Мазмұнға өту

Нунавуттағы (Канада) Икалуит қаласы. Қасындағы суретте Патшалық сарайының бағышталуына келген бауырластар тұр

22 ҚЫРКҮЙЕК, 2023
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Патшалық жайлы ізгі хабар Канада мен АҚШ-тың қиыр солтүстігіндегі адамдардың жүрегін жылытып жатыр

Патшалық жайлы ізгі хабар Канада мен АҚШ-тың қиыр солтүстігіндегі адамдардың жүрегін жылытып жатыр

Марк Сандерсон бауырлас бағыштау баяндамасын айтып жатыр

2023 жылдың 20 мамырында Басқарушы кеңестің мүшесі Марк Сандерсон бауырлас Нунавуттың (Канада) Икалуит қаласында Патшалық сарайын бағыштау баяндамасын айтты. Бұл кездесуге 44 адам жүзбе-жүз, ал 388 адам бейнеконференция арқылы қатысты. Нунавут жер бетіндегі халқы ең аз шоғырланған елді мекендердің бірі болып саналады, 1 837 000 км2 жерді 40 000-нан да аз адам мекендейді. jw.org сайтымызда айтылғандай, Патшалық сарайын соғу үшін бауырластарымыз көптеген қиындықтарға кезіккен еді. Осы алыс аумаққа алғаш келген жанкешті Куәгерлер суық ауа райына да, жер бедерінің ерекшеліктеріне де қарамастан жергілікті тұрғындарға ізгі хабарды жеткізді. Бағышталу бағдарламасында сол бауырластардың жанқиярлықтары мен табандылықтарына ерекше назар аударылды.

Канаданың солтүстігіндегі Нунавут, Солтүстік-батыс аймақтар және Юкон сияқты аймақтар бүкіл елдің территориясының шамамен 40 пайызын алып жатыр.

1976 жылы Маргарет Галли бауырлас қазір Нунавут деп аталатын мекенге 2052 шақырым қашықтықта жатқан Монреальдан (Квебек) көшіп келеді. Ол үлкен, құнарсыз осы аумаққа уағыздау үшін келген бірінші Куәгер еді. Сол жылы аудандық бақылаушы болып қызмет етіп жүрген Ханс Пинтер бауырлас әйелі Минервамен бірге Маргарет бауырласты жігерлендіру үшін, онымен қызметтесу үшін Нунавутқа бір аптаға арнайы сапармен келеді.

1983 жылы бір топ құлшынысты Куәгер Икалуитке келеді. Олардың жабыла атқарған қызметтерінің арқасында жергілікті тұрғындар арасынан бір отбасы шомылдыру рәсімінен өтеді. Келесі 20 жыл бойы Патшалықтың құлшынысты жариялаушылары ізгі хабарды уағыздау үшін осы алыс аумаққа келіп жүреді. Нәтижесінде 2008 жылы Икалуитте топ құрылады. 2010 жылы осы шағын топ қауым болып, кездесулерін мектептің спортзалында өткізіп жүреді. Ал 2022 жылдың қазан айында Патшалық сарайы соғылып біткенде, бауырластардың қуанышында шек болмады.

Жариялаушылар жылдар бойы Канаданың қиыр солтүстігіндегі аймақтарда жанқиярлықпен қызмет етіп жүр

Арнайы ізашарлар мен басқа да жариялаушылар Икалуиттен бөлек, Нунавуттың басқа да шалғай аумақтарында уағыздады. Олардың арасында Джоэл Террьен мен әйелі Шерил болды. Олар Икалуиттен батысқа қарай 1329 шақырым жерде орналасқан Бейкер Лейкке көшіп барады. Джоэл бауырлас былай дейді: “Суық ауа райына, аумақтың алыстығы мен кеткен шығындарға қарамастан осы жаққа көшіп келгеніміз сол құрбандықтарға татыды. Бейкер Лейктің тұрғындары бізді жылы қарсы алғанда, Ехобаның бізге жар екенін анық сездік. Осы жақтың адамдарына Киелі кітаптағы хабарды жеткізуге мүмкіндік болғанына өте ризамыз”.

