Мазмұнға өту

15 Куәгердің үшеуі алған жүлделерін көрсетіп тұр

19 ҚЫРКҮЙЕК, 2023
ГЕРМАНИЯ

15 жас Куәгер нацистік биліктің құрбаны болған Вильгельмине Пёттер жайлы шығармашылық жұмыстары үшін марапатталды

15 жас Куәгер нацистік биліктің құрбаны болған Вильгельмине Пёттер жайлы шығармашылық жұмыстары үшін марапатталды

2023 жылдың 6 шілдесінде Германияның Кассель қаласында тұратын 15 жас бауырлас нацистік режимнің құрбаны болған Вильгельмине Пёттер жайлы шығармашылық жұмыстары үшін бірінші орынды жүлделеді. Олар өз еңбектерінде Вильгельмине Пёттер бауырластың танытқан батылдығына баса назар аударды.

Кассельдегі “Сүрінбе тас” деп аталатын қор нацистік режим құрбандарының есімдерін кішкентай тастарға жазып, қаланың көп жерлеріндегі тротуарларға орнатып қойған. Олардың арасында Вильгельмине мен оның жұбайы Джастус Пёттердің де есімдері бар. Сондай-ақ Вильгельминенің құрметіне Нистеталь деген көрші ауылдағы бір көшеге оның аты берілген. Қордың онжылдығына орай бір іс-шара ұйымдастырылды. Қаладағы барлық студенттер Нацистік Германияның тұсында қуғын-сүргін көрген құрбандардың біреуін не бірнешеуін таңдап, олардың өмірлері жайлы, үлгі тұтарлық тұстары жайлы айтып беруге шақырылды.

Wilhelmine-Pötter-Straße көшесіндегі аялдамада Вильгельмине бауырластың жазған хаттарының суреті ілініп тұр.

13 пен 23 жас аралығындағы бір топ Куәгер өздерінің жобасына Вильгельмине бауырласты таңдады. Олар “Тек Құдайға мойынсұнды” деген 24 минуттық видео көрсетті. Видеода Вильгельмине бауырлас 1937 жылы қалай түрмеге жабылғаны және 1942 жылы 49 жасында қалай Равенсбрюк лагерінде қайтыс болғаны жайлы баяндалды. Сондай-ақ студенттер кішкентай постерлер жасап, Вильгельмине бауырластың түрмеде отырғанда жұбайына, отбасына жазған хаттарын көрсетті. Бұл постерлер Вильгельмине бауырластың атымен аталған көшедегі аялдамаға ілінді.

1937 жылы 25 сәуірде күйеуіне жазған хатында Вильгельмине бауырлас былай деген екен: “Қымбатты Джастус, бізге шығарылған үкімді естігенде, екеуіміздің сабырлы болып, Иемізге деген сенімімізді жоғалтпағанымызға қатты қуандым. Енді біз бәрін Иеміздің қолына тапсырамыз, оның өзі бізге бағыт-бағдар беріп, жетелейді. Ең бастысы Иемізге соңына дейін адал болып қаламыз деген уәдемізден айнымасақ екен. Сондықтан мен дұғада Құдайдан екеумізді де рухани және тәндік жағынан нығайтуды сұраймын. Ол ешқашан шамадан тыс сыналуымызға жол бермейді. Біз Иеміз бен Қожайынымызға толықтай сенім артамыз”. Ехоба оның дұғасына жауап берді, екеуі де лагерде өмірлерінің соңына дейін адал болып қалды.

Вильгельминенің күйеуі Джастусқа 1937 жылы 25 сәуір жазған хаты

23 жастағы Александра Алтемайр видеода мына жайтты ерекше атап өтті: “Вильгельмине де, оның күйеуі де Мәсіхтің ізбасары болса, қуғын-сүргін көретінін жақсы түсінген. Олар қуғындалуға, тұтқындалуға, тіпті өлуге де дайын болды, себебі Құдай оларды ұмыт қалдырмай, қайта сый беретінін білді”. Осы жобаға қатысқан 18 жастағы Оле Шрёдер де былай деді: “Вильгельмине бауырластың үлгісі маған қатты әсер етті. Ол нағыз еліктеуге тұрарлық адам. Себебі ол сенімі мықты, Құдайға адал, табанды болған әрі қанша жерден қиындық көрсе де, қуанышын ешқашан жоғалтпаған. Осыдан адамда бар ең құнды нәрсе — Құдаймен достық екенін түсіндім”.

Марапаттау рәсімі кезінде видеоны 180 адам тамашалады. Олардың арасында студенттер, БАҚ өкілдері, қала әкімі, Мәдениет департаментінің басшысы және мектеп директоры болды.

Сенім мен батылдықтың бейнесі болған Джастус пен Вильгельминенің үлгісі осы жобаға қатысқан бауырластарға ғана емес, бізге де жігер беріп, рухымызды көтереді. Иә, Ехоба өзіне адал жандарды ешқашан ұмытпайды (Еврейлерге 6:10).