Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Зәкәрия көрген аяндардың бізге қандай қатысы бар?

Зәкәрия көрген аяндардың бізге қандай қатысы бар?

“Маған қайта оралыңдар... Сонда мен де сендерге ораламын” (ЗӘКӘРИЯ 1:3).

ӘНДЕР: 120, 117

1—3. а) Зәкәрия пайғамбарлық ете бастағанда, Құдай халқының жағдайы қандай еді? ә) Неліктен Ехоба халқына: “Маған қайта оралыңдар”,— деді?

ҰШЫП бара жатқан шиыршық. Ыдыстың ішінде отырған әйел. Желмен самғап ұшқан, дегелектікіндей қанаты бар екі әйел. Бұл Зәкәрия көрген көңіл толқытарлық аяндардың кейбірі (Зәкәрия 5:1, 7—9). Ехоба бұл таңғаларлық аяндарды пайғамбарына не мақсатпен көрсетті? Сол кездері исраилдіктердің жағдайы қандай болды? Бұл аяндарды қарастырудың біз үшін қандай пайдасы бар?

2 Б. з. б. 537 жылы Ехобаның халқы шаттыққа кенелді. Бабыл жерінде 70 жыл бойы тұтқын болған олар енді бостандыққа жетті! Олар Иерусалимге қайта оралып, ғибадатхананы қалпына келтіруге және сонда Ехобаға ғибадат етуге аса ықыласты еді. Арада бір жыл өткен соң, исраилдіктер ғибадатхананың іргетасын қалады. Халықтың төбесі көкке жетті! “Олардың қатты айғайлағаны сонша — дауыстары алысқа жетіп жатты” (Езра 3:10—13). Әйткенмен ғибадатхананың құрылысына көрсетілген қарсылық күшейген үстіне күшейе түсті. Бұдан исраилдіктердің жігері құм болып, құрылыс ісін тоқтатып қойды. Сөйтіп, ендігі бар ойлары өздеріне үй салып, егіндікпен айналысу болып кетті. 16 жыл өтсе де, Ехобаның ғибадатханасы әлі аяқталмаған күйі тұра берді. Сондықтан Құдай халқына Ехобаға оралуды әрі бас пайдасын бірінші орынға қоймауды ескерту қажет болды. Ехоба олардың құлшына әрі батыл ғибадат еткенін қалады.

Өзіміздегі ең жақсыны беріп қызмет етсек қана, Ехоба ғибадатымызды қабыл алады

3 Сонымен, б. з. б. 520 жылы Ехоба халқына не себепті Бабылдан босатқанын естеріне салу үшін Зәкәрия пайғамбарды жіберді. Бір қызығы, Зәкәрияның есімі “Ехоба есіне алды” дегенді білдіреді. Халық Ехобаның жақсылықтарын ұмытып кетсе де, Құдай оларды ұмытпады (Зәкәрия 1:3, 4 оқыңыз). Ехоба оларға таза ғибадатты қалпына келтіруге көмектесетінін уәде етті. Алайда халық өзіндегі ең жақсысын беріп қызмет еткенде ғана, Ехоба ғибадаттарын қабыл алатынын нық ескертті. Ендеше, Зәкәрия көрген алтыншы және жетінші аянды қарастырайық. Осыны қарастыру барысында Ехоба исраилдіктерге қалай қозғау салғанын және аталмыш екі аянның біздер үшін қандай пайдасы бар екенін көреміз.

ҚҰДАЙДЫҢ ҰРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ҮКІМІ

4. Зәкәрия алтыншы аянда нені көрді? Неге шиыршықтың екі бетіне де жазу жазылған? (Мақаланың басындағы 1-суретті қараңыз.)

