Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Маңызы зор мәселені назарда ұстайық

Маңызы зор мәселені назарда ұстайық

“Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін” (ЗӘБҮР 83:18).

ӘНДЕР: 46, 136

1, 2. а) Қандай маңызды мәселенің бүкіл адамзатқа қатысы бар? ә) Неге бұл мәселенің біз үшін маңызы зор?

БҮГІНДЕ көп адам үшін ақша — аса маңызды мәселе. Олардың бар ойы да, уайымы да — сол. Олар бар күш-қуаты мен уақытын қаржы жинауға не қолда бар ақшасын сақтап қалуға жұмсайды. Ал өзгелер үшін отбасы, денсаулық не биіктерді бағындыру өмірдегі ең басты мәселе болып табылады.

2 Алайда бәріміз үшін осылардан да маңызды бір мәселе бар. Бұл — Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуы. Осы маңызы зор мәселені назарымыздан тыс қалдырмауымыз керек. Абай болмасақ, күнбе-күнгі тіршілікпен шыр көбелек айналып не қара басымыздың қиыншылықтарын уайымдап жүріп, оның шын мәнінде қаншалықты маңызды екенін ұмытып кетуіміз мүмкін. Ал Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдасақ, күнделікті өмірдің ауыртпалығын көтеруге әлдеқайда дайын боламыз әрі Ехобаға етене жақын жүреміз.

НЕГЕ СОНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?

3. Шайтан Құдайдың билігіне қатысты неге меңзеді?

3 Шайтан Ібіліс Ехобаның билік етуге құқылы екенін дауға салды. Ол адамдардың “Ехобаның билігі әділетсіз, жаратылыстарынан ең жақсыны жасырып отыр” деп ойлағанын қалады. Адамдар өздері билік етсе, анағұрлым бақытты болар еді дегенге меңзеді (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—5). Сондай-ақ Шайтан ешбір адам Құдайға шын жүректен адал болмайды, егер басына күн туса, Ехобаның билігінен бас тартады дегенге сайды (Әйүп 2:4, 5). Сол себептен Ехоба өзінің әділ билігінен тысқары өмірдің қандай мүшкіл болатынына барлығы көз жеткізу үшін уақыт беріп отыр.

4. Неліктен бүкіләлемдік билікке қатысты мәселе шешілу керек?

4 Әрине, Ехоба Шайтанның жаласы қып-қызыл өтірік екенін біледі. Онда неге ол Шайтанға өз сөзін дәлелдеуге уақыт берді? Бұл даудың жауабы көктегі де, жердегі де жаратылыстарға қатысты (Зәбүр 83:18 оқыңыз). Адам ата мен Хауа ана Ехобаның билігінен бас тартты, содан бері көп адам да осылай етті. Осыған қарап, кейбіреулер Ібілістің айтқаны дұрыс болғаны ғой деген ойға келуі мүмкін. Бұл сұрақ шешілмей, адамдар мен періштелердің көкейінде жауапсыз қалса, ешқашан нағыз тыныштық пен ынтымақ орын алмайды. Ал Ехобаның бүкіләлемдік билігі ақталған соң, барлығы оның әділ билігіне мәңгі бақи бағынатын болады. Сонда бүкіл ғаламда тыныштық орнайды (Ефестіктерге 1:9, 10).

5. Бүкіләлемдік билік мәселесіне біздің қандай қатысымыз бар?

5 Құдайдың бүкіләлемдік билігі сөзсіз ақталады, ал Шайтан мен адамдардың билігі құрдымға кетіп, біржола жойылады. Құдайдың Мәсіх Патшалығы арқылы жүргізетін билігі асқақтайды. Мінсіздік сақтағандар адам баласының Құдай билігінің жағына шыға алатынын дәлелдейтін болады (Ишая 45:23, 24). Сіз де сол адал жандардың қатарында болғыңыз келер ме еді? Бұған еш күмән жоқ! Мінсіздік сақтау үшін біз даулы мәселені назарда ұстап, оның маңыздылығына терең бойлауымыз қажет.

ҚҰТҚАРЫЛУДАН ДА МАҢЫЗДЫ

6. Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуы қаншалықты маңызды?

6 Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуы біздің жеке басымыздың бақытынан да маңызды. Бірақ бұл біздің құтқарылуымыз маңызды емес немесе Ехоба біздің қамымызды ойламайды дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Неге бұлай дейміз?

Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуы біздің жеке басымыздың бақыты мен құтқарылуынан да маңызды

7, 8. Құдайдың бүкіләлемдік билігінің ақталуы неге оның уәделерінің жүзеге асуын да қамтиды?

7 Ехоба адамзатты қатты жақсы көреді. Оның көз алдында бағалы екеніміз сонша — мәңгі өмір сүруіміз үшін тіпті Ұлын құрбан етті (Жохан 3:16; Жоханның 1-хаты 4:9). Ехоба болашаққа қатысты уәделерінде тұрмаса, Ібілістің айтқаны дұрыс боп шығар еді. Ол Ехобаны адамдардан жақсыны жасырып отырған өтірікші әрі әділетсіз билеуші деуге сылтау табар еді. Басқа да қарсыластар Ехобаның уәделерін келеке-мазақ етіп: “Ол келем деп уәде еткен еді ғой, келгені қайда? Ата-бабаларымыз өлім ұйқысына кеткелі бері ештеңе өзгерген жоқ, жаратылыс басталғалы бері бәрі де сол күйі жалғасып келеді”,— дер еді (Петірдің 2-хаты 3:3, 4). Бірақ Ехоба өз уәделерін жүзеге асырмай қоймайды. Ол бүкіләлемдік билігінің ақталуына тілалғыш адамзаттың құтқарылуын да кіргізуді қамдайды (Ишая 55:10, 11 оқыңыз). Ехобаның бүкіләлемдік билігінің негізі — сүйіспеншілік. Сондықтан ол өзінің адал қызметшілерін әр кез сүйетініне, аялап, бағалайтынына сенімдіміз (Мұсаның 2-жазбасы 34:6).

8 Ехобаның бүкіләлемдік билігінің мәні өте зор екендігі біздің құтқарылуымыз ол үшін маңызды емес, оның көз алдында түкке тұрғысызбыз дегенді білдірмейді. Біз жай ғана бүкіләлемдік билік пен құтқарылуымыздың орнын дұрыс бағалағымыз келеді. Осындай дұрыс көзқарас даулы мәселені ойымызда тұтып, Ехобаның әділ билігінің жағына шығу үшін аса маңызды.

ӘЙҮПТІҢ ӨЗ КӨЗҚАРАСЫН ӨЗГЕРТУІ

9. Шайтан Әйүп туралы не деді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

9 Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қатысты дұрыс көзқараста болуымыз керектігі Әйүп кітабынан анық көрінеді. Бұл — Киелі жазбадағы алғаш жазылған кітаптардың бірі. Ол жерден Шайтанның Әйүп қатты жапа шексе, Құдайдан теріс айналады деп айтқанын оқимыз. Шайтан тіпті Құдайға Әйүптің басына қасірет үйіруді ұсынды. Ехоба бұлай еткен жоқ, десе де Шайтанның Әйүпті сынауына жол беріп: “Міне, онда бардың бәрі сенің қолыңда”,— деді (Әйүп 1:7—12 оқыңыз). Содан көп ұзамай Әйүп қызметшілері мен мал-мүлкінен айырылды. Сосын он баласы опат болды. Шайтан осы қасіреттің бәрін Әйүпке Құдай жіберіп тұрғандай етіп көрсетті (Әйүп 1:13—19). Бұдан соң ол Әйүпті жанға бататын жиіркенішті дертке шалдықтырды (Әйүп 2:7). Бұл аз болғандай, ол жан жары мен үш доссымағының аузынан еңсені езетін зілді сөздер естіді (Әйүп 2:9; 3:11; 16:2).

10. а) Әйүп Құдайға деген мінсіздігін қалай көрсетті? ә) Неге Әйүп түзетуді қажет етті?

10 Шайтанның айтқаны рас болып шықты ма? Жоқ. Әйүп қатты азап шексе де, Ехобадан теріс айналған жоқ (Әйүп 27:5). Алайда ол ненің шынымен маңызды екенін уақытша назардан тайдырып, көбіне өз басын ойлап кетті. Ол өзінің әділдігін алға тартты, тіпті қасіретінің себебін айтуды талап етті (Әйүп 7:20; 13:24). Әйүптің нендей қасірет шеккенін ескерсек, оны түсінуге болады дерміз. Дегенмен Ехоба Әйүптің көзқарасы дұрыс емес екенін көрді, әрі оны түзетті. Мұны қалай істеді?

