24 ҚАЗАН, 2017
ГРУЗИЯ
Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот Грузияның өз айыбын мойындайтыны туралы арызын қабылдады
Грузия Республикасы 10 Ехоба куәгерінің құқығын бұзғанын мойындады. 2017 жылдың 12 қазанында Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот (АҚЕС) Грузияның мойындауын қабылдайтыны туралы шешім шығарды. “Габуния мен басқалар Грузияға қарсы” деп аталған осы істе Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Конвенцияның (әрі қарай Конвенция) 9 бен 14-бабы бойынша қорғалатын діни сенім бостандығы және кемсітушіліктен азат болу құқығының тапталғаны үшін мемлекет әрбір жәбірленушіге 800 еуро (947 АҚШ доллары) көлемінде өтемақы төлеуге келісті.
2005 жылдың қыркүйек айында 10 Куәгер өздеріне православ экстремистерінің діни негізде төрт рет топ болып шабуыл жасағанына қатысты АҚЕС-ке арыз жазған болатын. Бұл төрт жағдай мемлекеттің қолдауымен Грузиядағы Ехоба куәгерлеріне қарсы жүргізілген діни қудалаумен байланысты еді. Бұл қудалау 1999 жылдың қазанында басталып, 2003 жылдың қарашасына дейін созылды. Құқық қорғау органдарының осы шабуылдарға қатысы бар болған, себебі олар осы зорлық әрекеттерге қатысқан және жапа шеккендерді қорғамаған.
“Габунияның” ісінен бұрын АҚЕС Грузияға қарсы үш қатаң үкім шығарған болатын. Осы үкімде АҚЕС мемлекетті сол уақыт аралығында жәбір көрген Куәгерлердің құқықтарын қорғамағаны үшін айыптады. АҚЕС құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі “азаматтық қоғамға қылмыскерлер мен мемлекет өкілдерінің сыбайластығы жайлы ой тастайды” деген тұжырым жасады. Әрі қарай онда “Грузияның билік өкілдері елде жазасыздық жағдайын туғызды, әрі бұл ақырында бүкіл елдегі Ехоба куәгерлеріне қарсы шабуылдауға әкеп соқтырды” деп тұжырымдалды. Бұған қоса, АҚЕС “сот билігі арызданушыларға қарсы жасалған зорлық әрекеттерге түрткі болған” және Грузия соттары жәбірленушілердің шағымын қарастыруда “біржақты болып, жеңіл-желпі” көзқарас ұстанды деп тапты.
Грузия өз тарапынан арыз беріп, жәбірленушілердің Конвенция бойынша қорғалатын құқықтарын бұзғанын “өкінішпен мойындау” арқылы АҚЕС-тің төртінші үкімінің алдын алды. Олай болмағанда, бұл үкім алдыңғы үш үкімде тағылған айыпты қайтадан тағар еді. Бүгін Грузиядағы Ехоба куәгерлері енді топтық шабуылдар мен мемлекеттің қолдауымен жүргізілетін діни қудалаудың құрбаны емес. Оларда енді діни сенім бостандығы бар.