Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Шындық “татулық емес, семсер” әкеледі

Шындық “татулық емес, семсер” әкеледі

“Мені жер бетіне татулық әкелуге келді деп ойламаңдар. Мен татулық емес, семсер әкелуге келдім” (МАТАЙ 10:34).

ӘНДЕР: 43, 24

1, 2. Бүгінде біз қандай тыныштыққа кенеле аламыз? ә) Неліктен қазір толық тыныштыққа кенелу мүмкін емес? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ҚАЙ-ҚАЙСЫСЫМЫЗ да тыныш әрі уайым-қайғысыз өмір кешкіміз келеді. Сондықтан “Құдайдың тыныштығын” алғанымыз үшін біз Ехобаға қатты ризамыз. Бұл тыныштықтың арқасында біз сабыр сақтап, көңілді түсіретін ойлар мен сезімдерге берілмейміз (Філіпіліктерге 4:6, 7). Бұған қоса, өмірімізді Ехобаға бағыштағандықтан, “Құдаймен татумыз”, яғни онымен жақсы қарым-қатынастамыз (Римдіктерге 5:1).

2 Алайда Құдайдың бүкіл жер бетіне тыныштық орнататын уақыты әлі келген жоқ. Біз соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз, сондықтан уайымға батыратын қиыншылықтар жетіп жатыр. Қоғамымызда зұлым адамдар өте көп (Тімөтеге 2-хат 3:1—4). Оның үстіне, біз Шайтанмен және оның таратып жатқан жалған ілімдерімен күресіп жүрміз (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5). Бірақ бәрінен бұрын, Ехобаға қызмет етпейтін туыстарымыздың қарсылықтары бізді қатты уайымға салуы мүмкін. Туыстарымыздың кейбірі нанымдарымызды күлкі етуі мүмкін, я болмаса отбасымызды ажыратып жүрсің деп бізге айып тағатын шығар. Тіпті Ехобаға қызмет етуді доғармайынша отбасы мүшесі болмайсың деуі де мүмкін. Ендеше, үй ішіндегілердің қарсылықтарына қалай қарауымыз керек? Сондай жағдайда қалай тыныштық сақтауға болады?

ОТБАСЫМЫЗДЫҢ ҚАРСЫЛЫҚТАРЫНА ҚАЛАЙ ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК?

3, 4. а) Исаның тәлімдерінің қандай әсері болуы мүмкін? ә) Исаның ізімен жүру әсіресе қай кезде қиын болады?

3 Иса тәлімдерін жұрттың бәрі бірдей қабылдамайтынын білген. Сондай-ақ кейбір адамдар шәкірттеріне қарсы шығатындықтан, оларға батыл болу керектігін де білді. Осы қарсылықтар олардың отбасының ынтымағына да кері ықпалын тигізуі мүмкін еді. Иса былай деді: “Мені жер бетіне татулық әкелуге келді деп ойламаңдар. Мен татулық емес, семсер әкелуге келдім. Өйткені мен ұлын әкесінен, қызын шешесінен, ал келінін енесінен ажыратуға келдім. Иә, адамға өз үй ішіндегілері дұшпан болады” (Матай 10:34—36).

4 “Мені жер бетіне татулық әкелуге келді деп ойламаңдар”,— деуімен Иса не айтқысы келді? Ол өзінің шәкірті болуды шешкен адамдар бұның қандай да бір салдарын көретінін білсін деді. Әрине, Исаның мақсаты отбасыларды ойрандату емес, адамдарға Құдай туралы шындықты үйрету еді (Жохан 18:37). Бірақ шәкірттері Исаның ізімен жүрудің оңай бола бермейтінін, әсіресе жақын достары мен үй ішіндегілері шындықты қабылдамаса қиынға соғатынын білулері керек еді.

5. Исаның ізбасарлары бастарынан не өткерген?

