Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бауырластың бір мейірімді ісі

Бауырластың бір мейірімді ісі

ОСЫДАН алпыс жылдай уақыт бұрын Үндістанның Гуджарат өлкесіндегі бір қалашықта Джонның әкесі шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болды. Бірақ Джон, әпкесі, екі қарындасы мен екі інісі, анасы, бәрі католиктер еді әрі діндерін қатты ұстанатын. Сол себепті олар әкесінің дініне қарсы болатын.

Бірде әкесі Джоннан қауымдағы бір бауырласқа хатқалта апарып беруді өтінеді. Бірақ Джон сол күні таңертең үлкен қаңылтыр бөшкені ашамын деп, саусағын оңдырмай кесіп алады. Сонда да әкесінің айтқанын екі етпей, қан сауғалаған саусағын шүберекпен байлай салады да, хатқалтаны алып үйден шығып кетеді.

Діттеген жеріне жеткен соң, Джон әлгі хатқалтаны бауырластың әйеліне береді. Ол да Ехоба куәгері болатын. Джонның жарақат алғанын байқап қалған әйел бауырлас оған көмектесейін дейді. Содан алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасын шығарып, жарақатын тазалап, саусағын таңғышпен орайды. Сосын оған ыстық шай береді. Осы уақыттың аралығында ол Джонға жылы шыраймен Киелі кітап жайлы айтып отырды.

Осы мейірімді әрекеттен кейін Джонның Ехоба куәгерлері жайлы ойы өзгере бастайды. Ол әлгі бауырласқа Ехоба куәгерлерін католиктерден айрықшалайтын нанымдары жайлы екі сұрақ қояды. Оның сұрағаны: Иса Құдай ма? Мәсіхшілер Мәриямға сиыну керек пе? Бұл әйел бауырлас гуджарати тілін үйреніп алғандықтан, Джонға оның ана тілінде жауап береді. Ол жауаптарын Киелі кітаптан көрсетеді де, оған “Патшалық жайлы осы ізгі хабар” деген кітапшаны береді.

Кейін кітапшаны оқып жатып Джон шындықты тапқанын түсінеді. Ол шіркеудегі діни қызметкерге барып, әлгі екі сұрақты оған да қояды. Сонда ол кісі ашуға булығып, Киелі кітапты оған лақтырып жібереді де: “Сен Шайтан боп кеткенсің! Киелі кітаптың қай жерінде Иса Құдай емес деп жазылған?! Ал, көрсет! Мәриямға табынбаңдар деп қай жерінде жазылған? Көрсет маған!”— деп бақырады. Бұны көрген Джон төбе шашы тік тұрады. Ол енді шіркеуге ешқашан келмейтінін айтады. Содан бері Джон шіркеудің табалдырығын аттап баспады!

Джон Куәгерлермен зерттеу сабағын бастап, шындықты қабылдап, Ехобаға қызмет етеді. Біраз уақыт өте отбасының бірнеше мүшесі де шындыққа келеді. Әлгі оқиғадан соң шамамен 60 жыл өтсе де, Джон саусағындағы тыртыққа қарап, бауырластың мейірімділігін еске алады. Оның бір ғана мейірімді ісі Джонның жүрегіне қозғау салып, ол күні бүгінге шейін Ехобаға қызмет етіп келеді (Қорынттықтарға 2-хат 6:4, 6).