Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Біз Құдайдың рақымын молынан көрдік

Біз Құдайдың рақымын молынан көрдік

ӘКЕМ Артур Құдайды жақсы көргендіктен, жас шағында Методист шіркеуінің қызметкері болғысы келген. Бірақ Киелі кітап зерттеушілерінің басылымдарын оқып, олармен араласа келе, бұл ойынан айнып қалған. 1914 жылы 17 жасында ол шомылдыру рәсімінен өтті. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскер қатарына шақырылды. Қолына қару алудан бас тартқандықтан, ол Онтариодағы (Канада) Кингстон түрмесіне жабылды. Бостандыққа шыққан соң, ол кітап таратушы (ізашар) ретінде толық уақытты қызмет атқарды.

Әкем 1926 жылы анам Хейзл Уилкинсонмен отау құрған. Оның анасы шындықты 1908 жылы білген екен. Мен 1931 жылдың 24 сәуірінде тудым, төрт баланың екіншісімін. Әкем Киелі кітапты қатты жақсы көріп, қадір тұтатын, біздің де бойымызға соны сіңіріп өсірді. Ехобаға ғибадат ету өмірімізде ең маңызды орында болды. Отбасы болып үйме-үй уағыздауға жүйелі түрде шығып тұратынбыз (Елшілердің істері 20:20).

ӘКЕМ СИЯҚТЫ БЕЙТАРАПТЫҚ САҚТАП, ІЗАШАР БОЛУЫМ

1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ал келесі жылы Канадада Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынды. Мектептерде туға тағзым ету мен әнұран айту сияқты патриоттық шаралар өткізілетін. Әдетте мұндай кезде мұғалімдер әпкем Дороти екеумізге сыртқа шығып кетуге рұқсат ететін. Бірақ бір күні мұғалімім мені қорқақсың деп жұрттың көзінше ұялтпақ болды. Сабақ біткен соң, бірнеше сыныптасым маған жабылып, жерге ұрып жықты. Бірақ бұдан мен “билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуға” одан сайын бекіндім (Елшілердің істері 5:29).

1942 жылдың шілдесінде, 11 жасымда, мен фермадағы су сақтайтын цистернада шомылдыру рәсімінен өттім. Мектептен демалатын айларда қосалқы ізашар болып қызмет ететінмін. Бір жылы үш ер бауырласпен бірге солтүстік Онтариоға барып, ағаш кесушілерге уағыздадық.

1949 жылдың 1 мамырынан ізашарлық қызметті бастадым. Сол кезде Канададағы филиалда жүріп жатқан құрылыс ісіне көмектесуге шақырылдым, ал 1 желтоқсаннан бастап Бетел отбасының мүшесі болдым. Мен баспа бөліміне тағайындалып, сол жерде жазық баспалы құрылғыны қолдануды үйрендім. Канададағы Ехоба куәгерлерінің қудалануы туралы буклетті бірнеше апта бойы түнгі ауысымда басқанымыз әлі есімде.

Кейін мен қызмет бөліміне ауыстым. Бірде маған Квебек провинциясында ізашарлық қызмет атқаруға бара жатқан ізашарлармен сұхбаттасу тапсырылды. Ол кезде бұл аймақта қатты қуғын-сүргін көрсетіліп жатқан еді. Сол ізашарлардың бірі Альберта провинциясының Эдмонтон қаласынан келген Мэри Зазула еді. Ол қыздың ата-анасы православие дінін қатаң ұстанған екен. Ағасы Джо екеуі Киелі кітапты зерттеуді доғармағандықтан, әке-шешелері оларды үйден қуып шығыпты. Екеуі де 1951 жылдың маусымында шомылдыру рәсімінен өтіп, алты айдан кейін ізашарлық қызметті бастаған. Сұхбаттасу барысында мен Мэридің Ехобаны сондай жақсы көретінін көріп, қайран қалдым. Сонда іштей: “Бәрі ойдағыдай болса, маған жар болатын қыз осы сияқты”,— деп ойладым. Біз тоғыз айдан кейін, 1954 жылдың 30 қаңтарында үйлендік. Бір аптадан соң екеуміз аудандық бақылаушы ретінде қызмет ету үшін тәлім алуға шақырылдық. Содан екі жыл бойы солтүстік Онтариода аудандық қызмет атқардық.