11, 12. Ехоба Әйүпке нені түсінуге көмектесті және Әйүп мұны қалай қабылдады?

11 Ехобаның Әйүпке айтқан сөздері Әйүп кітабының 38—41 тарауларында жазылған. Құдайдың оған қасіретінің себебін нақты айтқаны туралы еш жерден оқымаймыз. Ехобаның Әйүпке айтқан сөздерінің басты мақсаты оның неге жапа шегіп жатқанын түсіндіру емес-тін. Ол өзінің ұлылығымен салыстырғанда Әйүптің қаншалықты мардымсыз екенін түсіндіргісі келді. Оған жеке басының қиындықтарынан да маңызды мәселелер бар екенін көруге көмектесті (Әйүп 38:18—21 оқыңыз). Осылайша Әйүп өзінің көзқарасын дұрыстады.

12 Ехобаның әбден жапа шеккен Әйүпке осылай тіке кеңес бергені мейірімсіздік болды ма? Жоқ, әрине. Әйүптің өзі де бұлай ойлаған жоқ. Ол Ехобаның кеңесінің жай-жапсарын түсініп, бағалады. Ол тіпті: “Сөзімді қайтып алдым, Топырақ пен күлге отырып қатты өкінемін”,— деді (Әйүп 42:1—6). Бұның алдында Елиху деген жас жігіт те оған көзқарасын түзетуге көмектескен болатын (Әйүп 32:5—10). Әйүп Құдайдың сүйіспеншілікпен берген кеңесін қабыл алып, көзқарасын дұрыстаған соң, Ехоба басқаларға оның сынақ кезінде адалдық сақтағанына риза екенін білдірді (Әйүп 42:7, 8).

13. Қиындықтан көз ашқан соң да, қалай Әйүп Ехобаның кеңесінің пайдасын көре бермек еді?

13 Әйүп тіпті қиындықтарынан көзі ашылғаннан кейін де Ехобаның кеңесінің пайдасын көре бермек еді. Қалай? “Ехоба Әйүптің ғұмырының соңғы кезеңін алдыңғысынан да көп жарылқағанмен”, бәрі қалпына келгенше біраз уақыт керек болғаны шүбәсіз. Кейінірек, “ол тағы да жеті ұл, үш қыз сүйді” (Әйүп 42:12—14). Әйүп осы балаларын жақсы көргенмен, ертеректе Шайтанның қолынан қаза тапқан ұл-қыздарын сағынғаны сөзсіз. Ол өзінің және үй ішінің басына туған сұм тауқыметті ешқашан ұмыта алмаса керек. Ол шеккен азабының себебін түбінде білген күнде де, арагідік оған неге Құдай соншама қасірет шегуіме жол берді екен деген ой келген шығар. Қалай болғанда да, Әйүп Ехобаның берген кеңесін жадында ұстау керек-тін. Бұл оған әрі қарай да дұрыс көзқарас сақтауға көмектесіп, жанына жұбаныш берер еді (Зәбүр 94:19).

Бар назарымызды қара басымыздың қиыншылықтарына емес, Ехобаның бүкіләлемдік билігіне аударамыз ба? (14-абзацты қараңыз)

14. Әйүптің жағдайынан неге үйренеміз?

14 Әйүппен болған жағдайға ой жібергеніміз бізге де дұрыс көзқарас сақтауға көмектеседі, әрі жанымызға жай береді. Өйткені Әйүп кітабын Ехоба “бізге тәлім болсын деп жаздырған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Римдіктерге 15:4). Әйүптің оқиғасынан көңілге түйеріміз: өз қиыншылықтарымызға басымызбен кіріп кетіп, маңызы зор мәселені — Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуын — көзден таса қалдырып жүрмейік. Сондай-ақ осы даулы сұрақта Ехобаның жағында екенімізді тіпті қиын жағдайларда да Әйүп секілді адалдық сақтауымызбен көрсетейік.

15. Қиындық кезінде адалдық танытқанымыздың қандай пайдасы бар?

