Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жастар, сенімдеріңді нығайтыңдар!

Жастар, сенімдеріңді нығайтыңдар!

“Сенім дегеніміз... көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін көру” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 11:1).

ӘНДЕР: 41, 69

1, 2. Бүгінде жастарға қандай қысым жасалады және оған төтеп беру үшін олар не істеу керек?

БРИТАНИЯДА тұратын бір қыз бауырласқа сыныптасы: “Сендей ақылды қыздың Құдайға сенгені қызық екен”,— деді. Ал Германиядағы бір ер бауырлас былай деп жазды: “Мұғалімдерім Киелі кітаптағы жаратылыс туралы оқиғаны аңыз деп есептейді. Ал оқушылардың эволюцияға сенгенін кәдімгі жайт деп қарастырады”. Францияда тұратын жас қыз бауырлас болса: “Мектебімдегі мұғалімдер Киелі кітапқа әлі де сенетін оқушылар бар екеніне қайран қалады”,— деді.

2 Ехобаның жас қызметшісі болсаң не ол туралы біліп жатсаң, саған Жаратушыға емес, эволюция сияқты кең тараған ілімдерге сенуге қысым жасалатын шығар. Мұндай жағдайда сеніміңді нығайтып, берік сақтау үшін біраз қадамдар жасай аласың. Соның бірі — ойлау қабілетіңді қолдану, өйткені “саналылық сені аман сақтайды”. Ол сеніміңді күйрететін осы дүниелік жалған ілімдерден қорғайды (Нақыл сөздер 2:10—12 оқыңыз).

3. Осы мақалада не нәрсеге тоқталамыз?

3 Құдайға деген сеніміміз берік болу үшін біз ол жайлы тура білім алуымыз қажет (Тімөтеге 1-хат 2:4). Сондықтан Киелі кітапты және әдебиеттерімізді үстіртін оқи салма. Тоқтап, оқығаныңның “мәнін ұғуға” тырыс (Матай 13:23). Осылай терең зерттесең, Құдайдың Жаратушы екеніне және Киелі кітап оның Сөзі екеніне көп дәлел табасың (Еврейлерге 11:1). Қазір осыған тоқталып өтейік.

СЕНІМІҢДІ ҚАЛАЙ НЫҒАЙТА АЛАСЫҢ?

4. Эволюцияға сену мен Жаратушыға сенудің ұқсастығы неде және бәрімізге де не істеу қажет?

4 Бәлкім, біреу саған: “Ғылымға негізделгендіктен мен эволюцияға сенемін. Ал Құдайды ешкім көрген жоқ қой, оған қалай сенуге болады?”— дейтін шығар. Көбісі осылай ойлайды. Рас, Құдайды да, тіршіліктің қалай жаратылғанын да ешқайсысымыз өз көзімізбен көрген жоқпыз (Жохан 1:18). Бірақ эволюцияға сенетіндер ше? Олар да өздері көрмеген нәрсеге сенеді ғой. Ешбір ғалым, ешбір адам бір түрдің басқа бір түрге айналып кеткеніне куә болған емес. Мысалы, бауырымен жорғалаушыдан сүтқоректінің шыққанын көрген жан бар ма? (Әйүп 38:1, 4). Ендеше, бәріміз де айғақтарды мұқият қарастырып, жақсылап ойлануымыз керек. Сосын қандай да бір қисынды тұжырымға келуіміз қажет. Мәселен, көп адам табиғатқа көз тастап, Құдайдың бар екенін түсінген. Бұған қатысты елші Пауыл былай деген: “[Құдайдың] көзге көрінбейтін қасиеттері — мәңгілік күші мен құдайлық болмысы — дүние жаратылғаннан бері айқын. Бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады, сондықтан олар Құдайды біле алмадық деп еш ақтала алмайды” (Римдіктерге 1:20).