Дүниежүзілік уағыздау ісі қарқын алып жатқандықтан, миссионерлерге деген қажеттілік артты. Сонда Мэри екеуміз Канаданың қақаған аязы мен тыныштық бермейтін масаларына шыдасақ, бәріне де шыдай аламыз деп ойладық. 1956 жылдың шілде айында Ғалақат мектебінің 27-сыныбын бітіріп шықтық. Ал қарашада жаңа отанымыз Бразилияға келдік.

БРАЗИЛИЯДАҒЫ МИССИОНЕРЛІК ҚЫЗМЕТІМІЗ

Бразилияға келген соң, португал тілін игеруге кірістік. Алдымен, қысқаша амандасып, әңгіме бастауды үйреніп алдық. Кейін, журналға арналған қысқа ұсынысты жаттап алып, уағызға шықтық. Егер үй иесі қызығушылық білдірсе, Құдай Патшалығының тұсындағы өмір жайлы тармақ оқимыз деп шешкен едік. Бірінші күні бір әйел жақсы тыңдады. Оған Аян 21:3, 4-ті оқып бергенім сол еді, есімнен танып қалдым! Ағзам ыстық әрі ылғалды ауа райына үйренбеген болатын. Ұзақ уақыт ыстыққа үйрене алмай қиналып жүрдім.

Біз Кампус қаласына миссионер болып тағайындалдық. Қазір онда 15 қауым бар! Біз алғаш келгенде мұнда бір оқшау топ қана бар-тын. Ал миссионерлер үйінде төрт қыз бауырлас тұратын, олар: Эстер Трейси, Рамона Бауэр, Луиза Шварц, Лоррейн Брукс (қазір Уоллен). Ол үйде менің міндетім кір жууға көмектесу мен тамақ пісіретін отын әкелу болатын. Дүйсенбінің бір кешінде “Күзет мұнарасын” зерттеп болған соң, Мэри дивандағы жастыққа басын қойып демалып жатқан. Күніміз қалай өткенін әңгімелеп отырғанбыз. Бір уақытта Мэри орнынан тұрған еді, жастықтың астынан бір жылан атып шықты! Мен өлтіріп тастағанша бұл күтпеген қонағымыз бізді біраз шулатты.

Португал тілін бір жыл бойы меңгерген соң, аудандық қызметті бастадық. Біз электр жарығы жоқ ауылды аймақтарда қызмет еттік. Жерге төсек салып ұйықтайтынбыз, сапарға атқа жегілген арбамен шығатынбыз. Бірде оқшау аймақта уағыздау үшін тау жақтағы бір қалашыққа пойызбен бардық. Ол жақта бір бөлмені жалдап тұрдық. Жергілікті филиал бізге қызметте ұсынатын 800 журнал жөнелтті. Қорап-қорап журналды поштадан тасып біткенше табанымыздан тоздық.

1962 жылы Бразилияның әр жерінде Патшалық қызмет мектебі өткізілді. Мен жарты жылға сол мектепті өткізуге тағайындалдым. Сөйтіп, бір мектептен екіншісіне Мэрисіз барып жүрдім. Мен Манаус, Белем, Форталеза, Ресифи, Сальвадор қалаларында сабақ бердім. Манаус қаласында жүргенімде танымал опера үйінде облыстық конгресс ұйымдастырдым. Қатты нөсердің кесірінен ауызсу ластанып кетті, конгрестегі бауырластар тамақтанатын лайықты жер де болмады. (Ол кездері конгресте тамақ берілетін.) Мен әскери қызметкермен сөйлесіп, жағдайымызды айттым. Ол бізге жақсылық жасап, бүкіл конгреске жететін ауызсумен қамтамасыз етті. Сондай-ақ асүй мен тамақтанатын жер жасау үшін сарбаздарын жіберіп, екі үлкен шатыр құрғызды.

