Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Неге “сергек болуымыз” керек?

Неге “сергек болуымыз” керек?

“Иелерің қай күні келетінін білмейсіңдер” (МАТАЙ 24:42).

ӘНДЕР: 136, 54

1. Уақытқа және айналамызда не болып жатқанына мән беру неге маңызды екенін мысалмен түсіндіріңіз. (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

КОНГРЕСС ТӨРАҒАСЫНЫҢ сахнаға шыққанын көргенде, орнымызға жайғасып, бағдарламаның алдында ойналатын әуенді тыңдайтын уақыт келіп жеткенін түсінеміз. Бұл — “Күзет мұнарасы” қоғамы оркестрі дайындаған сазды әуенді зейінмен тыңдап, санамыз бен жүрегімізді баяндамаларға даярлайтын уақыт. Алайда кейбіреулер бағдарламаның басталғанын аңғармай, ары-бері жүруі мүмкін, тағы біреулері достарымен әңгімелесіп тұратын шығар. Олар уақыттың қанша болғанына және айналада не болып жатқанына мән бермеген секілді: төраға сахнада тұр, әуен ойналып жатыр, тыңдаушылар орындарына жайғасып қойған. Бұл жағдайдан өзімізге маңызды сабақ аламыз, өйткені өте жақында бұдан да ұлы оқиға орын алмақ, біз соған дайын болғымыз келеді. Ол нендей оқиға?

2. Неге Иса шәкірттеріне “сергек болыңдар” деген?

2 Иса Мәсіх “осы заманның аяқталып қалған” кезі туралы айтқанда, шәкірттеріне: “Сақ болыңдар! Сергек болыңдар! Өйткені белгіленген уақытты білмейсіңдер”,— деді. Сосын артынан бірнеше рет: “Сергек болыңдар!”— деп шақырды (Матай 24:3; Марқа 13:32—37 оқыңыз). Матай кітабынан да Исаның шәкірттеріне осы ескертуді айтқаны көрінеді. Иса оларға: “Сергек болыңдар! Себебі Иелерің қай күні келетінін білмейсіңдер... Дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді”,— деді. Сосын қайталап: “Сергек болыңдар! Өйткені сендер сол күнді де, сағатты да білмейсіңдер”,— деп ескертті (Матай 24:42—44; 25:13).

3. Неге Исаның ескертуіне ден қоюымыз керек?

3 Біз, Ехоба куәгерлері, Исаның осы ескертуіне барынша ден қоямыз. Біздер “ақырғы уақытта” өмір сүріп жатырмыз, әрі “зор алапаттың” басталуына өте аз уақыт қалды! (Даниял 12:4; Матай 24:21). Бүгінде көптеген жерлерде соғыс, ауру, жер сілкінісі мен аштық кең етек алған. Сондай-ақ діни ағымдар көбейіп кеткен, қылмыс пен зорлық-зомбылық та барған сайын өршуде. Ал Ехобаның халқы бүкіл жер шары бойынша Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауда (Матай 24:7, 11, 12, 14; Лұқа 21:11). Біз Исаның келіп, Құдайдың ниетін жүзеге асыратын уақытын асыға күтудеміз (Марқа 13:26, 27).

СОЛ КҮН ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ!

4. а) Неге Иса Армагеддонның болатын уақытын қазір біледі дей аламыз? ә) Зор алапаттың қашан басталатынын білмесек те, не нәрсеге сенімдіміз?

4 Конгреске барғанда, біз бағдарламаның басталатын уақытын нақты білеміз. Алайда, қанша тырыссақ та, зор алапаттың басталатын күні не сағаты түгіл, жылын да біле алмаймыз. Жерде болған кезінде Иса: “Сол күн мен сағатты ешкім — көктегі періштелер де, Ұл да — білмейді, тек Әкем ғана біледі”,— деген (Матай 24:36). Әрине, Иса Армагеддон шайқасын жүргізетіндіктен, ол қазір сол күнді біледі деу қисынды (Аян 19:11—16). Ал бізге бұл күн беймәлім. Міне, сондықтан да сергек болғанымыз аса маңызды. Ехоба зор алапаттың нақты қашан басталатынын шешіп қойған, әрі күн санап сол уақыт жақындап келеді. “Ол еш кешікпейді!” (Абақұқ 2:1—3 оқыңыз). Бұған неге сенімді бола аламыз?

Ехоба зор алапаттың нақты қашан басталатынын шешіп қойған

5. Ехобаның пайғамбарлықтары әрдайым өз уақытында орындалатынына мысал келтіріңіз.

