Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР

Балаларды оқуға баулу. 1-бөлім: Оқыған дұрыс па, әлде көрген бе?

Балаларды оқуға баулу. 1-бөлім: Оқыған дұрыс па, әлде көрген бе?

 Балаларыңыз бос уақытында не істейді? Қолдары бірінші смартфонға жүгіре ме, әлде кітапқа ма? Олар видео көргенді ұната ма, әлде кітап оқығанды ма?

 Теледидар, кейін онлайн түріндегі неше түрлі ойын-сауық пайда болғалы бері адамдар соларға алаңдап, кітап оқудан қалып барады. 1990 жылы шыққан кітабында бір жазушы былай деген екен: “Уақыт өте келе адамдар оқудан да қалатын түрі бар” (“Endangered Minds”).

 Отыз жыл бұрын бұл сөздерге сену қиын болған шығар. Бірақ қазіргі заманда электронды техниканы көп пайдаланатын елдердегі ұстаздардың айтуынша, кітап оқитын жастардың саны күрт төмендеп кеткен.

Бұл мақаладан мынаны білесіз:

 Неліктен балалар кітап оқуды үйрену қажет?

  •   Оқу адамның қиялын шыңдайды. Автор оқиғаны жалпы сипаттап өткенімен, сол бейнені өз санасында толықтырып, өрбіту оқырманның қиялына байланысты. Мысалы, кейіпкерлердің дауысы қандай? Түр-әлпеті ше? Оқиға қай жерде болып жатыр? Айналасында не бар?

     Лаура есімді ана былай дейді: “Біз бейнеөнімдерді қарағанда, біреудің ой-қиялынан туған дайын дүниені көреміз. Ал оқығанның бір жақсы жері — автордың айтқандарын елестету үшін біз өз ой-қиялымызды іске қосамыз”.

  •   Оқу баланың мінезін қалыптастырады. Оқыған кезде бала өмірдегі проблемалардың мән-жайын түсініп, оларды шешуді үйренеді. Сондай-ақ оқу зейін қоюды талап етеді. Осының арқасында баланың бойында шыдамдылық, ұстамдылық, жанашырлық деген қасиеттер дамиды.

     Сонда оқығанда қалай жанашырлық дамиды дейсіз ғой? Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, бала асықпай, мән беріп, мұқият оқығанда, кейіпкерлердің сезімін түсінуді үйренеді екен. Бұл болса жанында жүрген адамдарға жанашыр болып, түсіністікпен қарауға ықпал етеді.

  •   Оқу баланы тереңірек ойлануға дағдыландырады. Автордың ой ағымына ілесіп отыру үшін, зейінді оқырман өз қарқынымен, асықпай оқиды. Керек жерінде қайталап оқып шығады. Соның арқасында оқығандары есінде сақталады, пайдасы да көбірек тиеді (Тімөтеге 1-хат 4:15).

     Жозеф есімді әке өз байқағанын айтты: “Оқыған кезде ойлардың мағынасын тереңірек ұғына аласың, осыған дейін білгендеріңмен байланысын көресің, сөйтіп, өзіңе сабақ боларлық ой түйесің. Ал видеоларды көргенде, көп жағдайда бұлай терең ойлана алмайсың”.

 Ойтүйін. Әрине, видеолар мен бейнеөнімдер қажет-ақ. Бірақ егер балаңыз оқуға әдеттенбейтін болса, көп нәрседен құр қалуы мүмкін.

 Қалай оларды кітапқа баули аласыз?

  •   Ерте бастаңыз. Екі ұл тәрбиелеп отырған Хлое былай дейді: “Біз балаларымызға құрсақта жатқан кезінен бастап кітап оқып беретінбіз. Туылған кейін де біз оларға оқи бердік, оқи бердік. Осы әдеттен жаңылмағанымызға қазір қуанамыз. Уақыт өте олар кітап оқуды әдетке айналдырды, тіпті қолдары босай қалса, өздері-ақ кітапқа ұмтылып тұрады”.

     Киелі кітап даналығы: “Киелі жазбалармен нәресте кезіңнен-ақ таныссың” (Тімөтеге 2-хат 3:15).

  •   Кітап оқуға қолайлы жағдай жасаңыз. Балаңызды кітап оқуға қызықтыру үшін оны көрінетін жерге қойыңыз. Төрт баланың анасы Тамара: “Балаңызға қызықты болатын кітаптарды тауып, оларды төсегінің жанына қойып қойыңыз”,— деп кеңес береді.

     Киелі кітап даналығы: “Баланы тәрбиелеп, тура жолға сал. Жасы ұлғайғанда да таймас одан” (Нақыл сөздер 22:6).

  •   Интернетте отыратын уақытты шектеңіз. Даниял есімді әке бір кешті бөліп, электронды гаджеттерден демалуға кеңес береді. Ол былай дейді: “Біз жоқ дегенде, аптасына бір кешті теледидардың үнін өшіріп қойып, тыныш өткіземіз. Сол уақытта бірге немесе бөлек-бөлек кітап оқимыз”.

     Киелі кітап даналығы: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” (Філіпіліктерге 1:10).

  •   Өзіңіз үлгі көрсетіңіз. “Оқиғаны мәнерлеп, жан бітіріп оқыңыз. Өзіңіздің де қызығып оқып жатқаныңызды балаларыңыз байқасын. Оқуға құмар болсаңыз, бұл әдет балаларыңызға да беріледі”,— дейді екі қыздың анасы Карина.

     Киелі кітап даналығы: “Өзгелердің алдында оқуды... бар ықыласыңмен жалғастыра бер” (Тімөтеге 1-хат 4:13).

 Әрине, балалардың бәрі бірдей кітап десе, ішкен асын жерге қоятындай болып кетпейтін шығар. Бірақ сіз балаларыңызды осылай талпындыра берсеңіз, олардың оқуға деген ықыластары оянуы мүмкін. Екі қыздың әкесі Давид тағы не істегенін айтып бөлісті: “Қыздарым қай кітапты оқыса, мен де сол кітапты оқитынмын. Осылай олардың не нәрсеге қызығатынын біліп алатынмын және сөйлесетін тақырыптар да пайда болатын. Үйде өзімізше бір кітап оқу үйірмесін ашып алдық. Бұл бір қызық кездер еді!”