15 Әйүптің оқиғасы бізге қандай жұбаныш береді? Бұдан білетініміз: көрген қиындықтарымыз Ехобаның бізге наразы екенін білдірмейді. Қиыншылықтарымыз Құдайдың бүкіләлемдік билігін қолдайтынымызды көрсетуге мүмкіндік береді (Нақыл сөздер 27:11). Қиындықтарда табандылық танытқанымыз бізді “Құдайдың ықыласына бөлейді” және үмітімізді бекемдейді (Римдіктерге 5:3—5 оқыңыз). Әйүптің басынан өткізгені “Ехобаның өте жанашыр әрі мейірімді екенін” көрсетеді (Жақып 5:11). Сондықтан оның бүкіләлемдік билігін қолдайтындардың бәрін Ехоба жарылқайтынына шүбәсіз сенсек болады. Мұны білгеніміз “бәріне шыдамдылықпен және қуанышпен төзуге” жәрдемдеседі (Қолостықтарға 1:11).

НАЗАРДА ҰСТАЙЫҚ

16. Неге Ехобаның бүкіләлемдік билігінің маңыздылығын есімізге салып тұруымыз керек?

16 Рас, тұрмыстың ауыртпалығын тартқанда, Ехобаның бүкіләлемдік билігін назарда ұстау оңай бола бермейді. Егер тым көп ойлай берсек, кішігірім мәселенің өзі таудай көрінуі мүмкін. Сол үшін жағдайымыз қиын болғанда, Құдайдың бүкіләлемдік билігін қолдаудың қаншалықты маңызды екенін үнемі есімізге салып тұруымыз керек.

Ехобаның ісінен қол үзбегеніміз аса маңызды мәселені назарда ұстауға көмектеседі

17. Ехобаның ісінен қол үзбегеніміз маңызы зор мәселені назарда ұстауға қалай көмектеседі?

17 Ехобаның ісінен қол үзбегеніміз маңызы зор мәселені назарда ұстауға көмектеседі. Мысалы, Рене деген әйел бауырлас инсульт алған, толассыз ауырсынудан және қатерлі ісіктен жапа шеккен. Ауруханада болған кезінде ол сондағы қызметкерлерге, науқастар мен келушілерге куәлік еткен. Бірде ол небәрі екі жарым аптаның ішінде 80 сағат уағыздаған. Өлім аузында жатса да, ол Ехобаның бүкіләлемдік билігін назарынан тыс қалдырмаған. Ал бұл, өз кезегінде, оның қасіретін біршама жеңілдетті.

18. Дженнифермен болған жағдайдан Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауға қатысты неге үйренеміз?

18 Біз күнделікті өмірдегі қысым мен келеңсіз жағдайларға кезіккенде де, Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдағымыз келеді. Мысалы, Дженнифер есімді бауырлас әуежайда үйіне қайтатын ұшақты үш күн бойы күтеді. Рейстер бірінен соң бірі кейінге қалдырыла береді. Бұған әбден қажыған әрі жалғызсыраған Дженнифер өз-өзін аяй бастауына болар еді. Бірақ ол өзі сияқты ұшақты күтіп отырғандарға ізгі хабарды айту үшін Ехобадан көмек сұрайды. Нәтижесінде бірталай адамға уағыздап, көп әдебиет таратады. Дженнифер былай дейді: “Осы бір қиын жағдайда Ехоба маған батасын бергенін әрі өзінің есімін лайықты түрде дәріптей алуым үшін күш бергенін сездім”.

19. Шынайы ғибадатты ұстанатындар несімен айрықшаланады?

19 Ехобаның халқы ғана оның бүкіләлемдік билігінің мән-маңызын жете түсінеді. Шынайы ғибадатты ұстанатындар осынысымен айрықшаланады. Олай болса, шынайы ғибадаттың жақтаушылары ретінде әрбіріміз Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауды жалғастыра беруге тиіспіз.

20. Ехоба қолыңыздан келгенше бүкіләлемдік билігін қолдап жатқаныңызға қалай қарайды?

20 Адал қызметіңізбен және қиындықта табандылық танытуыңызбен қолдан келгенше Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдап жатқаныңызды ол байқап, жоғары бағалайтынына сенімді болғайсыз (Зәбүр 18:25). Кейінгі мақалада неге Ехобаның бүкіләлемдік билігі шын жүректен қолдауыңызға лайық екені және мұны қалай істеуге болатыны жөнінде әңгіме өрбиді.