Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жүрегіңіз рухани қазынада болсын!

Жүрегіңіз рухани қазынада болсын!

“Қазыналарың қайда болса, жүректерің де сонда болады” (ЛҰҚА 12:34).

ӘНДЕР: 153, 104

1, 2. а) Ехоба берген үш құнды қазына қандай? ә) Осы мақалада не жайында сөз қозғаймыз?

ЕХОБА — әлемдегі ең бай Тұлға (Шежірелер 1-жазба 29:11, 12). Сөйтсе де ол асқан жомарт. Ол бізбен көл-көсір рухани қазынасымен бөліскеніне қаншалықты ризамыз десеңізші! Солардың кейбірі: 1) Құдай Патшалығы, 2) қызметіміз және 3) Құдай Сөзіндегі баға жетпес шындықтар. Дегенмен, абай болмасақ, уақыт өткен сайын осы қазыналарды бағаламай кетіп, былайша айтқанда, оларды лақтырып жіберуіміз мүмкін. Қазынадан айырылып қалмас үшін олардың қаншалықты құнды екенін еске салып тұруымыз әрі соларға деген сүйіспеншілігімізді жандандырып отыруымыз қажет. Өйткені Иса: “Қазыналарың қайда болса, жүректерің де сонда болады”,— деген (Лұқа 12:34).

2 Ендеше Патшалыққа, қызметімізге және шындыққа деген сүйіспеншілігіміз бен ризашылығымызды жоғалтпаудың жолдарына тоқталып өтейік. Талқылау барысында осы үш рухани қазынаға деген өз сүйіспеншілігіңізді қалай арттыра алатыныңыз жайлы ой қозғауға шақырамыз.

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ АСЫЛ МЕРУЕРТКЕ ТЕҢ

3. Исаның мысалындағы кісі бір меруертті сатып алу үшін неге дайын болды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Матай 13:45, 46 оқыңыз. Иса асыл меруерт іздеп жүрген саудагер жайлы мысал айтқан. Жылдар бойы бұл саудагер талай меруертті алып-сатып жүрген. Бірде ол бұрын-соңды көрмеген аса құнды бір меруертті тауып алады. Оны иелену үшін өзінде бардың бәрін сатып жібереді. Бұл меруерттің ол үшін қаншалықты бағалы болғанын елестете аласыз ба?

Меруертті асыл тұтқан саудагер сияқты, біз де Патшалықты қымбат тұтсақ, сол үшін барымызды беруге дайын боламыз

4. Патшалық үшін не істеуге бармыз?

4 Исаның мысалынан неге үйренеміз? Құдай Патшалығы туралы шындық сол аса құнды меруертке ұқсайды. Соны асыл тұтқан саудагер сияқты, біз де Патшалықты қымбат тұтсақ, оның азаматы болып, қол астында қала беру үшін барымызды беруге дайын боламыз (Марқа 10:28—30 оқыңыз). Қазір осылай еткен екі адам жайлы білейік.

5. Зақай Патшалық үшін не істеуге даяр болды?

5 Зақай деген кісі салықшылардың басшысы болған. Ол адамдардың ақшасын бопсалап тартып алып, байлық жинаған (Лұқа 19:1—9). Бірде ол Исаның Патшалық жайлы хабарына құлақ қойды. Естігендерінің құнын санамен аңғарып, жүрекпен түйсінген ол өмір салтын өзгертуге бел буды. Ол былай деді: “Ием, дүние-мүлкімнің жартысын кедей-кепшіктерге беремін. Жала жауып, тартып алғандарымды төрт есе артығымен қайтарамын”. Ол арам жолмен тапқан бүкіл ақшасын жұртқа қайтарып, ашкөздіктен арылды.

6. Құдай Патшалығының азаматы болу үшін бір әйел не істеді және неліктен?

6 Осыдан бірнеше жыл бұрын бір әйел Патшалық жайлы хабарды естиді. Ол лесбиян болатын әрі гомосексуалистердің құқы үшін күресетін ұйымның президенті еді. Киелі кітапты оқып-зерттей келе, ол Құдай Патшалығы жайлы шындықтың баға жетпес құнына тереңінен бойлайды. Сонда өзінің күрт өзгеруі керектігін ұғады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Жүрегіндегі Ехобаға деген сүйіспеншілік оны аталмыш ұйымнан шығып, лесбияндық қарым-қатынасын үзуге талпындырады. Ол 2009 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, келесі жылы тұрақты ізашар болады. Оның Ехоба мен Патшалыққа деген сүйіспеншілігі тәндік құмарлықтарынан әлдеқайда күшті болды (Марқа 12:29, 30).

