Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаны Нұх, Даниял мен Әйүп сияқты жақсы білесіз бе?

Ехобаны Нұх, Даниял мен Әйүп сияқты жақсы білесіз бе?

“Зұлымдар әділетті ұқпайды, Ехобаны іздейтіндер бәрін түсінеді” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 28:5).

ӘНДЕР: 43, 133

1—3. а) Осы соңғы күндері Құдайға адал болып қалуға не көмектеседі? ә) Бұл мақаладан не білеміз?

БІЗ соңғы күндердің ақыры таяған уақытта өмір сүріп жатырмыз. Зұлымдардың күннен күнге “шөптей қаулап”, көбейіп жатқанына куәміз (Зәбүр 92:7). Сондықтан да көп адамның Құдайдың көз алдында дұрыс нәрсені істемейтініне таңданбаймыз. Пауыл мәсіхшілерге: “Жамандыққа келгенде бала сияқты, ал түсінуге келгенде, ересек адамдай болыңдар”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 14:20). Бұл үшін не істеуіміз қажет?

2 Жауабы осы мақаланың негізгі тармағында жазылған: “Ехобаны іздейтіндер бәрін түсінеді” (Нақыл сөздер 28:5). Бұл дегеніміз олардың Ехобаға ұнамды болу үшін не қажет болса, соның бәрін түсіне алатындарын білдіреді. Сонымен қатар Нақыл сөздер 2:7, 9-да Ехоба дұрыс әрекет ететіндерге даналық беретіні айтылған. Сонда олар “әділдік, әділет пен туралықтың не екенін ұғынып, жақсылық атаулыны түсіне” алады.

3 Нұхта, Даниялда және Әйүпте осындай Құдай даналығы болды (Езекиел 14:14). Бүгінгі Құдай халқында да осы даналық бар. Ал сізде ше? Ехобаға ұнамды болуға қажеттінің “бәрін түсіну” үшін, сіз оны жақсылап танып-білуіңіз қажет. Осы себепті біз бұл мақалада 1) Нұх, Даниял мен Әйүп Құдайды қалай танып-білгенін, 2) Құдайды білгендері оларға қандай көмегін тигізгенін және 3) біз олардікіндей сенімді қалай дамыта алатынымызды қарастырамыз.

НҰХ ЗҰЛЫМ ДҮНИЕДЕ ҚҰДАЙ ЖОЛЫМЕН ЖҮРДІ

4. Нұх Құдайды қалай танып-білді және Құдайды жақсы білгені оған қалай көмектесті?

Нұх жаратылысты бақылау арқылы Құдайдың қасиеттері жайлы білген болса керек

4 Нұх Ехобаны қалай танып-білді? Адам мен Хауа балалы болғаннан бастап адамдар Ехобаны үш түрлі жолмен танып-білуде: жаратылысы арқылы, Құдайдың адал қызметшілері арқылы және Құдайға мойынсұнудың игілігін көру арқылы (Ишая 48:18). Жаратылысты бақылаған кезде Нұх Құдайдың бар екенінің дәлелін көріп, оның қасиеттері жайлы білген болса керек. Нәтижесінде ол Ехобаның құдіретті екенін әрі жалғыз шынайы Құдай екенін түсінген болар (Римдіктерге 1:20). Осылайша Нұх Құдайдың барына иланып қана қоймай, оған берік сенім дамытты.

5. Құдайдың адамзатқа қатысты ниетін Нұх қайдан білді?

5 Құдай Сөзінде айтылғандай, “сенім сөзді естуден туады”, яғни басқалардан естігендеріміз арқылы сенімге ие бола аламыз (Римдіктерге 10:17). Нұх Ехоба туралы өз туыстарынан естіген болса керек. Оның әкесі Ләмех Құдайға сенген және Адам ата дүниеден өтпей тұрып туылған. (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) Нұхтың атасы Мәтусала, ал арғы атасы Иәрет болған. Ол Нұх туылғаннан кейін 366 жыл өткен соң қайтыс болды * (Лұқа 3:36, 37). Нұх осы кісілер мен олардың әйелдерінен адамдарды Ехоба жаратқанын және Құдайдың ниеті бойынша, олар балалы болып, жерді толтыруы және оған қызмет етуі керек болғанын білген болуы мүмкін. Сондай-ақ Нұх Адам мен Хауаның Ехобаға мойынсұнбағанын біліп, бұл шешімдерінің жаман салдарын көрген (Мұсаның 1-жазбасы 1:28; 3:16—19, 24). Білгендері оның жүрегінен орын алып, Ехобаға қызмет етуге қозғау салды (Мұсаның 1-жазбасы 6:9).