Өз нанымдарыңды түсіндіре алу үшін ізденіс құралдарын тиімді қолдан (5-абзацты қара)

5. Жаратылыс жайында көбірек білуге қандай құралдар көмектеседі?

5 Киелі кітапта: “Сеніміміз болғандықтан біз Құдай сөзімен әлемнің жаратылғанын түсінеміз”,— делінген (Еврейлерге 11:3). Мұндағы “түсіну” деген сөз көзге бірден көрінбейтін не білінбейтін нәрсені аңғара білуді білдіреді. Сондықтан да түсінігі бар адамдар көргені мен естігеніне ғана емес, ой-санасына да жүгінеді. Бұл орайда Ехобаның ұйымы бізді жан-жақты зерттелген көптеген құралдармен қамтамасыз етіп отыр. Солардың көмегімен сенім көзі арқылы Жаратушымызды “көре” аламыз (Еврейлерге 11:27). Мұндай құралдарға “Ғажайып жаратылыстар Құдайдың даңқын паш етеді” (ор.) деген бейнефильм, “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?”, “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” деген кітапшалар, сондай-ақ “Қамқор Жаратушы бар ма?” (ор.) деген кітап жатады. Сондай-ақ “Ояныңдар!” журналында жиі ғалымдар мен басқа адамдардың неге Құдайға сене бастағаны жайлы сұхбаттары жарық көріп тұрады. “Жаратылыс ғажайыптары” деген айдар да тіршілік иелерінің керемет түрде құрастырылғанына және қалай ғалымдар солардың көшірмесін жасауға тырысып бағатынына назар аударады.

6. Қолда бар құралдардың сен үшін қандай пайдасы бар?

6 Құрама Штаттарда тұратын 19 жастағы ер бауырлас жоғарыда аталған екі кітапша жайлы: “Бұлар мен үшін баға жетпес дүние болды. Осы екі кітапшаны жүз рет оқып шыққан шығармын”,— деді. Ал Франциядағы бір қыз бауырлас былай деп жазды: “Жаратылыс ғажайыптары” деген айдарды оқып, таң-тамаша боламын! Тіпті ең мықты деген инженерлер табиғаттағы құрылысы күрделі жаратылыстарды ұқсатып баққанмен, оларды ешқашан дәлме-дәл қайталай алмайды”. Оңтүстік Африкада тұратын 15 жасар қыздың ата-анасы: “Қызымыз “Ояныңдар!” журналындағы “Сұхбат” деген айдарды оқуға құмар”,— деп бөлісті. Бұл басылымдар саған да Жаратушының бар екенінің дәлелін көруге көмектеседі. Сондай-ақ сеніміңді тамыры тереңге жайылған ағаштай етеді. Сонда жалған ілімдердің “дауылы” соққанда, еш шайқалмайсың (Еремия 17:5—8).

КИЕЛІ КІТАПҚА ДЕГЕН СЕНІМІҢДІ НЫҒАЙТ

7. Неге Құдай “ақыл-ойыңды іске қосқаныңды” қалайды?

7 “Киелі кітапта айтылғандарға неге сенуім керек?” деген сияқты сұрақтарды қойғанда тұрған ештеңе жоқ. Ехоба бір нәрсеге өзгелер сенеді екен деп сене салғаныңды қаламайды. Қайта, “ақыл-ойыңды іске қосып”, шындыққа өзің көз жеткізсең екен дейді. Киелі кітаптан тура білім алған сайын, сенімің де күшейе түседі (Римдіктерге 12:1, 2; Тімөтеге 1-хат 2:4 оқыңыз). Киелі кітапты жақсы білудің бір жолы — өзің көбірек білгің келетін нақты тақырыптарды зерттеу.

8, 9. а) Кейбіреулерге қандай тақырыптарды зерттеген ұнайды? ә) Кейбір бауырластар оқығаны жайлы ойланудың қандай пайдасын көрген?