7. Құдай Патшалығына деген ыстық сүйіспеншілігімізді қалай сақтасақ болады?

7 Құдай Патшалығының азаматы болу үшін көбімізге өмірімізді түбегейлі өзгертуге тура келді (Римдіктерге 12:2). Алайда осымен бәрі біткен жоқ. Біз дүниеқұмарлық немесе өнегесіз жыныстық қалаулар сияқты еш нәрсенің Патшалыққа деген сүйіспеншілігімізді суытып тастауына жол бермеуіміз керек (Нақыл сөздер 4:23; Матай 5:27—29). Құдай Патшалығына деген ыстық сүйіспеншілігімізді сақтау үшін Ехоба бізге тағы бір теңдессіз қазына берген.

АДАМДАРДЫҢ ӨМІРІН САҚТАЙТЫН ҚЫЗМЕТІМІЗ

8. а) Не себепті Пауыл қызметімізді “қыш ыдыстағы қазынаға” балады? ә) Пауыл қызметін жақсы көретінін қалай көрсетті?

8 Иса бізге Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздауды және үйретуді тапсырды (Матай 28:19, 20). Елші Пауыл қызметіміздің баға жетпес құндылығын түсінген. Ол уағыздау ісін “қыш ыдыстағы қазынаға” балаған (Қорынттықтарға 2-хат 4:7; Тімөтеге 1-хат 1:12). Күнәкар пенде болғандықтан біз қыш ыдыс іспеттіміз. Ал айтатын хабарымыз — асыл қазына, себебі ол өзімізді де, бізге құлақ түргендерді де мәңгілік өмірге жеткізеді. Сол үшін де Пауыл: “Мен барлығын ізгі хабар үшін әрі оны өзгелерге жариялау үшін істеп жүрмін”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 9:23). Ол шәкірт дайындау ісінде аянбай тер төккен (Римдіктерге 1:14, 15; Тімөтеге 2-хат 4:2 оқыңыз). Ізгі хабарды сүйгендіктен Пауыл қатты қарсылықтарға қарамай уағыздай берді (Салоникалықтарға 1-хат 2:2). Оның қызметке деген сүйіспеншілігін қалай үлгі тұта аламыз?

Айтатын хабарымыз асыл қазына іспетті, себебі ол өзімізді де, бізге құлақ түргендерді де мәңгі өмірге жеткізеді

9. Қызметті жақсы көретінімізді көрсетудің қандай жолдары бар?

9 Қызметті жақсы көретінін Пауыл адамдармен кез келген сәтті пайдаланып сөйлесу арқылы көрсетті. Пауылмен қатар басқа да ертедегі мәсіхшілерге еліктеп, біз ізгі хабарды бейресми, үйме-үй және көпшілік орындарында айтамыз (Елшілердің істері 5:42; 20:20). Біз қызметіміздің аясын кеңейтудің жолдарын қарастырып жүреміз. Бәлкім, жағдайымыз келіп жатса, қосалқы не тұрақты ізашар ретінде қызмет ете алармыз. Бұдан басқа, өзге тілді игеруді, өз еліміздің басқа бір аумағына не тіпті басқа елге көшіп баруды шешерміз (Елшілердің істері 16:9, 10).

10. Ирэн уағыздау ісінде көп тер төккенінің қандай жемісін көрді?

10 Құрама Штаттарда тұратын Ирэн есімді тұрмыс құрмаған бауырласымызбен болған жайт. Ол орысша сөйлейтін иммигранттарға қатты уағыздағысы келгендіктен, 1993 жылы Нью-Йорк қаласындағы орыс тобына ауысады. Ол кезде топта 20 ғана жариялаушы болыпты. Орыс танабында Ирэн 20 жылдай тер төкті. “Менің қазір де орысша ағып тұрғаным шамалы”,— дейді ол. Десе де Ехоба оның және басқа да жариялаушылардың құлшынысты рухына батасын төкті. Бүгінде Нью-Йорк қаласында орыс тілінде 6 қауым бар. Ирэн көп адаммен Киелі кітапты зерттеді, олардың 15-і шомылдыру рәсімінен өтті. Араларында кейін бетелдік, ізашар және ақсақал болғандары да бар. Ирэн былай дейді: “Ұмтылуыма болатын басқа да мақсаттар жайлы ойласам, мен үшін бұдан артық мақсат жоқ сияқты”. Ирэн қызметін шынымен де қазынаға балайды!