6, 7. Нұхтың үміті қалай оның сенімін нығайтты?

6 Үміт сенімді нықтай түседі. Нұх өзінің “тыным” не “жұбаныш” дегенді білдіретін есімінің мағынасы үмітпен байланысты екенін білгенде, сенімі нығайып қалған болар (Мұсаның 1-жазбасы 5:29, сілтеме). Ләмех Ехобаның рухының жетелеуімен ұлы Нұх туралы: “Ехобаның қарғысына ұшыраған жерде еңбек етіп, азап шегіп жүрген бізге ол жұбаныш әкеледі”,— деген. Нұх Құдайдың жердегі жағдайды жақсартатынына үміттенген. Әбіл мен Енох іспетті, ол “ұрпақтың” жыланның басын мыжитынына сенген (Мұсаның 1-жазбасы 3:15).

7 Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлықты Нұх толықтай түсінген жоқ. Бірақ ол мұның болашаққа үміт беретін пайғамбарлық екенін ұқты. Енох та Ехобаның зұлымдарды жоятынын айтып, осыған ұқсас хабарды уағыздаған еді (Яһуда 14, 15). Енохтың Армагеддонда толықтай жүзеге асатын хабары Нұхтың сенімі мен үмітін нығайтқаны сөзсіз!

Сеніміміз бен Құдай даналығы бізді Шайтанның айла-амалдарынан және осы дүниенің ықпалынан қорғайды

8. Құдайды жақсы білгені қалай Нұхқа қорғаныш болды?

8 Құдайды жақсы білгені Нұхқа қалай көмектесті? Ехобаны танып-білгендіктен, ол бойында сенім мен Құдай даналығын дамытты. Бұл өзіне қорғаныш болды, әсіресе Ехобаны ренжітетін әрекеттерден сақтады. Қалайша? Құдаймен дос болғысы келгендіктен, Нұх Ехобаға сенбейтін және одан теріс айналған адамдармен достасқан жоқ. Олардан айырмашылығы, ол жерге келген жындардың өзін адастыруына жол бермеді. Жұрт адам кейпіндегі бұл құдіретті жындарға тамсана қараған, бәлкім, тіпті оларға табынуға дейін де барған шығар (Мұсаның 1-жазбасы 6:1—4, 9). Сондай-ақ Нұх Ехоба адамдардың балалы болып, жер бетін толтырғанын қалағанын білді (Мұсаның 1-жазбасы 1:27, 28). Сондықтан адам кейпіндегі жындардың әйел алып, дүниеге бала әкеліп жатқанын көргенде, Нұх бұның дұрыс емес екенін білген. Әлгі балалар өсіп, басқа балалардан анағұрлым дәу әрі күшті бола түскенде, бұның растығы айқын білінді. Ақырында Ехоба Нұхқа күллі зұлымдарды жою үшін топан су жіберетінін айтты. Нұх Ехобаның ескертуіне сенгендіктен, кеме соқты. Сөйтіп, отбасымен аман қалды (Еврейлерге 11:7).

9, 10. Нұхтікіндей сенімді қалай дамыта аламыз?

