Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Күн сайын бір-біріңді жігерлендіріп отырыңдар”

“Күн сайын бір-біріңді жігерлендіріп отырыңдар”

“Жігер беретін сөздерің болса, айтыңдар” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 13:15).

ӘНДЕР: 121, 45

1, 2. Өзгелерді жігерлендіру неліктен маңызды?

ОН СЕГІЗ жасар Мерей мұңын шағып, былай деді: “Әке-шешемнен жылы сөз естуім қиын, олар маған мін тағады да отырады. Айтқан сөздері жаныма қатты батады. Олар маған “түк есеймегенсің, саған ешқашан ақыл кірмейді” дейді, толықтығымды да айта береді. Сондықтан мен жиі жылап қаламын, оларға сөйлегім келмей кетеді. Мен өзімді сондай түкке тұрғысыз сезінемін” [1] (8-беттегі сілтемені қараңыз). Расында да, дем берер ешкім болмаса, өміріміз сөнген көмір болады!

2 Ал жігерлі сөз, керісінше, жанды жадыратады. Азамат былай дейді: “Мен жылдар бойы өзімді түкке тұрғысыз сезінумен күресіп келемін. Бірде ақсақалмен уағызға шыққанымда, ол көңіл-күйім жоқ екенін байқап қойды. Оған ішімдегіні ақтарып салғанда, түсінушілікпен тыңдады. Сосын қандай жақсы жетістіктер жасап жатқаныма көңіл аударды. Сондай-ақ Иса айтқандай, әрқайсысымыз көп торғайдан әлдеқайда қымбат екенімізді есіме салды. Мен сол тармақты жиі ойыма аламын, бұл тармақ жаныма әлі де жылу береді. Ақсақалдың сол бір сөздері өміріме қатты әсер етті” (Матай 10:31).

3. а) Өзгелерді жігерлендіруге қатысты елші Пауыл не деген? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды талқылаймыз?

3 Киелі кітап бізді өзгелерге талмай жігер беріп отыруға шақырады. Елші Пауыл еврей мәсіхшілерге былай деп жазған: “Бауырластар, сақ болыңдар! Ешқайсысың да тірі Құдайдан алыстап, жүректерің зұлым әрі сенімнен ада болып жүрмесін... ешқайсысың күнәға азғырылып, жүректерің қасарысып кетпеу үшін, күн сайын бір-біріңді жігерлендіріп отырыңдар” (Еврейлерге 3:12, 13). Әлдебіреу келіп жігерлендіріп кеткенде, бір марқайып қалғанымыз есімізде шығар. Ендеше, бауырластарымызды жігерлендіру неліктен маңызды? Өзгелерді жігерлендіруді Ехобадан, Иса мен Пауылдан қалай үйрене аламыз? Өзгелерді жігерлендірудің кей жолдары қандай? Қазір осы сұрақтардың басын ашайық.

БӘРІМІЗ ДЕ ЖІГЕРГЕ МҰҚТАЖБЫЗ

4. Кімдер жігерге мұқтаж және неге бүгінде адамдар өзгелерді жігерлендіруге жоқ?

4 “Жақсы сөз жанға қуат береді” демекші, барлығымыз да жігерлі сөздерді қажет етеміз. Әсіресе ата-аналар балаларын қолдап-қолпаштап отыруы керек. Бір оқытушы балалар жайлы: “Өсімдікке су қалай қажет болса, балаға да жігер солай қажет. Дем беріп отырса, бала өзін керекті әрі бағалы сезінеді”,— деген. Бірақ біз “соңғы күндері” өмір сүріп жатқандықтан, адамдардың көбісі өзімшіл әрі “бауырмалдықтан жұрдай” болып кеткен (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Кейбір ата-аналар балаларын мақтауға келгенде сараңдық танытады, өйткені өздері ата-аналарынан жылы сөз естіп өспеген. Ересектер де жігерге мұқтаж, бірақ жиі оларды ешкім жігерлендірмейді. Мәселен, көбісі жұмыстарында еңбектері үшін ешқашан мақтау сөз естімейтініне налып жатады.

5. Басқаларды қалай жігерлендіре аламыз?

5 Әлдекімді қандай да бір игі ісі үшін мақтау арқылы жігерлендіре аламыз. Сонымен қатар жақсы қасиеттерін айтуымызбен яки көңілі жабыққанда жұбатуымызбен де өзгені қайраттандыра аламыз (Салоникалықтарға 1-хат 5:14). Біз үнемі бауырластарымыздың ортасында жүретіндіктен, бойға қанат бітіретін сөздер айтуға мүмкіндігіміз көп (Уағыздаушы 4:9, 10 оқыңыз). Сондықтан былай деп ойланып көрсеңіз болады: “Басқаларға оларды не үшін бағалайтынымды, не үшін жақсы көретінімді айтамын ба? Мұны орайы келген кездің бәрінде істеймін бе?” Киелі кітаптағы: “Уақытында айтылған сөз қандай жақсы!”— деген сөздерді есте ұстаңыз (Нақыл сөздер 15:23).