4 Зәкәрия кітабының 5-тарауы өте ерекше бір аяннан басталады (Зәкәрия 5:1, 2 оқыңыз). Зәкәрия әуеде ұшып бара жатқан бір шиыршықты көрді. Оның ұзындығы шамамен 9 метр, ал ені 4,5 метр болатын. Шиыршық ашық тұр екен және онда бір хабар жазылыпты (Зәкәрия 5:3). Ондағы хабар ауыр үкім еді. Ежелгі заманда адамдар шиыршықтың бір бетіне ғана жазу түсіретін. Бірақ бұл хабардың маңызды болғаны сонша — ол шиыршықтың екі жағына да жазылған еді.

Мәсіхшілер ұрлықтың кез келген түрінен аулақ болуы тиіс (5—7 абзацты қараңыз)

5, 6. Ехоба ұрлықтың кез келген түріне қалай қарайды?

5 Зәкәрия 5:3, 4 оқыңыз. Адамдардың бәрі істеген істері үшін Құдайдың алдында жауапты. Ал Ехобаның халқы одан бетер жауапты, өйткені олар Құдайдың есімімен аталады. Олар оны жақсы көреді әрі ұрлық оның атына кір келтіретінін біледі (Нақыл сөздер 30:8, 9). Кейбіреулер келелі себеп болса, ұрлағанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлауы мүмкін. Бірақ себебі қаншалықты келелі болып көрінгенмен, ұрлыққа баратын адам өзінің ашкөз қалауын Ехобадан да, оның есімінен де, оның заңынан да артық санайтынын аян етеді.

6 Зәкәрия 5:3, 4-ке сай, Құдайдың қарғысы “ұрының үйіне... кіріп”, “сол жерде қалып, үйді... жалмап қоятынын” байқадыңыз ба? Демек, халқының арасында жасалған кез келген күнәні Ехоба аян етіп, жазасын тартқыза алады. Ұры өз істегенін полициядан, жұмыстағы бастығынан, ақсақалдардан не ата-анасынан жасыра алса да, бұнысын Құдайдан жасыра алмайды. Ұрлықтың қандай түрі болмасын, Құдай міндетті түрде оның бетін ашады (Еврейлерге 4:13). “Барлық жағдайда” адал жүріп-тұратын адамдардың арасында жүру біз үшін қандай бақыт десеңізші! (Еврейлерге 13:18).

7. Ұшып бара жатқан шиыршықтағы қарғысқа ұшырамау үшін не істеуге болады?

7 Иә, ұрлықтың кез келген түрі Ехоба үшін жеккөрінішті. Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты принциптерін білу, оларға мойынсұну және оның есімін ұятқа қалдырмайтындай өмір кешу біз үшін зор мәртебе. Осылай етер болсақ, Ехобаның мойынсұнбайтын адамдарға шығаратын үкіміне ұшырамаймыз.

БЕРГЕН УӘДЕҢІЗДІ “КҮН САЙЫН” ОРЫНДАП ЖҮРІҢІЗ

8—10. а) Ант деген не? ә) Седекия қандай антты бұзды?

8 Әлгі ұшып бара жатқан шиыршықта Құдайдың атымен “жалған ант беретіндерге” де ескерту жазылған еді (Зәкәрия 5:4). Ант дегеніміз — бірдеңенің шындығын растау үшін айтылатын сөз немесе бір нәрсені істеуге я істемеуге берік уәде беру.

9 Ехобаның атымен ант беру атүсті қарайтын нәрсе емес. Бұл — өте маңызды мәселе. Бұл жайт Иерусалимде билік еткен соңғы патша Седекиямен болған жағдайдан көрінеді. Седекия Бабыл патшасына берілемін деп Ехобаның атымен ант берген болатын. Бірақ ол өз уәдесінде тұрмады. Сол себепті Ехоба Седекия жайлы былай деді: “Өзін билеуші етіп қойған патшаның антын аяқасты етіп, онымен жасасқан келісімін бұзған кісі сол патшаның елінде, Бабылда өледі” (Езекиел 17:16).

10 Седекия өз антын Құдайдың атымен бергендіктен, Ехоба одан сөзінде тұрады деп күтті (Шежірелер 2-жазба 36:13). Бірақ ол сөзінен тайып, Бабылдың езгісінен босау үшін Мысырдан көмек сұрады. Әйтсе де онысынан түк шықпады (Езекиел 17:11—15, 17, 18).

