31 НАУРЫЗ, 2022
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Босқындар бәрін тастап кетуге мәжбүр болды
“Бәрінен қымбаттысы — Ехобамен достығың”
Таңғы бесте Феми Дуродола мен әйелі Яна телефонның шырылынан шырт оянды. “Бізге хабарласқан ақсақал: —Уайымдамаңдар, бірақ дайын тұрыңдар! Ресей әскері Киевке қарай келе жатыр,— деді. Сонда менің тұла бойым құрысып қалды”,— дейді Яна.
Кеше ғана отау құрған Феми мен Яна киініп, жылы ұяға айналған үйлерінде соңғы рет кофесін ішіп, сол күннің тармағын оқиды. Онда: “Сабыр сақтап, маған сенім артсаңдар, күшті боласыңдар”,— деп тұр екен (Ишая 30:15). Отағасы Ехобаға жалбарына дұға етті. Феми — Нигерияның тумасы, ал Яна — украиндық. Екеуі төтенше дорбасын қолдарына алып, бар дүниесін қалдырды да, пана іздеп Нидерландыға қашты.
Осылай істеуге көп бауырласымыз мәжбүр болды. 24 ақпан күні Ресей Украинаға басып кіргенде, бауырластарымыздың көбі қашуды жөн көрген. Жалпы Украина елінде 130 000-дай Ехоба куәгері бар. Бүгінде солардың 36 000-ы өз үйлерінен кетсе, 16 000-нан астамы басқа елге кетуді шешті. Көбісі үйлерін, жұмыстары мен қауымдарын тастап қашты. Әскери қақтығыс кезінде 18 бен 60 жас аралығындағы украиндық ер адамдарды елден шығармай қойды. Алайда басқа елдің ер азаматтарына кетуге рұқсат етілді.
Қолдарына тек қажеттіні ғана іліп алып, пана іздеген босқындар пойызға, автобусқа мініп кете барды. Тар жол, тайғақ кешкен олар тіпті қай жаққа табан тірейтінін, қайда барып, қайдан шығатынын білген жоқ. Бір Ехобаға үміт артып, сұм соғыс қиратқан шаһарлардан шығып кете берді. Бірақ қайтып келер-келмесі олар үшін белгісіз.
“Біз бәрін тастап шықтық. Бар алғанымыз — керек-жарағымыз ғана. Бұл жағдай мына нәрсені ұқтырды: біз үшін бәрінен қымбаттысы Ехобамен достығымыз екен”,— дейді Яна.
Киевте тұратын Лилия Антонюк бауырласымыздың үйінің жанында снарядтар жарылып жатты. Әуе шабуылы басталғаны туралы дабыл қағылды. Көшелерде өртке оранған көліктер, қираған ғимараттар мен көпірлердің қалдығы жолды жауып қалды.
Лилия 17 жасар қызы Олександрамен бірге елден кетуді жөн санады. Олар бірнеше күн адамға лық толы пойызбен Польшаға жол жүрді. Тамақтары таусыла жаздап, өздері бірнеше сағат тік тұрып барды. Пшемысль (Польша) қаласына жеткенде, мазасыз жандары жай тапты.
“Біз қолдарына “JW.ORG” белгісін ұстап тұрған бауырластарды көргенде, жүрегіміз орнына түсті, олар бізді еш қалдырмайтынын білдік”,— дейді Лилия. Оларды Патшалық сарайына апарып, тамақтарын берді. Олар жылынып, тынығып алды. Сосын екеуін дереу бір үйге жайғастырды.
“Біз Ехобаның аялы алақанын сездік, бұдан сеніміміз қатая түсті. Ехобаның сүйіспеншілігі шексіз дариядай ғой. Сол сүйіспеншілігі үшін, қол созуға дайын бауырластар үшін Құдайыма деген алғысым зор”,— дейді Лилия. Қазір ол Германияда.
Анастасия Ковалева бауырлас Ресей әскері Запорожье қаласын әуеден қалай шабуылдағанын айтып берді. Ол өз үйінен оқтың жарқылын көріп, жарылыстың жаңғырығын естіп жатты. Толастамай тұрған бұл дауыстар үйдегі 7 және 3 жасар кішкентайлардың зәресін ұшырды, сондықтан олар кетеміз деп шешті. “Біз көп зат ала алмағандықтан, киіміміз де, басқа заттарымыз да болмады. Бірақ бауырластар бәрін ойластырып қойған екен. Бізде қажеттінің бәрі, тіпті артығымен болды”,— дейді Анастасия. Ол жеңгесі Аня және оның бала-шағасымен Польша арқылы Германияға кетті.
Анастасия Щукина мен оның анасы Ольга Лысенко дабыл қағылған сайын аядай үйлерінің суық жертөлесінде тығылып отырды. Екеуі де ізашар, қажеттілікпен Браилов (Винница) ауылына көшіп барған. Кетейік пе, кетпейік пе деп жүргенде, жағдай ушығып, екеуі кетуге мәжбүр болды. Олар тек керекті заттарын алып, 2 күн бойы пойызбен жүріп барды. Пойызда ұйқы қайдан болсын?! 58 жасар Ольга бауырластың денсаулығы нашар болғандықтан, жолды көтеру қиын болды. Олар Жешув (Польша) қаласына түнгі екіде жетті. Екеуін бауырластар күтіп алды. Анастасия былай дейді: “Түн жарымына қарамай бауырластар бізді күтіп алды. Біз Ехобаға және бауырластарға шексіз ризамыз”.
Украинаның Сумы қаласында польшалық Анджей Хиба мен оның әйелі британдық Елизавет тағы 5 адаммен бірге бір бауырластың жертөлесінде тығылып отырды. Олар ұшақтың гуілін, жарылыс пен оқтардың дыбысын естіп жатты. Бәрі бірге отырып “Уа, Ехоба... өзіңе сенім артамын” деген Киелі кітап драмасын көрді. Ассириялықтар Иерусалимге шабуылдағанда, Езекия патша не істегенін көргенде, бойларын батылдық биледі.
“Бауырластар бізге Жазбалардан түрлі ойлар жіберіп тұрды, әсіресе Зәбүрдің 27-жырын оқып шығуды айтты”,— дейді Анджей. Қазір ол әйелімен бірге Польшада.
Қамқоры шексіз Ехоба “бәрінен айырылған” бауырластарымызды жарылқайтыны сөзсіз. Олар түксіз қалса да, соғыс болмайтын күнді асыға күтуде (Філіпіліктерге 3:8).