8 Кейбіреулерге Киелі кітап пайғамбарлықтарын зерттеу ұнайды. Тағы біреулер Киелі кітаптың тарихи, ғылыми я археологиялық тұрғыдан туралығын білгісі келеді. Мысалы, Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлықты алайық. Бұл тармақта Киелі кітаптың басты тақырыбы, яғни Патшалық арқылы Құдайдың бүкіләлемдік билігінің ақталуы мен есімінің қастерленуі жайлы айтылған. Бейнелі тілмен жазылған осы бір тармақ Ехобаның адамзатты қайғы-қасіреттен қалай арылтатынын түсінуге көмектеседі. Мұсаның 1-жазбасы 3:15-ті қалай зерттесең болады? Осы пайғамбарлықтың қалай орындалатынын бірте-бірте аша түскен басқа тармақтардың тізімін жасап көр. Сонан соң сол тармақтардың қашан жазылғанын анықтап, уақыт тізбегіне ретімен жазып шық. Сонда Киелі кітапты жазған кісілер әртүрлі уақытта өмір сүрсе де, әрқайсысы осы пайғамбарлықты қалай айқындай түскенін байқайсың. Тармақтардың осындай үйлесімділігін көргенде, Киелі кітап жазушыларына “Құдайдың киелі рухы қозғау салғанына” көзің жетеді (Петірдің 2-хаты 1:21).

9 Германиядағы ер бауырлас әр кітаптың қалайша Патшалық тақырыбының қыр-сырын ашатыны жайында ойланған. Ол былай дейді: “Киелі кітапты әртүрлі заманда өмір сүрген әрі бір-бірін танымаған 40 адам жазса да, онда бір ғана тақырып өрбиді”. Ал Австралияда тұратын қыз бауырлас “Күзет мұнарасынан” бір мақаланы зерттегенде, Құтқарылу мейрамының Мұсаның 1-жазбасы 3:15-пен және Мәсіхпен қандай байланысы бар екенін көрген [1] (25-беттегі сілтемені қара). “Сол мақаланы зерттеген соң, көзім ашылып, Ехобаның қандай ғажап Құдай екенін түсіндім. Біреудің исраилдіктер үшін осындай шара жасап, оның Исада орындалуын ойластырғанын білгенде, қайран қалдым. Мен кәдімгідей тоқтап, пайғамбарлық мәні бар сол Құтқарылу мейрамы асының қандай керемет болғаны жайлы ой жүгірттім”,— деп жазды ол. Бұл бауырлас неге мұндай ойға келді? Өйткені ол оқығаны жайлы терең ойланып, оның “мәнін ұқты”. Бұдан сенімі нығайып, Ехобаға жақындай түсті (Матай 13:23).

10. Киелі кітап жазушыларының шыншылдығы қалай Киелі кітапқа деген сенімімізді нығайтады?

10 Киелі кітапты жазған адамдардың шыншылдығы да атап өтерлік жайт. Олар еш қорықпастан әрдайым шындықты жазған. О заманда жазушылар өз ел-жұрты мен патшаларын жер-көкке сыйғызбай мақтап жазатын болған. Бірақ Ехобаның пайғамбарлары өз халқының да, патшаларының да кемшіліктерін бүкпесіз ашық жазған (Шежірелер 2-жазба 16:9, 10; 24:18—22). Олар тіпті өздерінің де, Құдайдың басқа қызметшілерінің де ағаттықтарын жасырмаған (Самуилдің 2-жазбасы 12:1—14; Марқа 14:50). “Мұндай шыншылдықты өте сирек кездестіресің,— дейді Британиядағы бір жас ер бауырлас.— Бұл Киелі кітаптың Ехобадан екеніне сендіре түседі”.

11. Киелі кітап принциптері қалай Киелі кітаптың Құдайдан екеніне көзімізді жеткізеді?

