Мазмұнға өту

Паттерсондағы қонақ күту орталығы (АҚШ, Нью-Йорк). Қоршауда: қонақтар “Бірінші ғасырдағы ауыл” атты интерактивті мұражайда жүр

26 ҚАҢТАР, 2024
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Әрі интерактивті, әрі бірегей орталық

Әрі интерактивті, әрі бірегей орталық

1 қаңтар 2024 жылы Паттерсондағы қонақ күту орталығы ресми түрде қонақтарға есігін ашты. Ол АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Күзет мұнарасының білім орталығында орналасқан. Қонақ күту орталығындағы ерекше мұражай — “Бірінші ғасырдағы ауыл” мұражайы. Мұражай бөлімінде қызмет ететін Айзейя Миллер бауырлас былай деді: “Бұл мұражай қонақтарға Исаның заманында өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігін көрсетеді. Зерттеулер көрсеткендей, интерактивті оқыту әдістері барлық жастағы адамдар үшін тиімді”. Экскурсиядан кейін бір қонақ былай деп бөлісті: “Мен өзімді ежелгі исраилдіктердің кезіне түсіп кеткендей сезіндім. Бұл бір ерекше сезім!”

Бұл мұражайдан қонақтар бірінші ғасырдағы исраилдіктердің қалай күн көргендерін, қандай мал ұстағандарын, нені азық еткендерін, қандай өсімдіктер өсіргендерін көре алады. Мысалы, онда қолдан жасалған зәйтүн ағаштары бар. Сондай-ақ диірмен тасында дәнді дақылдарды тартып көруге, Иса мен шәкірттері мінген қайыққа ұқсас қайыққа отыруға болады. Бір ер бауырлас таңғалысын жасырмай, былай деді: “Қайыққа мінгенде, Иса тура менің қасымда тұрып, теңізге “Тына қал, басыл!” деп айтқандай болды” (Марқа 4:39). Сонымен қатар қонақтар мәжілісханаға кіріп, Құдай Сөзі дауыстап оқылып жатқанда оны мұқият тыңдап отырғандарын елестете алады.

“Бірінші ғасырдағы ауыл” мұражайында түсірілген суреттер (сағат тілі бойынша): балық аулауға арналған қайық, диірмен тасы, мәжілісхана және базар

Ребекка мен Маркос ағаштан орындық жасауды үйреніп жатыр

Бұл мұражайдың тағы бір ерекшелігі — қонақтар бірінші ғасырдағы “ауыл тұрғындарымен” әңгімелесіп, олардың тұрмыс-салтымен танысып, бірге әртүрлі жұмыстарды істеп көре алады. “Маған исраилдік ұстамен бірге орындық жасау қатты ұнады!” — деді 10 жасар Маркос. 8 жастағы Ребеккаға да осы ұнапты. Сондай-ақ ол: “Маған диірменде дән майдалап, одан ұн жасау қызық болды”, — деп айтты.

“Бірінші ғасырдағы ауыл” мұражайынан бөлек, бұл орталықта тағы үш бөлім бар. “Бірінші ғасырдағы тиындар” деген көрмеден тетрадрахма сияқты жиі кездесе бермейтін әрі бірінші ғасырда айналымда болған тиындарды көруге болады. “Балаларыңның бәрі Ехобадан тәлім алады” деген мұражайда Ехобаның ұйымы ұйымдастыратын әртүрлі теократиялық мектептер мен Ехобадан білім алудың пайдасы жайлы айтылады. Ал “Ізгі хабарды қорғау мен оны заңдастыру” мұражайы әртүрлі жерлерде қуғын-сүргін көріп жүрген адал бауырластардың үлгілері мен Ехобаның ұйымы оларға қалай қолдау көрсеткенін баяндайды.

Солдан оңға қарай: “Бірінші ғасырдағы тиындар” көрмесі, “Балаларыңның бәрі Ехобадан тәлім алады” және “Ізгі хабарды қорғау мен оны заңдастыру” мұражайлары

Дүниенің түкпір-түкпіріндегі бауырластарды Паттерсондағы қонақ күту орталығына келіп, Ехобаның осы керемет сыйын өз көздерімен көруге шақырамыз. Сонда Ехоба өз халқын қаншалықты жақсы көретіні мен бағалайтынына көз жеткізесіз (Жақып 1:17).