5 Иса ізбасарларына басқа қиындықтармен қатар, үй ішіндегілердің тарапынан көрсетілетін қарсылыққа да төзуге дайын болу керектігін айтты (Матай 10:38). Исаға ұнамды болу үшін оның шәкірттері отбасылары күлкі етсе де, олардан бас тартса да, төзімді бола алған. Бірақ олардың тапқаны жоғалтқанынан анағұрлым көп болды (Марқа 10:29, 30 оқыңыз).

6. Туыстарымыз қарсылық көрсетсе, нені есте ұстауымыз қажет?

6 Туыстарымыз Ехобаға ғибадат еткенімізге бола бізден бас тартса да, бәрібір оларды жақсы көреміз. Бірақ мына жайтты естен шығармауымыз керек: Құдай мен Мәсіхке деген сүйіспеншілігіміз кез келген адамға деген сүйіспеншілігімізден артық болуы тиіс (Матай 10:37). Бұған қоса, Шайтан отбасымызға деген сүйіспеншілігімізді пайдаланып, адалдығымыздан таюға итермелейтінін де біліп жүргейміз. Қазір туыстармен туындайтын қиын жағдайлардың кейбірін және оларға қалай төзуге болатынын қарастырайық.

ЖҰБАЙЫМЫЗ МӘСІХШІ БОЛМАСА

7. Егер жолдасыңыз Ехобаға қызмет етпейтін болса, қандай көзқарас сақтауыңыз керек?

7 Киелі кітап некелескен адамның “жаңа қиындықтарға” кезігетінін ескертеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Егер сіз Ехобаға қызмет етпейтін адаммен некеде болсаңыз, қосымша қиындықтар тууы мүмкін. Әйткенмен өз жағдайыңызға Ехобаның көзқарасымен қарағаныңыз жөн. Оның басшылығы бойынша, отбасындағы күйеуі не әйелі сенуші болмағанына бола одан бөлек тұру не ажырасу дұрыс емес (Қорынттықтарға 1-хат 7:12—16). Ехобаға қызмет етпейтін күйеуіңіз шынайы ғибадат етуде басшылықты қолына алмаса да, сіз оны отағасы ретінде құрметтей беруіңіз керек. Ал егер әйеліңіз Ехобаға сенбейтін болса, сонда да оны сүйіп, аялап қамқорлауыңыз қажет (Ефестіктерге 5:22, 23, 28, 29).

8. Жұбайыңыз ғибадатқа байланысты шектеулер қойып жатса, қандай сұрақтар жөнінде ойлана аласыз?

8 Егер жұбайыңыз сізге ғибадатқа байланысты шектеулер қойса ше? Мысалы, бір әйел бауырласымыздың күйеуі оған аптаның белгілі бір күндері ғана уағызға шығуға рұқсат берген екен. Сіздің де жағдайыңыз осы іспеттес болса, былай деп ойланып көріңізші: “Жолдасым маған Ехобаға мүлдем қызмет етпе деп жатыр ма? Егер олай демесе, оның өтінішін орындай аламын ба?” Есті болсаңыз, некедегі қиындықтарыңызды азайта аласыз (Філіпіліктерге 4:5).

9. Мәсіхшілер өз балаларына сенбейтін әкесін я шешесін құрметтеуді қалай үйрете алады?

9 Некелік жарыңыз Ехобаға қызмет етпейтін болса, балаларды тәрбиелеу оңайға соқпауы мүмкін. Мысалы, сіз балаларыңызға Киелі кітаптағы “әке-шешеңді құрметте” деген сөздерге құлақ асуды үйретуіңіз керек (Ефестіктерге 6:1—3). Бірақ жұбайыңыздың жүріс-тұрысы Киелі кітапқа қайшы келсе ше? Мұндай жағдайда жұбайыңызды құрметтеу арқылы балаларыңызға үлгі көрсете аласыз. Күйеуіңіз не әйеліңіздің бойындағы жақсы қасиеттер жайлы ойланып, оған істеп жүрген барлық игі істері үшін риза екеніңізді айтыңыз. Балалардың көзінше жарыңыз жөнінде жаман сөйлемеңіз. Мұның орнына, Ехобаға қызмет етуді әрбір адам өзі шешу керек екенін түсіндіріңіз. Егер балаларыңызға сенбейтін әкесін не шешесін құрметтеуді үйретсеңіз, олардың үлгілі жүріс-тұрысына қарап, сенбейтін жұбайыңыз Ехоба жайлы көбірек білгісі келуі мүмкін.