9 Қалай біз Нұхтікіндей сенім дамыта аламыз? Бұл үшін Құдай Сөзін мұқият зерттегеніміз, білгендерімізді жүрекпен қабылдағанымыз және өмірімізде өзгерістер жасауға, дұрыс шешімдер қабылдауға қолданғанымыз маңызды (Петірдің 1-хаты 1:13—15). Сонда сеніміміз бен Құдай даналығы бізді Шайтанның айла-амалдарынан және осы дүниенің ықпалынан қорғайды (Қорынттықтарға 2-хат 2:11). Осы әлемдегі көп адам зұлымдық пен азғындықты жақсы көреді әрі жаман құмарлықтарының жетегінде жүреді (Жоханның 1-хаты 2:15, 16). Олар осы зұлым дүниенің ақыры жақындағанын еш елемейді. Сеніміміз мықты болмаса, біз де солар сияқты ойлана бастауымыз мүмкін. Есімізде болсын, Иса біздің заманды Нұхтың заманымен салыстырғанда, зұлымдық пен азғындық туралы емес, Құдайға деген қызметімізден алаңдап кету қаупі жайлы ескерткен (Матай 24:36—39 оқыңыз).

10 Өзіңізді былай деп тексеріп көріңіз: “Ехобаны шынымен де білетінім өмір салтымнан көріне ме? Сенімім Ехоба дұрыс деп санайтынды істеуге және басқаларға да соны үйретуге талпындырады ма?” Осы сұрақтарға берген жауабыңыз Нұх іспетті Құдай жолымен жүрген-жүрмегеніңізді анықтауға көмектеседі.

ДАНИЯЛ ПҰТҚА ТАБЫНУШЫ БАБЫЛ ЕЛІНДЕ ҚҰДАЙ ДАНАЛЫҒЫН ТАНЫТТЫ

11. а) Жас Даниялдың Құдайды сүйгенінен оның ата-анасы жайлы не білеміз? ә) Даниялдың қандай қасиеттерін дамытқыңыз келер еді?

11 Даниял Ехобаны қалай танып-білді? Даниялға Ехобаны және оның Сөзін сүюді ата-анасы үйреткен болса керек. Даниял содан өмір бойы еш айнымаған. Тіпті қартайған шағында да, ол Жазбаларды мұқият зерттеген (Даниял 9:1, 2). Даниял Ехобаны жақыннан танып-білген. Ехобаның исраилдіктер үшін жасаған барлық істерін де білген. Бұны Даниял 9:3—19 тармақтардағы Даниялдың кішіпейілділікпен әрі шын жүректен айтқан дұғасынан білеміз. Осы дұғаны оқып, ой елегінен өткізіңіз. “Бұл дұғадан Даниял жайлы не білдім?”— деп ойланып көріңіз.

12—14. а) Даниял Құдайдың даналығын қалай танытты? ә) Ехоба Даниялдың батылдығы мен адалдығына қалай батасын берді?

12 Құдайды жақсы білгені Даниялға қалай көмектесті? Адал яһудилер үшін пұтқа табынушы Бабыл елінде Құдайға қызмет ету оңай болмаған. Мысалы, Ехоба яһудилерге: “Мен өздеріңді жер аудартып жіберген сол қаланың тыныштығын тілеңдер”,— деген (Еремия 29:7). Сөйте тұра бар жүректерімен тек өзіне ғибадат етуді де бұйырған (Мұсаның 2-жазбасы 34:14). Даниял осы екі талапқа бірдей қалай бағына алды? Құдайдың даналығы оған ең алдымен Ехобаға, сосын адами билеушілерге мойынсұну керектігін түсінуге көмектесті. Жүздеген жылдан кейін Иса да дәл осы принципті үйреткен (Лұқа 20:25).

13 Ешкім де 30 күн бойы патшадан басқа ешбір құдайға не пендеге өтініш жасап, дұға етпеу керектігі жайлы жарлық шыққанда, Даниялдың қалай әрекет еткені жайлы ойлайықшы (Даниял 6:7—10 оқыңыз). Оның “бұл небәрі 30 күнге ғана ғой” деп ақталуына болар еді. Алайда ол адами заңның Құдайға ғибадат етуден маңызды болып кетуіне жол бермеген. Даниял Ехобаға жасырын дұға етсе де болар еді. Бірақ күн сайын дұға ететінін көп адамның көріп жүргенін ол білетін. Адамдардың Ехобаға қызмет етуін доғарыпты деген тоқтамға келгенін қаламағандықтан, ол қауіпті болса да, жұртқа көрінетін жерде дұға етуін доғармады.