6. Шайтан неге Құдай халқының сағын сындырғысы келеді? Мысал келтіріңіз.

6 Шайтан Ібіліс салымызды суға кетіргісі келеді, өйткені сол кезде рухани әлсіреп қалатынымызды жақсы біледі. “Қиын шақта сағың сынса, Күш-жігерің таусылар”,— делінген Нақыл сөздер 24:10-да. Әйүптің жігерін құм қылу үшін, Шайтан оның басына қара бұлт үйірді. Бірақ оның зымиян жоспары іске аспады, себебі Әйүп Ехобаға деген мінсіздігінен таймады (Әйүп 2:3; 22:3; 27:5). Біз де Шайтанның қастық әрекетіне тойтарыс бере аламыз. Бұл үшін отбасымыздағыларды және қауымдағыларды жігерлендіріп жүруіміз керек. Сонда бір-бірімізге Ехобаға жақын болып қалуға және қуаныш сақтауға көмектесеміз.

ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒАЛАР

7, 8. а) Ехоба қалай адамдарды жігерлендірген? ә) Ата-аналар қалайша Ехобаға еліктей алады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

7 Ехоба адамдарды жігерлендіріп отырады. Зәбүр жыршысы: “Жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұрады, Сағы сынғандарды құтқарады”,— деп жазған (Зәбүр 34:18). Мысалы, Еремия пайғамбар қорқып, жігері жасыған кезде, Ехоба оның бойына сенімділік ұялатқан (Еремия 1:6—10). Ол сондай-ақ қарт пайғамбар Даниялды демеу үшін өз періштесін жіберді. Періште оны “аса бағалы жан” деп атады (Даниял 10:8, 11, 18, 19). Сіз де қауымдағы жариялаушыларға, ізашарлар мен әл-дәрмені қашқан қарт бауырластарға жігер бере аласыз ба?

8 Ехоба асыл Ұлымен көкте ғасырлар бойы бірге болса да, жер бетіне келгенде оның әлі де жігерді қажет ететінін білген. Иса қызметінің басында және соңғы жылында көктен Әкесінің даусын естіді. Екі жағдайда да Ехоба: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!”— деген сөздерді айтқан (Матай 3:17; 17:5). Әкесінің өзін жақсы көретінін әрі мақтан тұтатынын естігенде, Исаның жігері тасығаны шүбәсіз. Ал кейінірек, өлер алдындағы түні жан азабына түскенде, Ехоба періштесін жіберіп, оны нығайтып, қайраттандырды (Лұқа 22:43). Ата-аналар, Ехобаға еліктеп, балаларыңызға үнемі дем беріп отырыңыздар. Жақсы істері үшін арқаларынан қағып, мақтап қойыңыздар. Мектепте сынақтарға кезіккенде, табанды болулары үшін барынша демеңіздер.

9. Исаның өз елшілеріне қалай қарағанынан не нәрсеге үйренеміз?

9 Иса да біз үшін ерен үлгі қалдырды. Еске алу кешін енгізген түні ол елшілерінің аяғын жуып, кішіпейіл болудың қаншалықты маңызды екенін айтты. Бірақ өркөкіректікке бой алдырған олар араларындағы ең ұлысы кім екені жайлы айтыса кетті. Ал Петір болса өз-өзіне тым сенімді болып, Исадан ешқашан танбайтынын айтты (Лұқа 22:24, 33, 34). Алайда Иса олардың кемшіліктеріне қадалып қалмай, қайта, сын сағаттарда өзімен бірге болғаны үшін мақтады. Сондай-ақ өзі жасаған істерден де зор істер жасайтындарын уәде етті және Ехобаның оларды жақсы көретініне сендірді (Лұқа 22:28; Жохан 14:12; 16:27). Біз де “Мен Исаны үлгі тұтып, өзгелердің кем-кетігіне қадалып қалмастан, оларды жақсы қасиеттері үшін мақтап-қолпаштаймын ба?” деп ойланып көрсек болады.

10, 11. Пауыл бауырластарды қалай жігерлендірді және ол не істеуге дайын болды?

10 Елші Пауыл бір сенімдегі бауырластары жайлы жиі жағымды сөздер айтқан. Кейбірімен талай жыл бірге сапар шеккен Пауыл олардың әлсіз тұстарын жақсы білсе де, бұл туралы жазбаған. Қайта, оларды мақтап сөйлеген. Мәселен, ол Тімөтені “Иемізбен бірліктегі сүйікті әрі адал балам” деп атаған, әрі оның басқалардың қамын ойлайтынына сенімді болған (Қорынттықтарға 1-хат 4:17; Філіпіліктерге 2:19, 20). Сондай-ақ Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге Титті “серіктесім әрі сендердің игіліктеріңді ойлайтын қызметтесім” деген (Қорынттықтарға 2-хат 8:23). Өздері жайлы Пауылдың қандай ойда екенін білгенде, Тімөте мен Титтің көңілі серпіліп қалса керек!

