7 ҚАРАША, 2023 жыл
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Португал тіліндегі “Күзет мұнарасы” басылымына — 100 жыл
1923 жылы Джордж Янг бауырлас филиал ашу және уағыз ісін ұйымдастыру мақсатымен Бразилияға барады. Сөйтсе, онда бүгінде “Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды” деген атпен белгілі “Сион күзет мұнарасы және Мәсіх билігінің жаршысы” журналы тек ағылшын тілінде қолжетімді екен. Янг бауырлас тез арада “Күзет мұнарасы” басылымының португал тіліне аударылып, жергілікті баспаханада басылуына қам жасайды. Нәтижесінде португал тіліндегі алғашқы “Күзет мұнарасы” журналы 1923 жылдың қазан айында жарық көреді. Үш жыл өте Бруклиндегі (Нью-Йорк) Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасынан баспа станогы әкелінеді. Содан бері Бразилия филиалы журналдарды өздері басып шығарады.
Бразилияда алғашқы “Күзет мұнарасы” журналының жарық көргеніне екі жыл болғанда, Португалиядағы бауырластар бұл журналды Еуропада сөйлейтін португал тіліне аудара бастайды. Алайда 1933 жылы елде диктаторлық режим орнағандықтан, Ехоба куәгерлері жаппай қуғындалады. Көп ұзамай Португалиядағы аударма ісі тоқтап қалады. Ондаған жылдар бойы португалдық бауырластарға Бразилияда басылып шығарылатын “Күзет мұнарасын” оқуға тура келеді. Португалиядағы сол жылдарды бастан өткізген Изабел есімді бауырласымыз былай деді: “Грамматикалық жағынан және кейбір сөздердің мағыналық айырмашылықтарына қарамастан менің бар ойым мен жүрегім негізгі хабарда болды. Португалияда тұратын біздерді қиын кезде қажетті әдебиеттермен қамдағандары үшін бразилиялық бауырластарға алғысым шексіз”.
1961 жылы ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасы“ бір том ретінде жинақталған соң, португал тілін қоса алғанда, алты тілге аударылуға мақұлданды. Қанша қиын болса да, Бразилиядағы аудармашылар Киелі жазбаларды басқа да елдердегі португал тілінде сөйлейтін адамдарға түсінікті болатындай етіп аударып шықты. Көптеген жылдар бойы “Күзет мұнарасы” журналының португал тіліне аудару ісі де осы принцип бойынша жүзеге асатын. Дегенмен, 2017 жылдан бастап бұл журнал Португалияда тұратындарға бөлек, Бразилияда тұратындарға бөлек аударылатын болды.
Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша португалша сөйлейтін жариялаушылардың саны 1,2 миллион болса, бұл тілде сөйлейтін адамдардың саны — 260 миллион. Осы адамдардың барлығында “Күзет мұнарасын” өз ана тілінде оқуға мүмкіндік бар. Біз көптеген адам “Құдайдың ғажайып істері жайлы” білсе екен деп дұға етеміз (Ел. іс. 2:11).