13 Сондықтан Ехоба өзіне ұнамды қасиеттерді дамытуымыз үшін бізге “барынша күш салуымыз” керектігін айтады (Петірдің 2-хаты 1:5—7 оқыңыз; Қолостықтарға 3:12). Ол сондай-ақ бізден бұрыс ойларымыз бен сезімдерімізді мейлінше қадағалауға тырысады деп күтеді (Римдіктерге 8:5; 12:9). Өз тарапымыздан барынша күш салып, өзгеріс жасай алған кезде, Киелі кітаптың әлі де өмірімізді өзгертіп жатқанын көріп, зор қанағат сезінеміз.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМІЗДІ ӘРІ ҚАРАЙ ДА ӨЗГЕРТЕ БЕРГЕЙ

14, 15. Құдайға ұнамды қасиеттерді дамыту үшін не істей аламыз? (“ Киелі кітап пен дұға олардың өмірін өзгертті” деген қоршауды қараңыз.)

14 Ехобаға ұнамды қасиеттерді дамыту үшін не істеуіміз керек? Қай жағынан өзгеруіміз керектігін өзіміз шешіп қоя салмай, Құдайдың басшылығына жүгінуіміз қажет. Римдіктерге 12:2-де: “Бұдан былай осы заманның өмір салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер. Сонда Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізе аласыңдар”,— делінген. Ехобаның еркін білу үшін біз оның беріп отырған шараларын қолдануымыз керек. Мысалы, Киелі кітапты күнделікті оқып, оқығандарымыз жайлы ой жүгіртуіміз қажет, сондай-ақ Ехобадан киелі рух беруін сұрап дұға еткеніміз абзал (Лұқа 11:13; Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сонда Ехоба бізге өзіне не ұнайтынын түсінуге көмектеседі және көзқарасымыз да онікіне ұқсас болады. Нәтижесінде, ойымыз да, сөзіміз де, ісіміз де Ехобаға әлдеқайда ұнамды бола түсіп, біз әлсіздіктерімізді қадағалауды үйренеміз. Бірақ соның өзінде де олармен күресе беру керек болады (Нақыл сөздер 4:23).

Арагідік оқып тұру үшін, әлсіздіктеріңізбен күресуге көмектесетін тармақтар мен мақалаларды жинап жүрсеңіз болады (15-абзацты қараңыз)

15 Киелі кітапты күнделікті оқумен қатар, оны “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” сияқты басылымдардың көмегімен зерттеуіміз керек. Бұл журналдардағы көптеген мақалалардан Ехобаның қасиеттеріне қалай еліктеуге болатынын және әлсіздіктерімізді қалай жеңе алатынымызды көреміз. Бәлкім, өзімізге әсіресе пайдалы болатын мақалаларды не тармақтарды табатын шығармыз. Арагідік қайталап оқып тұру үшін, сондай тармақтар мен мақалаларды жинап жүрсек болады.

16. Тез арада өзгеріс жасай алмай жатсақ, неге ұнжырғамыз түспеу керек?

16 Ехобаның қасиеттеріне еліктеуді үйрену үшін уақыт қажет. Өзіңіз қалағандай көп өзгеріс жасамағаныңызды байқасаңыз, шыдамдылық танытыңыз. Алғашында Киелі кітапта айтылғандарға сай әрекет етуге өзіңізді күштеу керек болатын шығар. Алайда Ехоба қалағандай ойлап, әрекет ете берсек, уақыт өте келе ол сияқты ойлап, дұрыс нәрсені істеу әлдеқайда оңай болады (Зәбүр 37:31; Нақыл сөздер 23:12; Ғалаттықтарға 5:16, 17).

КЕРЕМЕТ БОЛАШАҒЫМЫЗДЫ ЕСТЕ ҰСТАЙЫҚ

17. Ехобаға адал болсақ, болашағымыз қандай болмақ?

17 Егер Ехобаға адал болсақ, болашақта кемелділікке жетіп, оған мәңгілік бойы қызмет етеміз. Сол кезде әлсіздіктермен күресудің не екенін ұмытамыз, әрі Ехобаға еліктеу әлдеқайда оңай болады. Тіпті қазірдің өзінде біз төлем құрбандығының арқасында Ехобаға ғибадат ете аламыз. Өзгеруге әрі қарай да барынша тырысып, Киелі кітаптағы нұсқауларға мойынсұнсақ, кемелсіз болғанымызға қарамастан, Құдайға ұнамды бола аламыз.

18, 19. Киелі кітап өмірімізді әрі қарай да өзгерте алатынына неге сенімдіміз?

18 Мақаланың басында аталып өткен Кевин ашуын тізгіндеуді үйренді. Ол Киелі кітаптан оқығандары жайлы ой жүгіртіп, оларды өмірінде қолдануға мейлінше тырысты. Сондай-ақ бауырластардың берген кеңестеріне де құлақ асты. Біраз жылдың ішінде Кевин айтарлықтай өзгеріс жасай алды. Уақыт өте келе ол қызмет көмекшісі ретінде тағайындалды, ал соңғы 20 жыл бойы ақсақал болып қызмет етіп келеді. Бірақ ол өзінің әлсіздіктерімен күресуді доғармау керектігін де түсінеді.

19 Кевин сияқты, біз де болмысымызды Киелі кітаптың көмегімен әрі қарай да жақсарта аламыз. Сонда Ехоба Құдайымызға жақындай түсеміз (Зәбүр 25:14). Өзіне ұнамды болу үшін бар күшімізбен өзгеруге тырысып жатқанымызды көргенде, ол батасын береді. Осылай Киелі кітап өмірімізді әрі қарай да өзгерте алатынына көзіміз жете түседі (Зәбүр 34:8).

^ [1] (1-абзац) Есімі өзгертілген.