11, 12. а) Өмірдегі ең маңызды уәде қандай? ә) Құдайға бағышталғанымыз күнделікті өмірімізге қалай әсер етуі керек?

11 Седекияның жағдайынан көретініміздей, Ехоба біздің сертімізді мұқият тыңдайды. Оған ұнамды болу үшін, сол уәделерімізге берік болуымыз керек (Зәбүр 76:11). Адам баласы беретін ең маңызды уәде — Ехобаға бағышталу. Өзімізді Ехобаға бағыштаған кезде біз өмірімізде қандай жағдай болмасын, оған қызмет етемін деп уәде береміз.

12 Құдайға берген уәдемізді қалай орындай аламыз? Біз “күн сайын” үлкенді-кішілі сынақтарға кезігіп жатамыз. Сол сынақтардағы әрекетімізден Ехобамен қарым-қатынасымыздың қаншалықты мықты екені көрінеді (Зәбүр 61:8). Мысалы, жұмыста не мектепте біреу сізге қырындап я қылымси бастаса, не істейсіз? Бұл қылықтан үзілді-кесілді бас тартып, Ехобаға мойынсұнғыңыз келетінін көрсетесіз бе? (Нақыл сөздер 23:26). Ал егер үйіңізде сізден басқалары Ехобаға ғибадат етпейтін болса ше? Осыған қарамастан, мәсіхшілерге лайық жүріп-тұру үшін Ехобадан көмек сұрайсыз ба? Қандай жағдайда болсаңыз да, Ехобаға сүйіспеншілігі мен ақыл-кеңесі үшін күн сайын алғыс білдіресіз бе? Әр күні Киелі кітапты оқуға уақыт бөлесіз бе? Ехобаға өмірімізді бағыштағанда, біз осы айтылғандарды істеуді уәде еттік деуге болады. Оған мойынсұнғанда және оған ғибадат етуге толық атсалысқанда, Ехобаны сүйетінімізді және оған берілгендігімізді көрсетеміз. Ғибадатымыз біздің бүкіл өмір салтымызға ықпал етеді. Ехобаға адал болғандықтан, ол бізге керемет болашақ сыйлайтынын уәде етеді (Мұсаның 5-жазбасы 10:12, 13).

Ехоба уәдемізде тұру керектігін өз үлгісімен үйретеді

13. Зәкәрия көрген алтыншы аяннан не білеміз?

13 Зәкәрия көрген алтыншы аяннан білгеніміздей, Ехобаны жақсы көрсек, біз ұрламаймыз және уәделерімізден таймаймыз. Сонымен қатар исраилдіктер көп қателік жасаса да, Ехоба уәдесінде тұрып, халқын тастап кетпегенін білдік. Халқын жан-жағынан жаулары қоршағандықтан, ол олардың өте қиын жағдайда болғанын түсінді. Ехоба уәдемізде тұру керектігін өз үлгісімен үйретеді. Сондай-ақ ол бізге сөзімізде тұруға көмектеседі. Мысалы, бұл үшін ол бізге болашаққа деген үміт берді. Жақын арада ол жердегі бүкіл зұлымдықты жояды. Зәкәрия көрген келесі аяннан осы жайлы білеміз.

ЕХОБА ЗҰЛЫМДАРДЫ ЖОҚ ҚЫЛАДЫ

14, 15. а) Зәкәрия жетінші аянда не көрді? (Мақаланың басындағы 2-суретті қараңыз.) ә) Ыдыстың ішіндегі әйел кім болды? Періште неге ыдыстың қақпағын жауып тастады?

