Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сүйіспеншілік — асыл қасиет

Сүйіспеншілік — асыл қасиет

ЕХОБА елші Пауылға адам бойында киелі рухтың әсерімен дамитын тоғыз қасиетті жаздырған (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Осы тамаша қасиеттердің бәрі қосылып “киелі рухтың жемісін” құрайды *. Сондай-ақ бұл жеміс — мәсіхшілер ие болатын “жаңа болмыстың” бір бөлігі (Қолостықтарға 3:10). Жақсылап суғарылатын ағаш жеміс беретініндей, өміріне киелі рухтың әсер етуіне жол беретін адамның бойында осындай керемет қасиеттер болады (Зәбүр 1:1—3).

Пауыл жазған алғашқы қасиет — сүйіспеншілік. Бұл қасиет қаншалықты бағалы? Пауыл сүйіспеншілігі болмаса, өзінен “еш пайда жоқ” екенін айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 13:2). Ендеше, сүйіспеншілік деген не? Оны қалай дамытып, күнделікті өмірде таныта аламыз?

СҮЙІСПЕНШІЛІК ДЕГЕН НЕ?

Сүйіспеншілікке нақты анықтама беру қиын болғанмен, Киелі кітапта сүйетін адамның қалай ойланып, қалай әрекет ететіні сипатталған. Мысалы, сүйетін адам “шыдамды да мейірімді” және “шындыққа қуанады”. Сүйіспеншілігі бар адам “бәріне төзеді, бәріне сенеді, еш үмітін үзбейді, бәріне төтеп береді”. Айналасындағы адамдарға бауырмалдықпен қарап, олардың қамдарын шын жүректен ойлайды әрі адал дос болады. Ал сүйіспеншілігі жоқ адам қызғаншақ, мақтаншақ, әдепсіз, өзімшіл әрі өзгелерді кешірмейді. Әрине, мұндай жағымсыз қасиеттердің орнына біз шынайы сүйіспеншілік танытқымыз келер еді, әрі мұндай сүйіспеншілік “өзімшіл емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8).

ЕХОБА МЕН ИСА — СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ КЕМЕЛДІ ҮЛГІЛЕРІ

“Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8). Оның бүкіл ісі осыған дәлел. Құдайдың адамзатқа танытқан ең зор сүйіспеншілігі — Исаны біз үшін азапталып, өлу үшін жерге жібергені. Елші Жохан бұл жайында былай деген: “Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: жалғыз Ұлын осы дүниеге жіберді. Осылайша сол арқылы өмірге ие болуымызға жол ашты. Бұл сүйіспеншіліктің мәні мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, ол бізді сүйді, сондықтан күнәларымыз үшін Ұлын өзімен татуластыратын құрбандық ретінде жіберді” (Жоханның 1-хаты 4:9, 10). Иә, Құдайдың сүйіспеншілігінің арқасында күнәларымыз кешіріліп, үміт пен өмірге ие бола аламыз.

Иса да Құдай еркін орындау үшін өз өмірін құрбан етуімен адамзатты сүйетінін көрсетті. Елші Пауыл былай деді: “Құдайдың осы “еркі” бойынша, Иса Мәсіх денесін біржола ұсынғандықтан қасиетті болдық” (Еврейлерге 10:9, 10). Бұдан асқан сүйіспеншілікті басқа ешқандай адам таныта алмас еді. Иса айтқандай, “достары үшін жанын қиған адамның сүйіспеншілігінен артық сүйіспеншілік жоқ” (Жохан 15:13). Ал кемелсіз пенде Ехоба мен Исаның көрсеткен сүйіспеншілігіне еліктей ала ма? Әрине! Келіңіздер, оны танытудың жолдарын білейік.