14 Ехоба Даниялдың батылдықпен әрі адалдықпен қабылдаған шешіміне батасын берді. Ол керемет жасап, Даниялды арыстандардың апанынан аман алып қалды. Нәтижесінде бүкіл Мидо-Персия империясындағы адамдар Ехоба жайлы білді! (Даниял 6:25—27).

15. Даниялдікіндей сенімді қалай дамыта аламыз?

15 Қалай біз Даниялдікіндей сенім дамыта аламыз? Берік сенім дамыту үшін Құдай Сөзін оқып қана қою жеткіліксіз, оны түсінуіміз қажет (Матай 13:23). Біз Ехобаның қандай да бір мәселеге қатысты не ойлап, не сезінетінін білгіміз келеді. Сондықтан оқығандарымыз жайлы терең ой қозғағанымыз жөн. Сондай-ақ жиі, әсіресе қиындықтарға кезіккенде, дұға еткеніміз аса маңызды. Ехоба біз сұраған даналық пен күшті жомарттықпен беретініне сенімді бола аламыз (Жақып 1:5).

ӘЙҮП ҚУАНЫШТА ДА, ҚАЙҒЫДА ДА ҚҰДАЙ ПРИНЦИПТЕРІНЕ САЙ ӘРЕКЕТ ЕТТІ

16, 17. Әйүп Ехобаны қалай танып-білді?

16 Әйүп Ехобаны қалай танып-білді? Әйүп исраилдік болмаған. Бірақ Ыбырайым, Ысқақ және Жақып оның алыс туыстары еді. Ехоба оларға өзі жайлы және адамзатқа қатысты еркі жайлы үйреткен болатын. Әйүп те қандай да бір жолмен осы құнды шындықтардың біразын білген (Әйүп 23:12). Ол Ехобаға: “Сен жайлы естіген едім”,— деген (Әйүп 42:5). Әйүптің басқаларға Құдай жайлы айтқандары шындық екенін Ехобаның өзі мәлім еткен (Әйүп 42:7, 8).

Жаратылысқа қарап, Ехобаның қасиеттерін жақынырақ танығанда, сеніміміз нығая түседі (17-абзацты қараңыз)

17 Сондай-ақ Әйүп жаратылыстарға зер салып, Ехобаның қасиеттері жайлы білген (Әйүп 12:7—9, 13). Елиху да, Ехоба да Әйүптің назарын жаратылыстарға аударып, Құдаймен салыстырғанда адам баласының қаншалықты болмашы екенін көрсетті (Әйүп 37:14; 38:1—4). Ехобаның сөздері Әйүпке әсер етіп, ол кішіпейілділікпен Құдайға былай деді: “Сенің қолыңнан келмейтін нәрсе жоқ екенін, ой-ниетіңнің орындалмай қалуы мүмкін емес екенін енді білдім”. Сосын ол: “Топырақ пен күлге отырып қатты өкінемін”,— деп қосты (Әйүп 42:2, 6).

18, 19. Әйүп Ехобаны жақсы білетінін қалай көрсетті?

18 Құдайды жақсы білгені Әйүпке қалай көмектесті? Әйүп Құдайдың принциптерін жақсы түсінген. Ехобаны жақсы білгені оны дұрыс әрекет етуге талпындырған. Мысалға, ол адамдарға мейірімділік танытпаса, Құдайды сүйемін деп айта алмайтынын білген (Әйүп 6:14). Әйүп өзін басқалардан артық санамаған, қайта, байларды да, кедейлерді де өз бауырындай көрген. Ол: “Мені ана құрсағында жаратқан Құдай оларды да жаратты ғой!”— деді (Әйүп 31:13—22). Бай әрі ықпалды болса да, ол кеуде көтеріп, басқаларды өзінен төмен санамаған. Әйүп бүгіндегі бай әрі дәрежелі адамдардың көбінен қаншалықты ерекшеленген десеңізші!