5 Ехобаның пайғамбарлықтары әрдайым өз уақытында орындалған! Мысалы, ол өз халқын Мысырдан азат еткен күнді еске алайықшы. Бұл оқиға б. з. б. 1513 жылдың 14 нисанында орын алды. Мұса бұл күн туралы кейінірек былай деп жазған: “430 жыл біткенде, дәл сол күні Ехобаның халқы лек-легімен Мысыр жерінен шықты” (Мұсаның 2-жазбасы 12:40—42). Б. з. б. 1943 жылдың 14 нисанында, яғни исраилдіктер азат етілерден 430 жыл бұрын, Ехобаның Ыбырайыммен жасасқан келісімі күшіне енген еді (Ғалаттықтарға 3:17, 18). Кейінірек Ехоба Ыбырайымға былай деді: “Мынаны біліп қой, сенің үрім-бұтағың бөтен елде жатжерліктер ретінде тұрып, сол жерде 400 жыл бойы құл болып, қасірет шегеді” (Мұсаның 1-жазбасы 15:13; Елшілердің істері 7:6). Бұл 400 жылдық қасірет б. з. б. 1913 жылы, яғни Ысмағұл Ысқаққа жәбір көрсете бастаған кезде басталып, исраилдіктер Мысырдан шыққан кезде аяқталды (Мұсаның 1-жазбасы 21:8—10; Ғалаттықтарға 4:22—29). Өзіміз көргендей, Ехоба төрт ғасыр бұрын өз халқын құтқаратын күнді нақты белгілеп қойған!

6. Ехоба өз халқын құтқаратынына неге сенімді бола аламыз?

6 Мысырдан азат етілгендердің арасында Ешуа да бар еді. Көптеген жылдан соң ол келесі жайтты күллі Исраилдің есіне салды: “Сендер Құдайларың Ехоба берген ізгі уәделердің ешқайсысы бекер болмағанын жақсы білесіңдер. Олардың бірде-бірі орындалмай қалған жоқ — бәрі де орындалды” (Ешуа 23:2, 14). Біз де Ехобаның өз халқын зор алапаттан аман алып қаламын деген уәдесін орындайтынына сенімді бола аламыз. Алайда осы дүние жойылғанда, аман қалғымыз келсе, сергектік сақтауымыз қажет.

АМАН ҚАЛУ ҮШІН СЕРГЕК БОЛАЙЫҚ

7, 8. а) Ежелде күзетшінің міндеті қандай болған және бұдан қандай сабақ аламыз? ә) Күзетшілер ұйықтап кетсе не болуы мүмкін екеніне мысал келтіріңіз.

7 Ежелгі замандағы қала күзетшілерінің мысалынан сергек болудың маңыздылығын көріп, өзімізге сабақ аламыз. Ол кезде Иерусалимді қоса алғанда, көптеген ірі қалалар жау кіріп кетпес үшін биік қабырғалармен қоршалған болатын. Күзетшілер осы қабырғалардың үстінде тұрып, айналаны түгел көре алған. Ал басқа күзетшілер қала қақпаларында тұрған. Олардың бәрі күні-түні сергек болулары қажет-тін. Егер жау келе жатқанын көрсе, олар дереу қала тұрғындарын ескертетін (Ишая 62:6). Ұйықтамай қырағы болып, айналада не болып жатқанын жіті бақылаудың өмір мен өлім мәселесі екенін күзетшілер жақсы түсінген (Езекиел 33:6).

8 Яһуди тарихшысы Иосифтің айтуынша, б. з. 70 жылы римдіктер Иерусалимнің қабырғасына қабыса орналасқан Антония бекінісін басып алған. Бұған қақпалардағы күзетшілердің ұйықтап кеткені себеп болған. Сол жерден римдік сарбаздар ғибадатханаға баса-көктеп кіріп, оны отқа ораған және Иерусалимнің қалған бөлігін жермен жексен еткен. Осылайша яһуди халқының басына түскен зор алапат соңына жетті.

9. Бүгінде адамдардың басым көпшілігі неден бейхабар?

