18 ҚАЗАН, 2023
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Ямайкалық креол мен пенсильваниялық неміс тілінде тұңғыш рет аймақтық конгресс өтті
2023 жылдың шілде айында ямайкалық креол мен пенсильваниялық неміс тілінде тұңғыш рет аймақтық конгресс өтті. “Шыдамды болайық!” атты аймақтық жиынға өз тілдерінде өтетін конгресті жылдар бойы аңсап күткен 2000-ға жуық адам келді.
Ямайкалық креол тілі
Ямайканың мемлекеттік тілі — ағылшын. Десе де аралдың көп тұрғыны ямайкалық креол тілінде де сөйлейді. Конгреске келген 1700 адамның кейбірі Ұлыбританиядан және АҚШ-тан келді. Бағдарлама Олд Харбор қаласында (Ямайка) “Марли” технопаркінде 14—16 шілде аралығында өтті. 12 адам шомылдыру рәсімінен өтті.
Ямайкалық креол тілінде сөйлейтін бауырластар бағдарламаны тұңғыш рет өз ана тілінде тыңдап, таң-тамаша болды. Танеша Гордон деген әйел бауырлас былай деді: “Төраға сахнаға шығып, менің ана тілімде бағдарламаны бастағанда, көзімнен парлап жас ақты. Өз құлағыма өзім сенбедім. Конгресс бітпесе екен, бітпесе екен деп отырдым”.
Пенсильваниялық неміс тілі
Канадада және АҚШ-та шамамен 400 000 адам пенсильваниялық неміс тілінде сөйлейді. Бұл неміс диалектісінде әсіресе ауылдық жерде тұратын амиш пен меннониттер сөйлейді екен. Пенсильваниялық неміс тілді 5 қауым мен бір топта қызмет ететін бауырластар әртүрлі штаттардан конгреске келді. Бағдарлама Кораополистегі Конгресс сарайында (Питсбург, Пенсильвания) 7—9 шілде аралығында өтті, оған 200-ден аса адам қатысты.
Дейвид Миллер кішкентайынан пенсильваниялық неміс тілінде сөйлеп өскен. 25 жыл бұрын ол Ехоба куәгерлерімен ағылшын тілінде Киелі кітапты зерттеп бастаған. Өз тілінде қауым ашылады деген үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. Ал конгресс өтеді деген тіпті ертегідей естілген екен. Ол былай дейді: “Жүрегім алып-ұшып тұр. Бағдарламаның бір сөзін қалдырмай, мұқият тыңдадым. Ана тіліңде айтылған нәрсе жүректі тесіп өтеді екен”.
Осындай тарихи жиынға барған бауырластарымыз үшін біз қатты қуанамыз. Басымызды біріктіріп, таза тілді баршаға қолжетімді еткен Ехобаға мың да бір алғыс (Софония 3:9).