Мазмұнға өту

Бас консул Томас Пропстл бауырласымыз Симон Арнольд-Либстерді орденмен марапаттады

24 ҚАҢТАР, 2024
ГЕРМАНИЯ

Германияның Бас консулы бауырласымыз Симон Арнольд-Либстерді орденмен марапаттады

Германияның Бас консулы бауырласымыз Симон Арнольд-Либстерді орденмен марапаттады

15 желтоқсан 2023 жылы Симон Арнольд-Либстер бауырласымыз қоғамға сіңірген еңбегі үшін Германия Федеративтік Республикасының ең жоғары дәрежелі орденімен марапатталды. Бұл орденді Бас консул Томас Пропстл Францияның Шамбери қаласында өткен кездесуде табыс етті. 93 жастағы Симон бауырлас нацистік режимнің идеологиясын қолдамағандарға көрсетілген қатыгездік пен жауыздық жайлы айтып, жас буынды үйретуге сіңірген еңбегі үшін марапатталды.

Осыған дейін Симон бауырласымыз 25 елде өткен кездесулерге қатысқан. Бұл кездесулерге шамамен 65 000-дай адам келген, олардың арасында көптеген студенттер мен мұғалімдер бар. Жасы ұлғайғанына қарамастан қазір Симон бауырлас кездесулерге бейнеконференция арқылы қатысып, оқушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап беріп, өзінің оқиғасын айтып беріп жүр. Осындай кездесуге қатысқан бір студент: “Симонның оқиғасын естігенде, егер бір нәрсеге бар жан-тәніңмен сенсең, мықты болатыныңды түсіндім”,— деп жазды.

Симон бауырлас бейнеконференция арқылы студенттерге сөйлеп отыр (АҚШ, Колорадо)

Бас консул Томас Пропстл орденді табыстап жатып, Симон бауырласқа былай деді: “Небір азап көрсеңіз де, басқаларға басыңыздан өткенді айтып, содан өзіңіз күш алатыныңызға таңғаламын. Сіз әңгімелеріңізді ашық айтасыз, олардан мейірім мен жарқын болашаққа деген үміт есіп тұрады. Сол үшін сізге басымды иемін”.

Нацистік режим кезінде Симон бауырлас отбасымен бірге басқа да мыңдаған Ехоба куәгері сияқты аяусыз қуғын-сүргін көрді. 12 жасында оны Германияның Констанц қаласындағы фон Вессенберг атындағы кәмелетке толмаған балаларды түзету мекемесіне алып кетеді. Сол жерде оны қорқытып, үкіметті қолдауға күштейді. Бұл үшін оның қадір-қасиетін түсіреді, тамақ бермейді, ауыр жұмыс істеткізеді және шамамен екі жылдай басқалармен сөйлесуге тыйым салады. Сол кездерді есіне алып, Симон бауырлас былай дейді: “Ехоба мені тастаған жоқ, сондықтан мен адал болып қалдым”.

Симон бауырластың адалдығы мен Ехоба Әкемізді мадақтап жүргені бәрімізге де зор жігер береді (Матай 5:16).