9 Бүгінде мемлекеттердің басым көпшілігі өз шегараларын сарбаздар мен озық технологиялық бақылау жүйелері арқылы күзетеді. Бұл мемлекеттер ешкімнің де, еш нәрсенің де өз елдерінің тыныштығына қауіп төндірмеуін қадағалайды. Алайда олар адами үкіметтерден не адамдардан келетін қауіпті ғана көре алады. Ал көкте Мәсіх Иса басқарған әлдеқайда құдіретті үкіметтің бар екенінен мүлдем бейхабар. Көктегі осы үкімет жуырда жердегі мемлекеттердің бәріне қарсы соғысқа аттанады (Ишая 9:6, 7; 56:10; Даниял 2:44). Біз сол күнді тағатсыздана күтеміз әрі оған барынша әзір болғымыз келеді. Сондықтан Киелі кітаптағы пайғамбарлыққа ден қойып, Ехобаға адалдықпен қызмет ете береміз (Зәбүр 130:6).

АЛАҢДАМАЙЫҚ

10, 11. а) Неден сақ болуымыз керек және неге? ә) Киелі кітап пайғамбарлықтарын елемеу үшін, Ібіліс адамдардың санасын соқыр етіп қойғанына сіздің көзіңізді не жеткізеді?

10 Түнімен ұйықтамай, сергек тұрған күзетшіні көз алдымызға елестетіп көрейікші. Күзетінің соңына таман қатты шаршайтындықтан, оған ақырғы сағаттарда қырағы болу қиындай түседі. Тап солай, бізге де осы дүниенің соңы таяған сайын, қырағылық сақтау әлдеқайда қиындайды. Осындай шақта сергектігімізді жоғалтып алсақ, өте өкінішті болар еді! Ал қазір сергек те қырағы жүруімізге кедергі жасайтын үш жайтты қарастырайық.

11 Ібіліс адамдарды алдап, рухани маужыратуда. Иса өлер алдында, Ібіліс “осы дүниенің билеушісі” екенін айтып, шәкірттерін үш рет ескерткен (Жохан 12:31; 14:30; 16:11). Ібіліс адамдарды алдау үшін жалған дінді қолданып келеді. Бүгінде көпшіліктің осы дүниенің соңы өте жақын екенін анық көрсететін Киелі кітап пайғамбарлықтарын елемеуі де осыдан (Софония 1:14). Расында да, Шайтан сенбейтіндердің “саналарын соқыр қылып қойған” (Қорынттықтарға 2-хат 4:3—6). Сондықтан жұртқа бұл дүниенің соңы келіп қалғанын және Мәсіхтің қазір билік етіп жатқанын айтқанымызда, көбісі тыңдағысы келмейді. Олар жиі: “Бұл мені қызықтырмайды”,— деп, немқұрайдылық танытып жатады.

12. Неге Ібіліске алданып қалмауымыз қажет?

12 Өзгелердің немқұрайдылығы жігерімізді құм қылып, сергек болудан айнытып жүрмеуі керек. Өйткені не себепті сергек болуымыз керектігін біз жақсы түсінеміз. Пауыл бауырластарға: “Ехобаның күні тап ұрының түнде түсетіні сияқты келетінін өздерің де жақсы білесіңдер”,— деген (Салоникалықтарға 1-хат 5:1—6 оқыңыз). Иса да бізді: “Дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді”,— деп ескерткен (Лұқа 12:39, 40). Жақында Шайтан жұртты дүниеде “бейбітшілік пен қауіпсіздік” бар дегенге иландырып, адастырады. Ехобаның күні аяқастынан келіп қалғанда, олар төбелеріне жай түскендей болады. Ал біз өзгелер сияқты алданып қалмай, сол күнге дайын тұру үшін, “ояу әрі қырағы жүруге” тиіспіз. Сол үшін де біз Құдай Сөзін күнде оқып, Ехобаның айтып жатқандары туралы ой жүгіртуіміз қажет.

13. Осы дүниенің рухы адамзатқа қалай ықпал етуде және сол қауіпті ықпалдан біз қалай сақтана аламыз?

13 Осы дүниенің рухы адамдарды рухани ұйқыға батыруда. Адамдардың көбісі күйбең тірлікке байланып қалғаны сонша — Құдайды танып-білгісі келмейді (Матай 5:3). Мұның орнына, бар уақыттары мен күштерін бес күндік жалғанның үлдесі мен бүлдесіне сарп етеді (Жоханның 1-хаты 2:16). Оның үстіне, небір ойын-сауық түрлері адамдарды ләззат-ермектің буына мас қылып, есеңгіретуде, азғырулар да жылдан жылға өршуде (Тімөтеге 2-хат 3:4). Бұлар жұртты әлдеқайда маңызды нәрседен алаңдатып, Құдаймен қарым-қатынасы жайлы ойлануға мұрша бермейді. Сондықтан да Пауыл мәсіхшілерге тәннің құмарлығын қанағаттандырудың жолын ойластырмай, “ұйқыдан оянулары” керектігін айтқан (Римдіктерге 13:11—14).