14 Зәкәрия ұшып бара жатқан шиыршықты көрген соң, періште оған: “Қарашы”,— деді. Сонда ол бір ыдысты көреді (Зәкәрия 5:5—8 оқыңыз). Бұл ыдыстың қорғасыннан жасалған дөңгелек қақпағы бар екен. Ыдыс ашылғанда, Зәкәрия “ішінде бір әйел отырғанын” көрді. Періште оған бұл әйелдің “Зұлымдық” екенін айтты. Ол әйел сыртқа шықпақшы болғанда, Зәкәрияның зәресі ұшып кеткен болар! Бірақ періште оны лезде ыдыстың ішіне итеріп жіберді де, оның зілдей қақпағын жауып тастады. Бұл нені білдіреді?

15 Бұл аян Ехобаның өз халқының арасындағы ешқандай зұлымдыққа төзбейтініне сенімділік ұялатады. Ехоба бір жамандық көрсе, оны жоқ қылу үшін бірден іске кіріседі (Қорынттықтарға 1-хат 5:13). Періште ыдыстың ауыр қақпағын дереу жауып тастауымен осыны көрсетті.

Ехоба өзіне деген ғибадатты таза сақтауды уәде еткен (16—18 абзацтарды қараңыз)

16. а) Ыдыспен не болды? (Мақаланың басындағы 3-суретті қараңыз.) ә) Қанаты бар әйелдер ыдысты қайда әкетті?

16 Одан кейін Зәкәрия дегелектікіндей мықты қанаты бар екі әйелді көрді (Зәкәрия 5:9—11 оқыңыз). Бұл әйелдер ыдыстың ішіндегі зұлым әйелден мүлдем басқаша екен. Мықты қанаттары бар олар “Зұлымдық” отырған ыдысты көтеріп алды да, ұшып кетті. Олар оны қайда әкетті? Бабылды білдіретін “Шинар еліне”. Неге?

17, 18. а) Неге Бабыл “Зұлымдықтың” “тиісті орны” болды? ә) Сіз не істеуге бекіндіңіз?

17 Зәкәрияның заманында өмір сүрген исраилдіктер үшін “Зұлымдықтың” Бабылға әкетілгені өте орынды болды деуге болады. Өйткені олар бұл қаланың азғындық пен жалған ғибадат жайлаған зұлым қала болғанын білген. Сол жақта өмір сүрген кезде Зәкәрия мен басқа да исраилдіктерге пұтқа табынушылардың ықпалына күн сайын қарсы тұру керек болатын. Ал бұл аян Ехобаның шынайы ғибадатты таза сақтайтынына кепілдік болды.

18 Бұл аян сондай-ақ исраилдіктердің өз ғибадатын пәк таза сақтау керектігін де еске салды. Құдай халқының арасында зұлымдық болмауы тиіс әрі болмайды да. Бүгінгі күні Ехоба бізді таза ұйымына әкеліп отыр. Ол жерде біз оның сүйіспеншілігі мен қорғанышын сезінеміз. Ұйымды таза сақтауға атсалысу — әрқайсысымыздың міндетіміз. Ехобаның халқының ішінде зұлымдық атымен болмауы керек.

ТАЗА ХАЛЫҚ ЕХОБАНЫ ДАҢҚТАЙДЫ

19. Зәкәрия көрген көңіл толқытарлық аяндардың біз үшін қандай мәні бар?

19 Зәкәрияның алтыншы және жетінші аяны жамандық жасайтындарға қатаң ескерту болып табылады. Ехоба зұлымдықтың жалғаса беруіне төзбейді. Оның қызметшілері болғандықтан, біз зұлымдықты жек көруіміз керек. Сонымен қатар аталмыш екі аян мынаған сенімділік береді: сүйіспеншілігі зор Әкемізге ұнамды болуға барынша тырыссақ, оның қарғысына емес, қорғанышы мен батасына кенелеміз. Мына зұлым дүниеде тазалық сақтау қиын болса да, біз бұған Ехобаның көмегімен қол жеткізе аламыз! Алайда шынайы ғибадаттың жойылмайтынына қалай сенімді бола аламыз? Зор алапат жақындап қалған уақытта, біз Ехобаның өз ұйымын қорғайтынын қайдан білеміз? Бұл сұрақтарға келесі мақалада тоқталамыз.