11 Дұрыс жолға нұсқайтын Киелі кітап принциптерін өмірде қолданғанда, көбісінің Киелі кітап Құдайдан екеніне көздері жетеді (Зәбүр 19:7—11 оқыңыз). Жапониядағы жас қыз бауырлас былай деді: “Отбасымыз Киелі кітап ілімдеріне сай өмір сүре бастағанда, өзімізді шынымен бақытты сезіндік. Арамызда тыныштық, ынтымақ пен сүйіспеншілік орнады”. Киелі кітап көп адамға жалған ғибадаттан арылып, ырымшылдықтың құлдығынан босауға көмектескен (Зәбүр 115:3—8). Ол адамдарды Құдіреті шексіз Ехобаға арқа сүйеуге шақырады, әрі онда жарқын болашаққа қатысты уәделер жазылған. Ал Құдай жоқ дейтін адамдар, сайып келгенде, табиғатты құдай деп біледі. Тағы біреулер жарқын болашақ адамзаттың өз қолында дейді, бірақ осы күнге дейін істегендеріне қарасақ, әлемдегі қиыншылықтарды әлі де шеше алар емес (Зәбүр 146:3, 4).

АДАМДАРМЕН ОЙ ТҮЗ

12, 13. Өзгелермен жаратылыс не Киелі кітап туралы сөйлескенде, не айтуға болады?

12 Әлдекіммен жаратылыс не Киелі кітап туралы сөйлескенде, алдымен олардың шын мәнінде неге сенетінін біліп ал. Мына жайтты ұмытпа: эволюцияға сенемін дейтіндердің кейбірі Құдайдың бар екенін де мойындауы мүмкін. Олардың ойынша, Құдай тіршілік атаулыны эволюция арқылы жаратқан. Тағы біреулердің эволюцияға сенуінің себебі — олар бұл шындық болмаса, мектепте оқытпас еді ғой деп ойлайды. Өзгелері болса діннен көңілі қалғандықтан Құдайға сенбей кеткен. Сол үшін алдымен адамнан не нәрсеге және неліктен сенетінін сұрап ал. Содан кейін не айтатынын мұқият тыңда. Сонда ол да сенің сөзіңе құлақ қоюы әбден мүмкін (Титке 3:2).

13 Біреу сенің Жаратушыға сенетініңді ақымақтық деп айтса, не істегенің жөн? Онда сол адамның өзінен тіршіліктің қалай пайда болғаны жайында ілтипатпен сұрап көр. Егер эволюция жолымен болса, онда алғашқы жасуша әрі қарай жалғасын табу үшін оның көбейетін, яғни өз көшірмесін жасай алатын, қабілеті болу керектігін айтып өтсең болады. Негізі, бір профессор-химиктің айтуынша, басқа нәрселермен қатар, жасушаға 1) оны қаптап тұратын қорғаныш жарғақшасы, 2) энергия алу мен оны жұмсау қабілеті, 3) генетикалық ақпараты (ДНҚ) және 4) сол ақпараттың көшірмесін жасай білу қабілеті қажет болар еді. Артынан профессор: “Тіпті ең қарапайым деген тірі ағзаның қаншалықты күрделі екенін көргенде, аң-таң боласың!”— деді.

14. Жаратылыс туралы ой түзгенде, қандай қарапайым мысал келтіруіңе болады?

14 Жаратылыс жайлы сөз еткенде, елші Пауыл сияқты қарапайым жолмен ой түзіп, оның қолданған мысалын келтіріп көр. Ол: “Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің Жаратушысы — Құдай”,— деген (Еврейлерге 3:4). Әрине, үйді біреу жобасын жасап, соғады. Олай болса, үйге қарағанда әлдеқайда күрделі тірі ағзаларды да біреу құрастырып, жасап шығарды деу қисынды емес пе?! Бұл ретте әдебиеттерімізді қолдансаң да болады. Бір әйел бауырлас Құдайға сенбейтін бір жас жігітпен сөйлесіп, оған жоғарыда айтылып кеткен екі кітапшаны береді. Арада бір аптадай уақыт өткен соң, әлгі жігіт бауырласқа: “Енді мен Құдайға сенемін”,— дейді. Содан ол Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды, ал қазір біздің бауырласымыз.