19 Әйүп өзі үшін еш нәрсенің, соның ішінде дүние-мүліктің, Ехобадан маңыздырақ болып кеткенін қаламады. Бұлай болса, “көктегі шынайы Құдайдан бас тартып” кететінін ол білген (Әйүп 31:24—28 оқыңыз). Сондай-ақ ол некені әйел мен күйеудің арасындағы қасиетті ант деп қарастырған. Ол тіпті өзге әйелге азғын оймен қарамаймын деп өзіне уәде берген (Әйүп 31:1). Бұл шынында да таңғаларлық жайт, себебі Әйүп өмір сүрген уақытта Ехоба көп әйел алуға жол берген еді. Демек, Әйүп қаласа, екінші әйел ала алатын. Бірақ Ехоба бастама берген алғашқы некеде бір еркек пен бір әйелдің болғанын ол білсе керек. Сондықтан ол сол құрылымға сай өмір сүруді шешкен * (Мұсаның 1-жазбасы 2:18, 24). 1600 жылдан кейін Иса дәл осы принципті үйретті, атап айтқанда, жыныстық қатынас пен неке бір күйеу мен бір әйелдің арасында болуы керектігін айтты (Матай 5:28; 19:4, 5).

20. Ехоба мен оның талаптарын жақсы білгеніміз достар мен көңіл көтеру түрін дұрыс таңдауға қалай көмектеседі?

20 Қалай біз Әйүптікіндей сенім дамыта аламыз? Тағы қайталайтын болсақ, Ехобаны жақсы білуіміз және білгендеріміздің барлық әрекетімізді бағыттауына жол беруіміз керек. Мысалы, Киелі кітапта Ехобаның “жауыздықты сүйетіндерді жек көретіні” және өтірікшілермен араласпауымыз керектігі айтылған (Зәбүр 11:5; 26:4 оқыңыз). Енді былай деп ой жүгіртіп көріңіз: “Осы екі тармақтан Ехобаның ой қалпы жайлы не білдім? Бұл өмірімде не нәрсе ең маңызды болатынына қалай әсер етуі керек? Интернеттен не көретініме, кіммен достасатыныма және қандай көңіл көтеру түрін таңдайтыныма ше?” Осы сұрақтарға берген жауабыңыз Ехобаны қаншалықты жақсы білетініңізді анықтауға көмектеседі. Біз осы зұлым дүниенің бізге әсер еткенін қаламаймыз. Сондықтан “түйсіну қабілетін” машықтандыруымыз, яғни жаман мен жақсының, даналық пен ақылсыздықтың аражігін ажыратуды үйренуіміз қажет (Еврейлерге 5:14; Ефестіктерге 5:15).

21. Бізге Ехобаға ұнамды болуға қажеттінің “бәрін түсінуге” не көмектеседі?

21 Нұх, Даниял мен Әйүп Ехобаны жақсы танып-білу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасаған. Сондықтан Ехоба оларға өзіне ұнамды болу үшін не қажет болса, соның “бәрін түсінуге” көмектесті. Олардың мысалдары Ехобаның қалауына сай әрекет еткеніміз табысты өмірге жетелейтінін көрсетеді (Зәбүр 1:1—3). Сондықтан өзіңізді: “Мен Ехобаны Нұх, Даниял мен Әйүп сияқты жақсы білемін бе?”— деп тексеріп көріңіз. Бүгінде біз Ехобаны бұл адал кісілерден де жақсы біле аламыз, себебі ол бізге өзі жайлы анағұрлым көп мәлімет беруде (Нақыл сөздер 4:18). Ендеше Киелі кітапты тыңғылықты оқып-зерттеңіз. Сол жайлы тереңінен ой қозғаңыз. Дұға етіп, киелі рух сұраңыз. Сонда мына зұлым дүние сізге ықпал ете алмайды. Қайта, Құдай даналығы бойынша әрекет ететін боласыз әрі көктегі Әкеңізге бұрынғыдан да жақындай түсесіз (Нақыл сөздер 2:4—7).

^ 5-абзац Нұхтың арғы атасы Енох та “Құдай жолынан таймаған”. Бірақ ол Нұхтың туылғанынан 69 жыл бұрын қайтыс болды (Мұсаның 1-жазбасы 5:23, 24).

^ 19-абзац Нұх та солай еткен. Адам мен Хауа тілазарлық танытқаннан кейін көп ұзамай адамдар көп әйел ала бастаған болса да, Нұхтың бір ғана әйелі болған (Мұсаның 1-жазбасы 4:19).