16 ҚАЗАН, 2017
АРМЕНИЯ
АҚЕС Армениядағы моральдық ұстаным бойынша әскери қызметтен бас тартатындардың құқығын қорғады
2017 жылдың 12 қазанында Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот (АҚЕС) Армениядағы төрт жас Ехоба куәгерінің баламалы әскери қызметтен бас тартқаны үшін сотталғанын әділетсіз деп тапты. Мұндай шешім қабылдауына Армения үкіметінің баламалы азаматтық қызметті халықаралық стандартқа сай етпеуі, яғни әскери күштің басқаруымен әрі бақылауымен жасауы, себеп болған. Әлгі төрт Куәгердің есімдері — Артур Адян, Ваагн Маргарян, Арутюн Хачатрян және Гарегин Аветисян.
“Адян мен қасындағылар Арменияға қарсы” деп аталған сот ісі 2011 жылдың жазында қаралып, бұл төртеуі екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұл әрекет Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Конвенцияның 9-бабына қайшы еді. Сол себепті АҚЕС жергілікті сот шығарған үкім сол төрт Куәгердің ар-ождан мен діни бостандық құқықтарын бұзды деп тапты. Содан АҚЕС Армения үкіметі арыз берушілердің әрқайсысына 12 000 евродан (14 200 АҚШ доллары) өтемақы төлеп, келтірілген залалдың орнын толтырады деп белгіледі.
Бұл төрт Куәгерге айып тағылардың алдында Ваан Баятян есімді Куәгердің ісі АҚЕС-тің Жоғарғы палатасымен қарастырылған еді *. Сол сотта Жоғарғы палата моральдық ұстанымы бойынша әскерге барудан бас тартатындардың құқығы қорғалу керек деп шешті. Сондай-ақ Армения үкіметінен мұндай азаматтарға баламалы қызмет ұсынуды талап етті. Бірақ үкіметтің ұсынған баламалы азаматтық қызметі халықаралық стандартқа сай емес еді, себебі әскери күштің тікелей бақылауымен және басқарумен өтті. Сондықтан төрт жас Куәгер баламалы азаматтық қызметтің осы түріне қатысудан бас тартты, әрі осы үшін басқа да көптеген Куәгерлер сияқты түрмеге жабылды. Сөйтіп, АҚЕС “Адянның ісі” бойынша келесідей қаулы қабылдады: Армения үкіметі “моральдық ұстанымы бойынша әскерге барудан бас тартатындарға әскери істермен ешқандай байланысы жоқ баламалы азаматтық қызмет” ұсынып, оның “жазалау мақсатымен не қатыгез болмауын” қадағалау керек.
2013 жылдың соңында төрт Куәгер түрмеден босатылды, ал Армения үкіметі баламалы азаматтық қызметтің енді әскери істермен еш байланысы болмауын қамдады. Нәтижесінде Армениядағы Ехоба куәгерлері Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ождандарына сай әрекет етіп, әскерге барудан бас тартатындары үшін енді түрмеге жабылмайтын болды. Әскери іс-шаралармен ешқандай байланысы жоқ баламалы азаматтық қызмет атқару мүмкіндігіне олар өте риза.
^ 3-абзац Bayatyan v. Armenia [GC], no. 23459/03, ECHR 2011