11 Пауыл мен серіктесі Барнаба бауырластарын жігерлендіру үшін бастарын қатерге тіккен. Мысалы, Листра қаласындағы адамдар өздерін өлтіргісі келетінін білсе де, олар сол жерге қайта барып, жаңа шәкірттерге дем беріп, Ехобаға адал болып қалуға көмектесті (Елшілердің істері 14:19—22). Ал кейін Ефесте Пауыл ашулы тобырдың қолынан жапа шекті. Соған қарамастан ол бауырластарын жігерлендіру үшін сол қалада біраз уақыт қалды. Елшілердің істері 20:1, 2-ден былай деп оқимыз: “Толқу басылғаннан кейін, Пауыл шәкірттерді шақыртты. Оларды жігерлендірген соң, қош айтысып, Македонияға қарай бет алды. Сол аймақтарды аралап, шәкірттерді көптеген сөздермен нығайтқаннан кейін, Пауыл Грекияға келді”.

БІР-БІРІМІЗДІ ЖІГЕРЛЕНДІРЕЙІК

12. Жігер алып, жігер беруде қауым кездесуінің рөлі қандай?

12 Көктегі Әкеміз қамымызды ойлап, жүйелі түрде өтетін қауым кездесулерін ұйымдастырған. Мұның бір себебі — біз ол жерде жігер алып, жігер бере аламыз (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз). Исаның ертедегі шәкірттері сияқты біз де “тәлім алып, жігерлену” үшін жиналамыз (Қорынттықтарға 1-хат 14:31). Мақаланың басында сөзі келтірілген Мерей былай дейді: “Қауым кездесулерінде маған сүйіспеншілікке бөленіп, жігер алатыным қатты ұнайды. Кейде Патшалық сарайына көңілім түсіп келеді. Сонда әйел бауырластар қасыма келіп, құшақтап, әдемі болып тұрғанымды айтып мақтайды. Сондай-ақ мені жақсы көретіндерін, рухани алға басып жатқаныма қуанатындарын айтады. Олардың жылы сөздерінен бойыма қанат бітеді!” Расында да, әрбіріміз өз тарапымыздан “өзара жігерленуге” үлес қосқанымыз қаншалықты маңызды десеңізші! (Римдіктерге 1:11, 12).

13. Неліктен Ехобаға ұзақ уақыт қызмет етіп жүргендер де жігерге мұқтаж?

13 Тіпті Ехобаға ұзақ уақыт қызмет етіп жүргендер де жігерге мұқтаж. Мысалы, Ешуаны алайық. Исраилдіктер Уәде етілген жерге кіргелі тұрғанда, Ехоба оны басшы етіп таңдады. Ешуа Құдайға көп жыл адал қызмет етіп келген болатын. Сонда да Ехоба Мұсаға оны қайраттандыруды тапсырып, былай деді: “Ешуаны басшы етіп тағайында да, нығайтып, жігерлендір. Мына халықты арғы бетке бастап баратын да, өзің көріп тұрған осынау жерді алып беретін де сол болмақ” (Мұсаның 5-жазбасы 3:27, 28). Алда исраилдіктерді көптеген шайқастар, соның ішінде кемінде бір жеңіліс, күтіп тұрғандықтан, Ешуа қайрат-жігерге мұқтаж еді (Ешуа 7:1—9). Бүгінде біз де Құдай халқының қамы үшін аянбай еңбектеніп жүрген ақсақалдар мен аудандық бақылаушылардың рухын көтере аламыз (Салоникалықтарға 1-хат 5:12, 13 оқыңыз). Бір аудандық бақылаушы былай деп ой бөлісті: “Кейде бауырластар сапарымыздан қаншалықты жігерленгендерін айтып, алғыс хаттар жазып жатады. Біз оларды сақтап қойып, еңсеміз түскенде оқып жүреміз. Бұл хаттар шынымен де көңілімізді жадыратып, жігер береді”.

Жылы сөз естігенде, балаларымыз жайнап сала береді (14-абзацты қараңыз)

14. Біреуге кеңес бергенде, мақтаудың тиімді екені қандай мысалдардан көрінеді?