“СҮЙІСПЕНШІЛІК ЖОЛЫМЕН ЖҮРІҢДЕР”

Пауыл бізді былай деп шақырған: “Сүйікті балалары ретінде Құдайға еліктеңдер, Мәсіх іспетті сендер де сүйіспеншілік жолымен жүріңдер. Ол бізді сүйді, әрі біз үшін өмірін қиды” (Ефестіктерге 5:1, 2). “Сүйіспеншілік жолымен жүру” деген нені білдіреді? Бұл дегеніміз сүйіспеншілікті әрқашан да көрсетуіміз керектігін білдіреді. Біз өзгелерге “сені жақсы көремін” деп айтып қана қоймаймыз, мұны ісімізбен көрсетеміз. “Сүйікті балаларым, бір-бірімізді сөз жүзінде не ауызбен ғана емес, іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік”,— деп жазған Жохан (Жоханның 1-хаты 3:18). Мысалы, Ехоба мен өзге адамдарды сүйгендіктен, біз “Патшалық жайлы ізгі хабарды” уағыздаймыз (Матай 24:14; Лұқа 10:27). Сонымен қатар шыдамды, мейірімді және кешірімшіл болсақ, “сүйіспеншілік жолымен жүргеніміз”. Біз Киелі кітаптағы мына кеңесті ұстанамыз: “Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер” (Қолостықтарға 3:13).

Алайда біреуге кеңес берсек не түзетсек, бұл бізде сүйіспеншілік жоқ дегенді білдірмейді. Мысалы, балалары жылай бермес үшін кейбір ата-ана баласы не айтса, соған көнеді. Бірақ баласын шынымен сүйетін ата-ана қажет кезінде қаталдық танытады. Сол сияқты, Құдайдың тұла бойы сүйіспеншілік болғанымен, ол “кімді жақсы көрсе, соны жөнге салады” (Еврейлерге 12:6). Олай болса, біреуді қажет кезінде орнымен жөнге салсақ, бұл — сүйіспеншіліктің белгісі (Нақыл сөздер 3:11, 12). Алайда бәріміздің де күнәкар екенімізді әрі жиі сүйіспеншілік таныта алмай қалатынымызды ұмытпалық. Олай болса, баршамыз да сүйіспеншілік таныту жағынан жақсара аламыз. Қалай? Мұның үш жолына көңіл бөлейік.

СҮЙІСПЕНШІЛІКТІ ҚАЛАЙ ДАМЫТА АЛАМЫЗ?

Біріншіден, Құдайдан бойымызда сүйіспеншілік дамытуға көмектесетін киелі рухты сұрайық. Иса Ехобаның “сұрағандарға киелі рух беретінін” айтқан (Лұқа 11:13). Сондықтан дұғада киелі рух сұрап, оның көмектесуіне жол берсек, сүйіспеншілігіміз артқан үстіне арта береді (Ғалаттықтарға 5:16). Мәселен, ақсақал болсаңыз, өзгелерге Киелі кітаптан кеңес бергенде, мұны сүйіспеншілікпен істеу үшін киелі рух сұрасаңыз болады. Ал егер ата-ана болсаңыз, балаларыңызды ашу үстінде емес, сүйіспеншілікпен түзету үшін Құдайдан киелі рухты сұрап дұға айтсаңыз болады.

Екіншіден, Исаның өзіне жәбір көрсеткендерге қалай сүйіспеншілік танытқаны жайлы терең ойланыңыз (Петірдің 1-хаты 2:21, 23). Біреу сізді ренжіткенде не әділетсіздікке кезіккенде, “Мұндай жағдайда Иса не істер еді?” деп ойлансаңыз болады. Осылай еткені Лей есімді әйел бауырласқа әрекет етпес бұрын ойлануға көмектескен екен. Ол былай дейді: “Бір күні бір әріптесім басқа әріптестеріме мен туралы, қалай жұмыс істейтінім туралы жамандап жазып жіберіпті. Мұны білгенде, қатты ренжідім. Бірақ артынан “Бұл адаммен қарым-қатынасымда Исаға қалай еліктей аламын?” деп ойландым. Иса менің орнымда болғанда қалай әрекет ететіні жайлы біраз ойланған соң, бұл жағдайға аса мән бермей, бәрін сол күйінде қалдыруды шештім. Кейіннен әлгі әріптесімнің ауыр дертпен күресіп, көп стреске ұшырап жүргенін білдім. Содан ол әлгі хатымен мені ренжіткісі келмеген болар деген ойға келдім. Иса тіпті ашуына тиюге тырысқан адамдарға сүйіспеншілік таныта білген. Оның үлгісі әріптесіме осындай сүйіспеншілік танытуға көмектесті”. Демек, Исаға еліктер болсақ, басқаларға әрдайым сүйіспеншілік танытамыз.