Әр мүмкіндікті пайдаланып, балаларыңызға Киелі кітап жайлы үйретіңіз (10-абзацты қараңыз)

10. Мәсіхші ата-аналар балаларына Ехобаны сүюді қалай үйрете алады?

10 Сенуші емес кейбір әкелер не аналар өз балаларының жалған діннен шыққан мейрамдарды тойлағанын я болмаса жалған діни ілімдерді оқып-білгенін қалайтын шығар. Кейбір күйеулер мәсіхші әйелдеріне балаларға Киелі кітап жайлы үйретуге тыйым салуы да мүмкін. Тіпті осындай жағдайдың өзінде мәсіхші ана балаларына шындықты үйрету үшін қолынан келгеннің бәрін істейді (Елшілердің істері 16:1; Тімөтеге 2-хат 3:14, 15). Мысалы, сенбейтін күйеуі балаларының анасымен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткенін не қауымға барғанын қаламайды делік. Мұндайда әйелі күйеуінің шешімін құрметтесе де, мүмкіндік туған кездері балаларына өз нанымдары жайлы айтып берсе болады. Осылайша балалар Ехоба туралы және оның жақсы мен жаманға қатысты орнатқан нормаларын біле алады (Елшілердің істері 4:19, 20). Ал уақыты келгенде, Ехобаға қызмет ету-етпеуді балалардың өздері шешу керек болады * (Мұсаның 5-жазбасы 30:19, 20).

ТУЫСТАРЫМЫЗ ШЫНАЙЫ ҒИБАДАТҚА ҚАРСЫ БОЛСА

11. Ехобаға қызмет етпейтін туыстармен арамызда қиындықтар тууына не себеп болуы мүмкін?

11 Ехоба куәгерлерімен алғаш зерттей бастағанымызда, бұл жайлы отбасымызға айтпаған шығармыз. Бірақ сеніміміз нығая келе, Ехобаға қызмет еткіміз келетіні жайлы айту керектігін түсіндік (Марқа 8:38). Шешіміңізде нық тұрғандықтан, кейін үй ішіндегілермен арақатынасыңызда қиындықтар туындаған шығар. Олай болса, туыстармен ынтымақты сақтау үшін және Ехобаға да адал болып қалу үшін не істей алатынымызды қарастырайық.

Үй ішіндегілердің сезімін түсінуге тырыссақ, оларға шындықты жеткізу анағұрлым оңай болады

12. Туыстарымыз бізге неге қарсы шығуы мүмкін? Біз оларға түсінушілікпен қарайтынымызды қалай көрсетсек болады?

12 Сенбейтін туыстарыңыздың ой-сезімін түсінуге тырысыңыз. Біз Киелі кітаптағы шындықты тапқанымызға өте қуаныштымыз. Әйтсе де туыстарымыз бізді алданып қалды немесе біртүрлі дінге кіріп кетті деп уайымдайтын шығар. Олармен бірге мейрамдар тойламайтындықтан, “бұл енді бізді жақсы көрмейді” деп пайымдауы мүмкін. Я болмаса өлгеннен кейін қатты азапқа ұшырайды деп біз үшін қорқуы да ғажап емес. Бізді неліктен уайымдайтынын білу үшін олардың ой-сезімін түсінуге тырысып, сөздерін мұқият тыңдауымыз қажет (Нақыл сөздер 20:5). Мысалы, елші Пауыл “әртүрлі адамдарға” ізгі хабарды жеткізу үшін, оларды түсінуге тырысқан. Егер өз туыстарымызды түсінуге тырыссақ, оларға шындықты жеткізудің амалын табатын шығармыз (Қорынттықтарға 1-хат 9:19—23).

13. Сенбейтін туыстарымызбен қалай сөйлесуіміз қажет?