Мен шалғайда жүргенде, Мэри көбінесе португалиялық адамдар бизнеспен айналысатын ауданда уағыздаған екен. Есіл-дерті ақша табу болған сондағы кісілердің ешқайсысымен Киелі кітап тақырыбында әңгімелесе алмапты. Бұған көңілі түскен әйелім кейбір бетелдіктерге: “Португалияның бетін аулақ қылсын, ол жақта ешқашан тұрғым келмес еді”,— деген екен. Содан көп ұзатпай бір хат алдық. Сөйтсек, бізді уағыз ісіне тыйым салынған Португалияға қызмет етуге шақырыпты. Мэридің көзі шарасынан шықты! Әйтсе де біз бұл шақыруға келісім беріп, Португалияға жол тарттық.

ПОРТУГАЛИЯДАҒЫ ҚЫЗМЕТІМІЗ

Португалияның Лиссабон қаласына 1964 жылдың тамызында келдік. Бұл Португалияның құпия полициясы бауырластарды нысанасына алып, қудалап жатқан кез еді. Сондықтан бізді ешкім қарсы алмағаны жөн болды, әрі тұрғылықты Куәгерлермен байланыспағанымыз да дұрыс болыпты. Алғашында біз бөлме жалдап тұрдық. Ал визамызды алған соң, пәтер жалдадық. Бес айдан кейін жергілікті филиалмен байланысу қауіпсіз болды. Келгелі бері қауым кездесуіне бірінші рет бара алғанымызға сондай қуандық!

Патшалық сарайлары жабылып, қауым кездесулері бауырластардың үйінде өткізіліп жүрді. Полиция қызметкерлері бауырластардың үйіне жиі баса көктеп кіріп келетін. Тергеуге алу үшін жүздеген бауырласты полиция учаскелеріне алып кететін. Полиция қызметкерлері жауапты бауырластардың аты-жөнін айтқызу үшін оларға күш көрсететін. Сондықтан сақтық үшін бауырластар бір-бірінің аты-жөнін толық айтпай, тек есімдерін атайтын.

60-тан аса жыл Ехобаға қызмет еткен кездегі естеліктерімізді қазынаға балаймыз

Біздің ең басты мақсатымыз бауырластарға рухани ас-суды жеткізіп тұру болды. Мэри зерттеуге арналған “Күзет мұнарасы” мақалалары мен басқа да басылымдарды трафаретке теретін. Кейін мимеограф арқылы соның көшірмелері жасалатын.

СОТТА ІЗГІ ХАБАРДЫҢ ҚОРҒАЛУЫ

1966 жылы маусым айында Лиссабонда үлкен сот болды. Фейжо қауымының барлық 49 мүшесіне біреудің үйінде заңсыз өткізілген жиынға барды деген айып тағылды. Бауырластарды сотқа және екі жақты тергеуге дайындау үшін мен мемлекеттік айыптаушының рөлін ойнадым. Дегенмен күткеніміздей, біз сотта жеңіліп қалдық. 49 бауырластың бәрі түрмеге қамалып, 45 күннен бес жарым айға дейін отырып шықты. Бірақ сот кезінде керемет куәлік берілді. Бізді қорғап сөйлеген заңгеріміз сөзінің аяғында батылдықпен І ғасырдағы Гамалиелдің сөздерін келтірді (Елшілердің істері 5:33—39). Кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарында бұл сот ісі жайлы жаңалықтар тарап кетті. Біздің жүрек жұтқан заңгер Киелі кітапты зерттеу сабағын бастап, қауым кездесулеріне келе бастағанына қатты қуандық.