Қызметіңізді бағалап, оған апта сайын уақыт бөлесіз бе? (11, 12-абзацты қараңыз)

11. Қуғын-сүргінге қарамастан уағыздай бергеніміз қандай жақсы нәтиже беруі мүмкін?

11 Қызметімізді бағаласақ, елші Пауыл сияқты, қуғын-сүргін кезінде де уағызды доғармаймыз (Елшілердің істері 14:19—22). Мысалы, 1930—1944 жылдар аралығында Құрама Штаттардағы бауырластар аяусыз қудаланды. Бірақ табандылықпен уағыздай берді. Үкімет өкілдері оларға тосқауыл қоймақ болғанда, бауырластар сотқа жүгініп, көп сот ісі жеңіспен аяқталды. 1943 жылы Норр бауырлас Құрама Штаттардың Жоғарғы Сотында қол жеткізген жеңісіміз жайлы айтты. Оның айтуынша, егер бауырластар уағыздауды доғарғанда, сол Соттың алдына баруға еш себеп болмайтын еді. Сондай-ақ ол дүниенің төрт бұрышындағы көп бауырлас уағыздауды жалғастыра беруімен қудалаудан түк шықпайтынын дәлелдегенін айтып өтті. Басқа мемлекеттегі бауырластар да осы тектес сот істерінде жеңіп шықты. Расында да, қызметке деген сүйіспеншілігіміз қудалаудан да басым түседі.

12. Қызметіңізге қатысты не істеуге бекіндіңіз?

12 Қызметімізге Ехоба берген асыл қазына деп қарасақ, есебімізге “сағат жазуды” ғана ойламаймыз. Қайта, “түбегейлі куәлік беру” үшін қолымыздан келіп тұрғанды істейтін боламыз (Елшілердің істері 20:24; Тімөтеге 2-хат 4:5). Бірақ өзгелерге нені үйретеміз? Бұл үшін Құдайдың берген тағы бір қазынасына назар аударалық.

АШЫЛҒАН ШЫНДЫҚТАР КӨМБЕСІ

13, 14. Иса Матай 13:52-де айтқан “қазынаға” не жатады және оны қалай толтыра аламыз?

13 Ехоба сыйлаған үшінші рухани қазынамыз — бізге ашылған шындықтар. Ехоба — шындықтың қайнар көзі (Самуилдің 2-жазбасы 7:28; Зәбүр 31:5 сілтеме). Көңілі дарқан Әке ретінде ол өзін қастерлейтіндерге шындықтарын ашады. Шындықты алғаш естіген кезден бері оның Сөзінен, әдебиеттерімізден, конгрестер мен апта сайынғы кездесулерімізден көптеген шындықтарды жинауға мүмкіндігіміз болды. Оларды жинаған үстіне жинай берсек, Иса айтып кеткендей, “жаңа және ескі” шындықтарға толы “қазынаға” ие боламыз (Матай 13:52 оқыңыз). Егер шындықтарды жасырулы қазынаны іздегендей іздесек, Ехоба көмбемізді жаңаларымен толтыруға көмектеседі (Нақыл сөздер 2:4—7 оқыңыз). Бұл үшін не істеуіміз керек?

14 Біз жеке зерттеудің жақсы дағдысын қалыптастырып, Құдай Сөзі мен әдебиеттерімізге тыңғылықты ізденіс жасай білуіміз қажет. Сонда бұрын білмеген “жаңа” шындықтарды ашамыз (Ешуа 1:8, 9; Зәбүр 1:2, 3). 1879 жылдың шілдесінде жарық көрген “Күзет мұнарасының” алғашқы санында шындық арамшөп тұмшалап тастаған нәзік гүлге теңелген еді. Мұндай гүлді табу үшін адам өте мұқият іздеу керек. Біреуін тапқан соң, оны місе тұтпай, тағы да іздестіре беруі қажет. Тап солай, біз де бір ғана шындықты қанағат тұтып қоймай, рухани қазынамызды шындықтарға байыта түсуге асық болуымыз керек.

15. Неге кейбір шындықтарды “ескі” дейміз және сіз үшін әсіресе қайсысы қымбат?

15 Киелі кітапты енді зерттей бастағанда, біз бірқатар құнды шындықты білдік. Оларды “ескі” шындықтар дейміз, өйткені мәсіхші жолына алғаш қадам басқанда естідік. Олардың кейбірі қандай? Біз Ехобаның Жаратушымыз екенін және адамзатқа қатысты ниеті бар екенін білдік. Сонымен бірге бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін Ұлын төлем құрбандығы ретінде бергенін оқып түсіндік. Сондай-ақ Құдай Патшалығы қасірет атаулыны жойып, жер бетінде мәңгі бақи бейбіт те бақытты өмір кешетінімізді білдік (Жохан 3:16; Аян 4:11; 21:3, 4).