13 Жұмсақтықпен сөйлеңіз. Киелі кітапта: “Сөздерің әрқашан жағымды болсын”,— делінген (Қолостықтарға 4:6). Бұл оңай емес шығар. Сондықтан туыстарымызға жұмсақтық пен мейірімділік таныту үшін, Ехобадан киелі рух сұрасақ болады. Біз олардың нанымдары жайлы сөз таластырмауымыз керек. Ал егер олардың сөзі мен әрекеті жанымызды жараласа, елшілерге еліктей аламыз. Пауыл былай деген: “Бізді қорлағандарға бата тілейміз, қуғындаса, төземіз, жала жапқандарға жылы жауап береміз” (Қорынттықтарға 1-хат 4:12, 13).

14. Үлгілі жүріс-тұрыстың қандай пайдасы бар?

14 Жүріс-тұрысыңыз үлгілі болсын. Бұл неге маңызды? Жұмсақтықпен сөйлегеніміз туыстарымызбен ынтымақта болуға көмектескенімен, біздің үлгілі жүріс-тұрысымыздың әсері анағұрлым күштірек (Петірдің 1-хаты 3:1, 2, 16 оқыңыз). Сізге қарап, туыстарыңыз Ехоба куәгерлерінің некеде бақытты екенін, балаларына жақсы қарайтынын, Киелі кітаптағы талаптарға сай өмір сүретінін, өмірлері мән-мағыналы екенін көрсін. Мейлі, туыстарымыз шындықты қабылдамаса да, жүріс-тұрысымыз Ехобаға ұнамды екенін білгенімізге қуанамыз.

15. Туыстарымызбен дауласып кетпес үшін қандай жоспар құруға болады?

15 Алдын ала жоспар құрыңыз. Туыстарыңызбен пікірталас тудыруы мүмкін жағдайлар жөнінде ойланыңыз. Сосын не істейтініңізді шешіп алыңыз (Нақыл сөздер 12:16, 23). Австралиялық бір әйел бауырлас дәл осылай етеді. Оның қайын атасы шындыққа қатты қарсы болатын әрі кейде ашуланып кететін. Сондықтан оған телефон шалмас бұрын, күйеуі екеуі дұға айтып, ол кісіге ашумен жауап қайтармау үшін Ехобадан көмек сұрап алады екен. Қандай жағымды тақырыпта әңгімелесетінін де ойластырып алады. Бұған қоса, әңгімелері діни дау-дамайға ұласып кетпеу үшін, ұзақ сөйлеспей, қанша уақыт сөйлесетіндерін шешіп алады екен.

Ехобаға деген адалдығыңыз отбасыңызға деген сүйіспеншіліктен мықтырақ болу керек

16. Туыстарыңыздың көңілінен шықпағаныңыз үшін өзіңізді кінәлі сезінбеуге не көмектеседі?

16 Әрине, кейде сенбейтін туыстармен келіспеушіліктер болып тұрады. Барлық келіспеушіліктің алдын алу мүмкін емес. Ал келіспеушілік туындаса, сіз оларды жақсы көргендіктен және олардың көңілінен шыққыңыз келетіндіктен, өзіңізді кінәлі сезінетін шығарсыз. Бірақ Ехобаға деген адалдығыңыз отбасыңызға деген сүйіспеншіліктен мықтырақ болу керектігін есте ұстаңыз. Туыстарыңыз осыны көргенде, Ехобаға қызмет етудің қаншалықты маңызды екенін түсінуі мүмкін. Сіз шындықты ешкімге күштеп қабылдата алмайсыз. Бірақ оларға Ехобаның жолымен жүргеніңіз қандай пайдасын тигізіп жатқанын көрсете аласыз. Ехоба бізге қай жолды таңдайтынымызды шешуге мүмкіндік бергеніндей, оларға да сондай мүмкіндік беріп отыр (Ишая 48:17, 18).