Джоэл Террьен мен Джозеф Утатнак бауырластар 2023 жылы 25 тамызда Канаданың Виннипег қаласында өткен “Шыдамды болайық!” атты аймақтық конгресте

Бейкер Лейкте тұратын Джозеф Утатнак деген кісі Патшалық жайлы ізгі хабарға қызығушылық танытады. Кейін ол Джоэл бауырласпен Киелі кітапты зерттеп, 2021 жылы шомылдыру рәсімінен өтеді. Қазір Джозеф бауырлас Бейкер Лейктегі жалғыз Куәгер. Ол Патшалық сарайының бағышталу бағдарламасы 2023 жылдың мамыр айында Икалуит қаласында өтетінін білгенде, бағдарламаға қатысу үшін барын салады. Сол бағдарламада Джозеф бауырлас шомылдыру рәсімінен өткелі бері бауырластарымен Патшалық сарайында алғаш рет көріседі. Ол былай деді: “Патшалық сарайын көргенде таңғалып қалдым. Құрылысқа атсалысқан бауырластардың көбісі басқа жақтан келген, бұл жердің ауа райына үйренбеген. Бірақ олар Ехобаны және адамдарды қатты жақсы көргендіктен, осы жаққа келуге дайын болды”.

Қазіргі таңда солтүстік аумақтардағы 178 бауырласымыз 4 қауымда қызмет етеді. Олардың біреуі Нунавутта, екеуі Солтүстік-батыс аймақтарда, тағы біреуі Юконда орналасқан. Бұл аумақтар Канаданың территориясының шамамен 40 пайызын алып жатыр. Канаданың солтүстігінде жатқан шалғай аймақтардың ауасы ызғарлы, жету қиын болғандықтан, ол жақтың адамдарына бару оңай бола бермейді. Соған қарамастан сол адамдарға құлшыныспен ізгі хабарды айтып жүрген бауырластарымыздың ерен еңбегін бағалаймыз (Елшілердің істері 1:8).

АЛЯСКАНЫҢ (АҚШ) ШАЛҒАЙ АУМАҚТАРЫ

Жоғарғы оң жақта: Хейнс қаласындағы (Аляска) Патшалық сарайы. Төменгі оң жақта: сол Патшалық сарайында өтіп жатқан қауым кездесуі

Аляска — Құрама Штаттардың қиыр солтүстігінде орналасқан ең үлкен штат. Оның жер көлемі Техас штатынан екі есе үлкен, шамамен 1 723 000 км2 құрайды. Аляскада 730 000-ға жуық адам тұрады. Патшалық жайлы ізгі хабар Аляскаға 1897 жылдардың басында жетті. Бүгінде онда 30 қауым мен 8 топта 2400-дей жариялаушы қызмет етуде. Алясканың ең үлкен қаласы Анкориджде әртүрлі тілді 10 қауым мен 5 топ бар. Олар: хмонг (ақ), корей, орыс, самоан тілдері және жергілікті халықтың байырғы юпик (орталық Аляска) тілі. Фэрбенкс, Джуно, Уасилла сияқты басқа қалаларда да бірнеше тілді қауымдар мен топтар бар. Бұған қоса ізгі хабар шалғайда орналасқан Бетел, Врангель, Хейнс сияқты кішкентай қалаларға да жетіп жатыр.

Кеннет Кук бауырлас Хейнсте Патшалық сарайын бағыштау баяндамасын айтып тұр

2014 жылдың тамыз айында Себаби Лебалло мен Дастин Уотсон деген екі арнайы ізашар Хейнс қаласына көшуге шақырылды. Ол оңтүстік-шығыс Аляскада, Анкориджден оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 825 шақырым қашықтықта орналасқан. Әлгі екі арнайы ізашар бір жылдың ішінде 40 адаммен зерттеу сабағын өтеді. Олардың кейбірі шомылдыру рәсімінен өтеді. Ал 2018 жылы Хейнсте шағын қауым құрылып, қауым кездесулері кітапханада өтіп жүреді. 2021 жылы сол кітапхана сатып алынып, Патшалық сарайына айналды. Ал кейін 2022 жылдың қыркүйегінде Басқарушы кеңестің мүшесі Кеннет Кук бауырлас Патшалық сарайын бағыштау баяндамасын айтты. Бағдарламаға 48 адам келді, ал 86 адам бейнеконференция арқылы қатысты. Бүгінде 21 жариялаушыдан тұратын бұл қауым Хейнс пен басқа да шалғай аумақтарда ізгі хабарды жариялап жүр.

Дастин Уотсон (сол жақта) мен Себаби Лебаллоның (оң жақта) Хейнске енді келген кезі, 2014 жыл

Патшалық сарайының бағышталу рәсіміне қатысқан соң, Себаби бауырлас былай деді: “Сегіз жыл бұрын маған біреу осы жерде қауым болады, Патшалық сарайы соғылады десе, сенбес едім. Тіпті осындай шалғай жерде де Ехоба “әртүрлі адамдарға” өзі туралы білуге жағдай жасап жатқаны таңғалдырмай қоймайды” (Тімөтеге 1-хат 2:4).