16. Киелі кітаптағы шындықтарға қатысты түсінік өзгеріп жатса, не істеуіміз керек?

16 Ара-тұра Киелі кітаптағы қандай да бір пайғамбарлыққа не жазба орнына қатысты түсінігіміз өзгеріп тұрады. Мұндайда жаңа түсінікті жан-жақты зерттеп, ойланып-толғануға уақыт бөлу керекпіз (Елшілердің істері 17:11; Тімөтеге 1-хат 4:15). Біз ескі түсінік пен жаңасының арасындағы басты айырмашылықты ғана көріп қоймай, ұсақ-түйек жайттарға да мән бергеніміз жөн. Осылай жіті зерттесек, жаңа шындықты қазынамызға ұқыппен салып қоямыз. Бұлай күш салғанымыздың қандай пайдасы тиеді?

17, 18. Киелі рух бізге қалай көмектеседі?

17 Иса Құдайдың рухы бұрын білгендерімізді есімізге түсіретінін айтқан (Жохан 14:25, 26). Ізгі хабарды уағыздағанда бұның қандай пайдасы бар? Питер деген бауырласпен болған жағдайды көрейік. 1970 жылы 19 жасында ол Британиядағы Бетелге жаңадан келген болатын. Үйме-үй уағыздап жүргенде, ол сақал қойған орта жастағы бір кісіні жолықтырады. Питер одан Киелі кітапты түсінгісі келер ме еді, соны сұрайды. Ол кісі еврей раввині екен. Жас баланың өзіне Киелі кітапты үйретейін деп тұрғанын естігенде, оның көзі шарасынан шыға жаздайды. Содан Питерді сынамақ болып, раввин: “Ал, қарағым, айта ғойшы: Даниял кітабы қай тілде жазылған?”— дейді. Питер: “Кейбір бөлігі арамей тілінде жазылған”,— дейді. “Жауабын білгеніме раввин қатты таңғалды,— деп есіне алды Питер,— ол түгіл өзім де таңғалдым! Мен оны қайдан білем? Үйге барған соң, алдыңғы айлардағы “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын қарап шықтым. Сөйтсем, бір мақалада Даниял кітабының арамей тілінде жазылғаны түсіндіріліпті” (Даниял 2:4, сілтеме). Расымен де, киелі рух бұрын оқып, қазынамызға құнттап салып қойған ойларды есімізге түсіруге көмектеседі (Лұқа 12:11, 12; 21:13—15).

18 Ехобадан келген шындықтарды жақсы көріп, бағаласақ, рухани көмбемізді жаңа және ескі шындықтармен толтырып отырудан жалықпаймыз. Ал мұны істеген сайын, өзгелерге тәлім беруге сақадай сай боламыз.

ҚАЗЫНАҢЫЗДЫ ҚЫЗҒЫШТАЙ ҚОРҒАҢЫЗ

19. Неліктен рухани қазынамызды қорғауымыз қажет?

19 Шайтан мен оның дүниесі осы мақалада сөз етілген рухани қазыналарымызға деген сүйіспеншілігімізді суытуды көздейді. Сақ болмасақ, табысы зор жұмысқа қол жеткізу, шалқып өмір кешу, дүние-мүлікке мақтану сияқты арман-қиялдың жетегіне ілесіп кетуіміз оп-оңай. Елші Жохан осы дүние мен оның қалауы өтіп кететінін есімізге салады (Жоханның 1-хаты 2:15—17). Сондықтан да біз рухани қазынамызды әрдайым қадірлеп, қызғыштай қорғауымыз керек.

20. Рухани қазынаңызды қорғау үшін не істеуге бекіндіңіз?

20 Олай болса, Құдай Патшалығына деген сүйіспеншілігіңіздің жалынын бәсеңдетуі мүмкін кез келген нәрседен бас тартуға әзір болыңыз. Әрі қарай да құлшыныспен уағыздай беріңіз, қызметіңізге деген ризашылығыңызды жоғалтып алмаңыз. Киелі кітаптағы шындықтарды талмай іздей беріңіз. Сонда “көкте таусылмайтын қазына жинайсыз. Ол жерде оған ұры да жоламайды, күйе де жемейді. Өйткені қазынаңыз қайда болса, жүрегіңіз де сонда болады” (Лұқа 12:33, 34).