Мазмұнға өту

Кел, балақай, оқиық!

Иса неге асықпады?

Иса неге асықпады?

ИСАҒА жақын досы Елазар қатты ауырып жатыр деген хабар жетті. Хабаршыны жіберген Елазардың әпкелері Марта мен Мәриям еді. Ол Бетания ауылынан келді. Елазар әпкелерімен бірге сол ауылда тұратын. Марта мен Мариям Исаның алыс жерде тұрып-ақ, тіпті Иордан өзенінің арғы бетіндегі өлкеде жүрсе де, інілерін сауықтыра алатынына сенді. Өйткені олар Исаның бұрын да адамдарды алыс жерден сауықтырғанын естіген (Матай 8:5—13; Жохан 11:1—3).

Хабаршы Исаға суық хабар жеткізгенде, ол еш нәрсе істемеді. Киелі кітапта Иса “болған жерінде тағы да екі күнге қалып қойды” делінген (Жохан 11:6). Исаның Елазарға көмектесуге неліктен асықпағанын білесің бе? ~  * Қазір сол туралы әңгімелесейік.

Елазар дертінен айықпай, қайтыс болғанын Иса білді. Сондықтан елшілеріне: “Яһудея аймағына қайта барайық!”— деп айтты. Бірақ елшілері: “Ұстаз, яһуди діндарлары күні кеше ғана Сізді тас лақтырып өлтіргісі келмеп пе еді? Шынымен тағы сол жаққа бармақсыз ба?”— деп қарсылық білдірді. Иса оларға себебін түсіндіріп: “Досымыз Елазар ұйықтап жатыр. Мен барып, оны оятайын”,— деді.

“Мырза, ұйықтағаны жақсы, сонда сауығады!”— деген елшілеріне Иса: “Елазар өлді”,— деп турасын айтты. Бұдан кейін шәкірттерін таңғалдырып: “Өзімнің сол жерде болып, оны сауықтырмағаныма сендер үшін қуанамын... Енді Елазарға барайық!”— деді.

Сонда Тома батылдық танытып: “Біз де барып, Онымен бірге өлейік”,— деді. Өйткені жаулары Исаны өлтірмекші екенін білетін, олар елшілерді де өлтіруі мүмкін еді. Соған қарамастан бәрі де жолға шықты. Екі күндей жол жүріп, Елазардың ауылы Бетанияға жетті. Бұл ауыл Иерусалимнен үш шақырымдай жерде орналасқан еді (Жохан 11:7—18).

Иса ертерек келмегеніне неге қуанғанын білесің бе? ~ Иса бұрын да адамдарды тірілткен болатын. Бірақ ол оларды өлгендерінен бірнеше сағат өткеннен кейін қайта тірілткен (Лұқа 7:11—17, 22; 8:49—56). Ал Елазардың мәйіті қабірде жатқанына бірнеше күн болған. Сондықтан оның шынымен өлгеніне ешкім күмән келтіре алмас еді.

Елазардың әпкесі Марта Исаның Бетанияға жақындап қалғанын естігенде, алдынан жүгіріп шығады. “Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді!”— деді ол. Сонда Иса оны: “Бауырың қайта тіріледі”,— деп жұбатты. Марта қайтып келіп, басқаларға білдірмей, сіңлісі Мәриямға: “Ұстаз осында, сені шақырып жатыр”,— деді.

Мәриям Исаға бару үшін үйден асығыс шығып кетеді. Сол жердегі жұрт оны қабірге бара жатыр деп ойлап, соңынан ереді. Иса жылап келе жатқан Мәриям мен бір топ адамды көргенде, өзі де көзіне жас алды. Көп ұзамай қабірге келгенде, олар оның аузы үлкен таспен жабылғанын көреді. Сонда Иса: “Тасты алып тастаңдар!”— деп бұйырды. Алайда Марта: “Ием, ол иістеніп барады, жатқанына төрт күн болды!”— деп қарсылық білдірді.

Адамдар Исаның айтқанын тыңдап, тасты шетке жылжытты. Кейін Иса Құдайға дұға етіп, Елазарды қайта тірілту үшін беретін күшіне алдын ала ризашылық білдірді. Сосын ол: “Елазар, шық!— деп қатты дауыспен бұйырды. Сонда қол-аяғы “кебінге оралған” Елазар қабірден шықты. Иса қасындағыларға: “Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін!”— деп тапсырды (Жохан 11:19—44).

Исаның неге асықпағанын енді түсінген шығарсың? ~ Ол Елазарға бірден бармай, кішкене күте тұрса, Әкесі Ехоба Құдай жайлы керемет куәлік бере алатынын білді. Ол ең дұрыс уақытты таңдағандықтан, көп адам Құдайға сенді (Жохан 11:45). Исаның үлгісінен сен не нәрсеге үйрене аласың? ~

Құдайдың бұрынғы және болашақтағы керемет істері жайлы айту үшін, сен де ең жақсы уақытты таңдауға тырыс. Бәлкім, бірге оқитын сыныптастарыңа немесе мұғаліміңе куәлік беруге мүмкіндік туар. Кейбір жастар тіпті сабақ кезінде мүмкіндікті пайдаланып, Құдай Патшалығының адамзатқа төгетін зор баталары жайлы айтқан. Әрине, өлгендерді қайта тірілту сенің қолыңнан келмейді. Бірақ бұған Құдайдың құдіреті жететінін, әрі ол қайтыс болған жақындарымызды болашақта өмірге қайтаратынын адамдардың білуіне көмектесе аласың.

^ 4-абзац Сұрақтан кейінгі тильда (~) белгісі келгенде, кідіріс жасап, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.