1966 жылдың желтоқсанында мен филиал бақылаушысы болып тағайындалдым. Көп уақытымды заң мәселелерімен айналысуға арнадым. Ехоба куәгерлерінің Португалияда емін-еркін ғибадат етуге заңды құқықтарын орнату үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық (Філіпіліктерге 1:7). Ақыры, 1974 жылдың 18 желтоқсанында біз заңды түрде мойындалдық. Дүниежүзілік бас басқармадан Фредерик Френц пен Нейтан Норр бауырластар келіп, қуанышымызға ортақтасты. Опорто мен Лиссабон қалаларында жалпы саны 46 870 адам жиналған естен кетпес тарихи жиын өткіздік.

Бұған қоса, Ехоба уағыз ісінің Азор, Кабо-Верде, Мадейра, Принсипи мен Сан-Томе сияқты португал тілінде сөйлейтін аралдарға да таралуына жол ашты. Сондағы Куәгерлердің саны көбейе бастағандықтан, филиалымызды кеңейту қажет болды. Ғимараттар соғылып біткен соң, 1988 жылдың 23 сәуірінде Милтон Хеншель бауырлас 45 522 тыңдарманның алдында бағыштау баяндамасын айтты. Кезінде Португалияда қызмет еткен 20 миссионердің осы елеулі оқиғаға келгенін көріп бір жасап қалдық.

АДАЛ БАУЫРЛАСТАРДЫҢ ҮЛГІСІ

Жылдар өтісімен Мэри екеуміз адал бауырластардан көп ғибрат алдық. Мысалы, Теодор Ярач бауырласқа филиалдарды аралау сапары кезінде қолғабыс етіп жүріп бір құнды сабақ алдым. Біз барған бір филиалда үлкен мәселе туындаған еді, оны шешу үшін филиал комитеті бар амалын жасаған екен. Бұдан артық ештеңе жасай алмағандарына қапа болған олардың көңілін орнықтырып Ярач бауырлас: “Ендігісін киелі рухтың еншісіне қалдырайық”,— деді. Ал осыдан ондаған жыл бұрын Мэри екеуміз Бруклинге барғанда, Френц бауырласпен бір отырыста болған едік. Сонда отырған бәріміз одан Ехобаға қызмет еткен жылдары жайлы бірер сөз айтуды сұрағанда, ол былай деді: “Айтар ақылым, қандай қиын болса да, ештеңеге қарамастан Ехобаның ұйымының жердегі бөлігінен ажырамаңдар. Исаның шәкірттеріне бұйырған Құдай Патшалығы жайлы уағыздау ісін орындап жүрген — тек осы ұйым ғана!”

Дәл осылай істегеніміз жан жарым екеумізді көп қуанышқа бөледі. Әртүрлі филиалдарға сапармен барған кездегі естеліктерді қазынаға балаймыз. Ехобаның әртүрлі жастағы қызметшілерімен танысып, адал қызметтеріне ризашылық білдіруді жақсы көрдік. Оларды әрқашан да қызметтерін талмай атқара беруге талпындыратын едік.

Жылдар зымырап, міне, 80-нің сеңгіріне шықтық. Мэридің денсаулығы қатты сыр беріп жүр (Қорынттықтарға 2-хат 12:9). Басқа да қиындықтарымыз жоқ емес, алайда солардың арқасында сенімімізді шыңдап, Ехобаға мінсіздік сақтауға деген байламымыз күшейді. Артта қалған өмір жолымызға қарап, Ехобаның рақымына молынан кенелгенімізді мойындаймыз *.

^ 29-абзац Осы мақала баспаға дайындалып жатқанда, 2015 жылдың 25 қазанында Дуглас Гест бауырлас Ехобаға адалдығын сақтап көз жұмды.