Біз ой-санамызға осы дүниенің емес, Құдай рухының ықпал еткенін қалаймыз

14. Лұқа 21:34, 35-те қандай ескерту жазылған?

14 Біз ой-санамызға осы дүниенің емес, Құдай рухының ықпал еткенін қалаймыз. Бүгінде Ехоба өз рухы арқылы алда болатын оқиғаларды анық түсінуге көмектесіп отыр (Қорынттықтарға 1-хат 2:12) [1]. (15-беттегі сілтемені қараңыз.) Бірақ біз бәрібір сақ болуымыз қажет. Өйткені күнделікті тұрмыс қамының өзі рухани істерден алаңдатып жіберуі мүмкін (Лұқа 21:34, 35 оқыңыз). Оның үстіне, соңғы күндерде өмір сүріп жатқанымызға сенгеніміз үшін бізді ақымақ көретіндер де бар (Петірдің 2-хаты 3:3—7). Бірақ бұл жайттар көңілімізді түсіріп жүрмесін. Бізде осы дүниенің соңы таяп қалғанына айқын дәлелдер бар. Құдайдың рухы ықпал етсін десек, бауырластарымызбен бірге қауым кездесулерінде бас қосып тұруымыз керек.

“Сергек болу” үшін қолыңыздан келгенді істеп жүрсіз бе? (11—16 абзацтарды қараңыз)

15. Петір, Жақып, Жоханмен не болды және қалайша біз де сондай жағдайға тап болуымыз мүмкін?

15 Тән әлсіздігі сергек болуымызды қиындатады. Кемелсіз адамдар тәннің әлсіздігіне бой алдырып қоюы мүмкін екенін Иса түсінген. Ол өлімге кесілер алдындағы түні қандай жағдай болғанын көрейік. Иса мінсіздігін сақтау үшін, кемелді болса да, Әкесінің көмегіне жүгінуі керектігін білген. Өзі дұға етіп жатқанда, ол елшілері Петір, Жақып пен Жоханнан ұйықтамай, сергек болуды өтінген. Бірақ мұның қаншалықты маңызды екенін елшілер түсінген жоқ. Олар қатты қажығандықтан ұйықтап кетті. Иса да шаршаған болатын, бірақ ол сергек болып, Әкесіне дұға ете берді. Шәкірттері де тап осылай істеулері керек-тін (Марқа 14:32—41).

16. Лұқа 21:36-ға сай, Иса бізге “сергек болу” үшін не істеуді айтқан?

16 Рухани жағынан “сергек болу” үшін дұрыс нәрсені істеуге ниеттену жеткіліксіз. Гетсимани бағында болған осы жағдайдан бірнеше күн бұрын, Иса дәл сол шәкірттеріне Ехобаға ұдайы жалбарынып дұға етулері керектігін айтқан еді (Лұқа 21:36 оқыңыз). Демек, рухани сергек болу үшін біз де Ехобаға ұдайы дұға етуіміз қажет (Петірдің 1-хаты 4:7).

ӘРДАЙЫМ СЕРГЕК ЖҮРЕЙІК

17. Жақында болатын оқиғаға қалай дайын бола аламыз?

17 Иса бұл дүниенің соңы “өзіміз ойламаған сағатта” келетінін айтқан (Матай 24:44). Сондықтан бізге әрдайым дайын жүру керек. Қазір рухани қалғып-мүлгитін, я болмаса Шайтан мен оның дүниесі ұсынып жатқан әрі тәніміз құмартатын арман-қиялдың соңына түсетін уақыт емес. Ехоба мен Иса Киелі кітап беттері арқылы бізді алда не күтіп тұрғанын және қалай сергек жүре алатынымызды айтады. Ендеше, Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға, олардың қалай орындалып жатқанына назар аударайық. Сондай-ақ Ехобамен қарым-қатынасымызға мән беріп, өмірімізде оның Патшалығын басты орынға қоялық. Сонда осы дүниенің соңы келгенде, сақадай сай боламыз (Аян 22:20). Біздің аман қалу-қалмауымыз осыған байланысты!

^ [1] (14-абзац) “Құдай Патшалығы билік етуде!” (ор.) кітабының 21-тарауын қараңыз.