Үшіншіден, жанқияр сүйіспеншілікті танытуды үйреніңіз. Исаның шынайы ізбасарлары осындай сүйіспеншіліктерімен танылады (Жохан 13:34, 35). Исаның өзі бізге жанқияр сүйіспеншілік танытудың кемелді үлгісін көрсеткен. Қалайша? Ол біздің игілігіміз үшін “барлығынан өз еркімен бас тартып”, біз үшін жанын берді (Філіпіліктерге 2:5—8). Исаның жанқияр сүйіспеншілігіне еліктер болсақ, ойымыз бен сезімдеріміз оған ұқсай түседі әрі біз басқалардың мүддесін өзіміздікінен жоғары қоятын боламыз.

СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ ӘКЕЛЕР ЖЕМІСІ

Сүйіспеншілік танытудың көп пайдасы бар. Солардың екеуіне тоқталып өтейік.

Сүйіспеншілік танытудың қандай пайдасы бар?

  • ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАУЫРЛАСТЫҚ. Бір-бірімізді сүйгендіктен, дүниенің қай бұрышындағы қауымға барсақ та, бауырластардың бізді құшақ жая қарсы алатынын білеміз. “Дүниежүзіндегі барлық бауырластарыңыз” сізді жақсы көретінін сезіну неткен ғанибет! (Петірдің 1-хаты 5:9). Мұндай сүйіспеншілікті біз тек Құдай халқының арасынан ғана табамыз.

  • БІРЛІК. “Сүйіспеншілікпен бір-бірімізге төзімділік танытқанның” арқасында арамыздағы “бірлікті сақтап қаламыз” (Ефестіктерге 4:2, 3). Қауым кездесулері мен конгрестерде бас қосқанда, біз осындай бірлікті сезінеміз. Жік-жікке бөлінген мына заманда арамыздағы ынтымақ-бірлігіміздің жарасып тұрғаны таңғажайып емес пе?! (Зәбүр 119:165; Ишая 54:13). Басқалармен татулық сақтауға тырыссақ, оларды шынымен жақсы көретінімізді көрсетеміз және көктегі Әкемізге ұнамды боламыз (Зәбүр 133:1—3; Матай 5:9).

СҮЙІСПЕНШІЛІК НЫҒАЙТАДЫ

Пауыл: “Сүйіспеншілік... нығайтады”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 8:1). Бұл нені білдіреді? Қорынттықтарға 1-хаттың 13-тарауында Пауыл сүйіспеншіліктің адамды қалайша нығайтатынын түсіндірген. Кейбіреулер бұл тарауды “сүйіспеншіліктің әнұраны” деп атайды. Сүйіспеншілік өзге адамның игілігін ойлайды. Ол басқалардың қажетін қамдайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:24; 13:5). Сүйіспеншілік қамқор, өзгенің жағдайын елеп-ескереді, шыдамды әрі мейірімді, сондықтан ол отбасыларының сүйіспеншілігін нығайтады әрі қауымдарда береке-бірліктің орнауына септігін тигізеді (Қолостықтарға 3:14).

Айналамыздағы адамдарға көптеген жолдармен сүйіспеншілік таныта аламыз, алайда ең бағалы әрі нығайтатын сүйіспеншілік — Құдайға деген сүйіспеншілік. Неліктен? Себебі ол бізді біріктіреді. Түрлі ортадан, нәсілден әрі тілден шыққан адамдар Ехобаға бірігіп ғибадат етеді, “иық тіресе оған қызмет етеді” (Софония 3:9). Олай болса, күн сайын киелі рухтың жемісіне кіретін осы асыл қасиетті танытуға бел буалық.

^ 2-абзац Бұл — бірқатар тоғыз мақаланың алғашқысы. Осы мақалаларда киелі рух жемісін құрайтын қасиеттердің әрқайсысы қарастырылатын болады.