12 ҚЫРКҮЙЕК, 2024
АНГОЛА
Анголадағы халықаралық жәрмеңкеде 200-ден астам адамға интерактивті Киелі кітап курсы көрсетілді
Анголаның Луанда қаласында 2024 жылдың 23—28 шілде аралығында 39-шы Луанда халықаралық жәрмеңкесі өтті. Жыл сайын өтетін бұл жиында 1800-ге жуық көрме иелері 100 000-дай адамның назарын аулады. Ехоба куәгерлері өз көрмелеріне тоғыз тілде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді жайғастырды. Сондай-ақ ол жерде келушілер интерактивті Киелі кітап курсы жайлы көбірек білу үшін арнайы отыратын орындар ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде курстың қалай өтетіні 227 рет көрсетілді және 100-ден аса адам үйлеріне келуге өтініш білдірді.
Бір әйел көрмеге жақындап, Киелі кітап жайлы көбірек білгісі келетінін айтқанда, бауырласымыз оған зерттеу ұсынады. Әңгіме барысында әлгі әйел көп сұрақтар қояды, әсіресе Киелі кітаптағы болашаққа қатысты уәделерге айрықша қызығушылық білдіреді. Қазір ол әйел бауырласымызбен жүйелі түрде Киелі кітапты зерттеп жүр.
Басқа бір әйел Киелі кітап курсын тегін өткізетінімізге таңғалды. Сонда көрмедегі әйел бауырласымыз біздің мақсатымыз мейлінше көп адамдармен Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабармен бөлісу екенін айтып түсіндірді. Әлгі әйелдің бұрындары Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттегенін білгенде, әйел бауырлас оған “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” деген бейнероликті көрсетті. Сонда ол әйел қауым кездесулерімізге барлығы келе алатынын біліп, қуанып кетті және біз жайлы көбірек білгісі келетінін айтты.
Португалиядан келген бір әйел Ехоба куәгерлерінің көрмесін көріп, қайран қалды. Сөйтсе ол Куәгер көршісімен жиі сөйлесіп тұрады екен. “Сендердің ұйымдарыңның таңдай қақтыратын тұстары өте көп. Мен көбірек білгім келер еді”,— дейді ол. Содан ол үйіне қайтқан соң, көршісінен Киелі кітап курсын өтінуді уәде етті.
Біз Анголадағы көп адам Киелі кітап жайлы көбірек білгісі келіп жатқанына, Ехобаның шақыруын қабылдап, “өмір суын тегін алуға” ынтызар болғандарына қуаныштымыз (Аян 22:17).