14 Бірде елші Пауыл қорынттықтарға кеңес берді. Кеңесіне құлақ асқанда, оларды мақтады (Қорынттықтарға 2-хат 7:8—11). Пауылдың мақтау сөздері оларды әрі қарай да дұрыс нәрсені істеуге шабыттандырғаны сөзсіз. Біздің күнімізде ақсақалдар мен ата-аналар Пауылдан ғибрат алса болады. Екі баланың әкесі Андрей былай дейді: “Баланың бойына жігер құю оның рухани және эмоциялық жағынан жетілуіне септігін тигізеді. Кеңес беріп, артынша жігерлендіріп отырсақ, берілген кеңесті шегелей түсеміз. Балаларымыз ненің дұрыс екенін біледі, алайда үнемі жігер беріп отырсақ, дұрыс нәрсені істеу олардың өмірлік дағдысына айналады”.

ӨЗГЕЛЕРДІ ЖІГЕРЛЕНДІРУДІҢ КЕЙ ЖОЛДАРЫ

15. Өзгелерді жігерлендірудің бір жолы қандай?

15 Бауырластарға талпыныстары мен жақсы қасиеттерін бағалайтыныңызды айтып отырыңыз (Шежірелер 2-жазба 16:9; Әйүп 1:8). Осылайша Ехоба мен Исаға еліктейсіз. Олар Патшалықтың мүддесі үшін жасап жатқандарымыздың бәрін, тіпті өзіміз қалағандай көп істей алмасақ та, жоғары бағалайды (Лұқа 21:1—4; Қорынттықтарға 2-хат 8:12 оқыңыз). Мысалы, кейбір қарт бауырластарымыз қауымға келу үшін және жүйелі түрде уағызға шығып тұру үшін көп күш салады. Сол үшін олар біздің мақтау сөздеріміз бен жігерімізге лайық емес пе?!

16. Басқаларды қай кезде жігерлендіре аламыз?

16 Мүмкіндікті қалт жібермеңіз. Біреудің жақсы ісін байқасаңыз, мақтауға асық болыңыз. Пауыл мен Барнаба Писидия өлкесіндегі Антиохияда болғанда, жергілікті мәжілісхана жетекшілері оларға: “Бауырластар, халыққа жігер беретін сөздерің болса, айтыңдар”,— деді. Пауыл адамдарды жігерлендірудің сол мүмкіндігін құр жібермей, керемет баяндама айтты (Елшілердің істері 13:13—16, 42—44). Басқаларға жігер беруді әдетке айналдырсақ, олардың да бізді жігерлендіруі әбден мүмкін (Лұқа 6:38).

17. Айналамыздағыларды мақтаудың ең жақсы жолы қандай?

17 Шын жүректен әрі нақты айтыңыз. Иса Тиатирадағы мәсіхшілерді мақтағанда, нақты не үшін екенін түсіндірген (Аян 2:18, 19 оқыңыз). Біз одан қандай үлгі алсақ болады? Бәлкім, қаншалықты қиын болса да, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп жатқан аналарды жақсы тәрбиесі үшін мақтасақ болады. Балаларыңыз бар болса, неге оларды Ехобаға қызмет етуге ынталанып жатқаны үшін мақтамасқа?! Олардың бойынан қандай жетістіктерді байқағаныңызды айтыңыз. Егер не үшін мақтап жатқанымызды нақты айтсақ, адамдар мұның шын жүректен шыққанын көреді.

18, 19. Бір-бірімізді рухани нығайту үшін не істей аламыз?

18 Ехоба Мұсаға өз қызметшісі Ешуаны рухтандырып, жігерлендіруді тапсырды. Әрине, Ехоба бүгінде бізге тіл қатып, нақты бір адамды жігерлендір деп айтпайды. Бірақ өзгелерге жігер беруге барынша күш салсақ, ол қатты қуанады (Нақыл сөздер 19:17; Еврейлерге 12:12). Мысалы, ер бауырлас қауымымызға баяндамамен келгенде, оған баяндамасында не ұнағанын нақты айтсақ болады. Бәлкім, оның айтқаны бізге қиындықпен күресуге не қандай да бір тармақты түсінуге көмектескен шығар. Бір әйел бауырлас баяндамашыға былай деп хат жазған екен: “Бірер минут қана сөйлессек те, сіз жүрегімдегі зілді көріп, жұбатып, рухымды көтердіңіз. Сахнада да, жеке сөйлескенде де жылы сөйлегеніңізде, сізді Ехобадан келген сый деп қабылдағанымды білсеңіз екен дедім”.

19 Пауылдың кеңесіне құлақ асар болсақ, бір-бірімізді рухани нығайтудың көп жолын табарымыз анық. Ол: “Бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер”,— деп кеңес берген (Салоникалықтарға 1-хат 5:11). Егер “күн сайын бір-бірімізді жігерлендіріп отырсақ”, бәріміз де Ехобаның жүрегін зор қуанышқа бөлейміз!

^ [1] (1-абзац) Кейбір есімдер өзгертілген.