ОТБАСЫМЫЗДЫҢ БІР МҮШЕСІ ЕХОБАНЫ ТАСТАП КЕТСЕ

17, 18. Отбасымыздың бір мүшесі Ехобаны тастап кетсе, бізге не көмек бола алады?

17 Отбасымыздың бір мүшесі қауымнан шығарылса не өздігінен бас тартса, бұл бізге қылыш сұққандай қатты ауыр тиюі мүмкін. Осындай кезде еңсемізді қалай көтере аламыз?

18 Рухани істермен айналыса беріңіз. Аталмыш жағдай қатты ауыр тиіп, еңсеңізді басып тұрса, өз сеніміңізді нығайтуыңыз қажет. Бұл үшін Киелі кітапты күніге оқыңыз, қауым кездесулеріне дайындалып барыңыз, уағыздаңыз және төзуге қажетті күш сұрап Ехобаға дұға айтыңыз (Яһуда 20, 21). Ал егер осы істердің бәрін істесеңіз де, бойыңызды басқан зіл еш тарамаса ше? Еш берілмеңіз! Рухани істермен айналыса беріңіз. Уақыт өте келе бұл сізге ой-сезімді жүгендей білуге көмектеседі. 73-ші зәбүрдің жыршысы да өмірінің бір кезеңінде ойы мен сезімін жүгендей алмай қалған. Бірақ Ехобаға ғибадат еткенінің арқасында ол қайтадан дұрыс көзқарас таныта алды (Зәбүр 73:16, 17). Бұл сізге де көмек бола алады.

19. Ехобаның өз халқын түзету әдісін құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз?

19 Ехобаның түзету шарасын құрметтеңіз. Құдайдың түзетуі бәріне, қауымнан шығарылған адамға да, пайдасын тигізеді. Жақын адамымызға осындай түзету шарасы қолданылғаны бізге ауыр тисе де, соның арқасында ол болашақта Ехобаға оралуы мүмкін (Еврейлерге 12:11 оқыңыз). Ал әзірше біз қауымнан шығарылған адамдармен “араласуды доғарыңдар” деген Ехобаның бұйрығын құрметтеуіміз керек (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13). Бұл оңай емес, әрине. Бірақ біз олармен телефон, СМС, хат, электронды пошта, я болмаса бұқаралық ақпарат құралдары арқылы араласудан аулақ болуымыз керек.

20. Неден үмітімізді үзбеу керек?

20 Үмітіңіз еш үзілмесін! Сүйіспеншілік “еш үмітін үзбейді”, сондықтан сүйікті адамымыз Ехобаға оралады деп үміттенеміз (Қорынттықтарға 1-хат 13:7). Егер сіз жақын туысыңыздың ой-көзқарасы шынында да жақсарып жатқанын көрсеңіз, онда ол үшін дұға айта аласыз. Дұғада Киелі кітаптан күш алсын және Ехобаның “маған қайта бет бұр” деген шақыруын қабыл алсын деп сұрасаңыз болады (Ишая 44:22).

21. Мәсіхші болғаныңыз үшін отбасыңыз сізге қарсылық көрсетсе, не істеуіңіз қажет?

21 Иса айтқандай, біз оны кез келген адамнан артық жақсы көруіміз керек. Шәкірттері үй ішіндегілерінің қарсылығына қарамастан, батыл болып, өзіне адалдық сақтайтынына Исаның күмәні болмады. Сонымен, егер сіздің де отбасыңыз мәсіхші болғаныңызға қарсы болса, Ехобаға арқа сүйеңіз. Қиындықтарға төзу үшін Құдайдан көмек сұраңыз (Ишая 41:10, 13). Ехоба мен Иса сізге разы, сондықтан олар сіздің адалдығыңыз үшін сый береді. Осыны білгеніңіз сізге қуаныш сыйласын!

^ 10-абзац Отбасында ата-ананың біреуі ғана Ехобаға қызмет еткен жағдайда балаларды тәрбиелеуге қатысты көбірек мәліметті “Оқырман сауалдары” айдарынан табуға болады: “Күзет мұнарасы” (ор.), 15 тамыз, 2002 жыл.