15, 16. Киелі кітаптың Құдайдан екенін түсіндірмес бұрын, не істеуіміз керек және нені ұмытпағанымыз жөн?

15 Ал Киелі кітапқа күмәнданатын адаммен қалай ой түзе аласың? Алдында айтып кеткеніміздей, оның неге сенетінін сұрап ал. Сондай-ақ оны не қызықтыратынын білуге тырыс (Нақыл сөздер 18:13). Егер ол ғылымға қызықса, Киелі кітаптың ғылыми тұрғыдан тура екенін көрсететін мысалдарды келтір. Ал тарихты ұнатса, тарих кітаптарынан қандай да бір оқиғаны айт та, сосын оның Киелі кітапта орындалмай тұрып көп жыл бұрын айтылып кеткенін көрсет. Ал өзге біреулерге өмірлерін жақсартуға көмектесетін Киелі кітаптағы принциптерді, мысалы Исаның Таудағы уағызындағы ақыл-кеңестерді, көрсетсең болады.

16 Біздің мақсатымыз адамдармен сөз таластыру емес, жүректеріне жол табу екенін ұмытпа. Сондықтан ілтипатпен сұрақтар қойып, мұқият тыңдай біл. Біреуге өз нанымдарыңды айтқанда, инабатты бол, әсіресе үлкендермен сөйлескенде. Өзгелерге сый-құрмет көрсетсең, олар да сенің көзқарасыңды сыйлайды. Жап-жас болсаң да нанымдарыңды жақсылап ой елегінен өткізгеніңді көргенде, олар таңғалар. Өйткені көп жастар әдетте бұлай ете бермейді. Әрине, егер біреу сенімен құр дауласқысы не сені мазақ еткісі келсе, оған жауап беруге міндетті емессің (Нақыл сөздер 26:4).

ШЫНДЫҚТЫ ТЕРЕҢ ҚАЗЫП, СЕНІМІҢДІ БЕРІК ЕТ

17, 18. а) Киелі кітапқа деген сеніміңді нығайту үшін не істеуің керек? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?

17 Біз, сірә, Киелі кітаптағы негізгі ілімдерді білетін шығармыз. Бірақ берік сенім болу үшін бұл жеткіліксіз. Сондықтан Құдай Сөзіндегі шындықтарды жасырулы қазынадай тереңінен қазып, іздеп табуымыз керек (Нақыл сөздер 2:3—6). Сенімді нығайтудың жақсы бір жолы — Киелі кітапты түгел оқып шығу. Бәлкім, оны бір жылда оқып шығуға тырысып көрерсің. Осылай еткені бір аудандық бақылаушыға жас кезінде Ехобаға жақындай түсуге көмектескен. Ол былай дейді: “Киелі кітап Құдайдың Сөзі екеніне көзімді жеткізуге көмектескен бір жайт — оны бастан-аяқ оқып шыққаным. Сонда бала кезімде естіген Киелі кітап әңгімелерім зор мәнге ие болды. Бұл менің рухани өсуіме жаңа серпін берді”. Оқығандарыңды түсіну үшін өзіңе түсінікті тілдегі ізденіс құралдарын да пайдалан. Мысалы, DVD-дискідегі “Күзет мұнарасының кітапханасын”, “Күзет мұнарасының онлайн кітапханасын”, “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” мен “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралын” қолдансаң болады.

18 Ата-аналар, балаларыңыздың рухани өсуіне сіздерден артық ешкім көмектесе алмайды. Олардың сенімін нығайту үшін не істей аласыздар? Келесі мақалада осы тақырып өрбиді.