11 ҚАҢТАР, 2024
АРМЕНИЯ
Армениядағы Ехоба куәгерлерінің баламалы азаматтық қызмет атқарып жүргендеріне 10 жыл
“Баламалы азаматтық қызмет атқаруға мүмкіндік бергеніміз өте дана шешімдердің бірі болды”,— дейді Армения Республикасының Баламалы қызмет комитетінің өкілі.
2024 жылдың 14 қаңтарында Арменияның баламалы азаматтық қызметті енгізгеніне 10 жыл болды. Баламалы азаматтық қызмет ар-ождандары бойынша әскерге барудан бас тартқан адамдарға әртүрлі қоғамдық жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Бұған құрылыс, көгалдандыру, әлеуметтік жұмыстар және тағы басқалары жатады. Осы өзгерістен кейін 450-ден аса жас Ехоба куәгері баламалы қызмет атқарып келеді.
Самуэль Петросян көгалдандыру жұмыстарымен айналысып, баламалы азаматтық қызметін атқарып жүр. Ол былай деді: “Мен қызметімді барынша адал атқаруға тырысамын. Жұмысымды тиянақты жасап, кез келген мәселеде шыншыл боламын. Соның арқасында жұмыс бақылаушысы маған жақсы қарайды әрі құрметтейді”.
Артур Мартиросян болса баламалы азаматтық қызметін атқару үшін 3 жыл бойы ауруханада көмектесіп жүр. “Адамдарға көмегім тиіп жатқанына қатты қуанамын. Себебі бұл маған жақсы адам болуға көмектеседі. Сондай-ақ мен бейімделгіш болуды, қиын жағдайда дұрыс әрекет етуді және басқалармен тіл табысуды үйрендім”,— дейді ол.
2014 жылға дейін Армениядағы жас ер бауырластарымыз Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ождандарына сай, әскерге барудан бас тартқандары үшін ұзақ мерзімге түрмеге жабылған. Бір жоғары лауазымды шенеунік Армениядағы баламалы азаматтық қызмет туралы былай деді: “Басында мен бұл қызмет түріне қарсы болдым, себебі бұл еліміздің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және адамдар мұны теріс пайдаланады деп ойладым. Алайда уақыт олай емес екенін көсетті. Жылдар өте мына нәрсе анық болды: Ехоба куәгерлері баламалы қызмет атқаруымен мемлекетімізге қауіп төндірмейді. Қайта, олар осы қызметке жан сала қатысқандарының арқасында түрлі жұмыстар атқарылып жатыр”.
Баламалы қызмет комитетінің мүшесі тағы былай деді: “Арменияда баламалы азаматтық қызметті енгізгенімізге, міне, он жыл болды. Бұл шара мемлекет тарапынан қабылданған дана шешімдердің бірі болды. Баламалы қызмет атқарылып жатқан мекемелерде тексеріс жүргізгенде, осы қызметті атқаратындар аянбай еңбек етіп әрі содан қуаныш алып жүргендерін байқадық. Жыл сайын біз осы мекемелерден Ехоба куәгерлерінің ерен еңбектеріне ризашылық хаттарын алып жатамыз. Мекеменің басшылары Ехоба куәгерлерін өте еңбекқор жұмысшылар деп мақтайды”.
Армениядағы Ехоба куәгерлері осындай баламалы азаматтық қызметтің бар болғанына өте риза. Олар қоғамдық жұмыстарға атсалысып, “игі істері” арқылы Ехобаның атына мадақ әкелуде (Петірдің 1-хаты 2:12).