11 ҚАЗАН, 2019
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2019 жылғы жылдық жиынға шолу
2019 жылы 5 қазанда, сенбі күні, “Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының (Пенсильвания)” жылдық жиыны өтті. Бұл жиын Ньюберг қаласындағы (Нью-Йорк штаты, АҚШ) Ехоба куәгерлерінің Конгресс сарайында болды. Жиынның іскерлік бөлігінен соң Басқарушы кеңес жігерге толы рухани бағдарлама ұсынды. Бағдарламаны тікелей және трансляция арқылы барлығы 20 679 адам тыңдады. Төменде бағдарламаның әр бөлігіне қысқаша шолу жасалған a.
“Көсемдерің біреу-ақ. Ол — Мәсіх”
Бағдарлама төрағасы Геррит Лёш бауырлас Матай 23:10-ға негізделген кіріспе баяндаманы айтты. Баяндамасында ол біздің Көсеміміз қандай да бір адам емес, Мәсіх екенін тыңдаушылардың есіне салды.
Зардап шеккендерге көмек — Ехобаның қамқорлығы
Стивен Летт бауырлас жомарт болып, өзгелерге қуанышпен көмектесудің маңыздылығын түсіндірді. Мұның бір жолы — әртүрлі табиғи апаттан зардап шеккендерге қол ұшын беру. Летт бауырлас 2018—2019 қызмет жылында табиғи апаттардан қандай шығын болғанын әрі оның орнын толтыру үшін не істелгенін айтып өтті. Табиғи апаттан 900 000 аса бауырласымыз зардап шекті, сондай-ақ 700-ден көп Патшалық сарайы мен бауырластардың 15 000 үйіне зақым келді я қирады. Ехоба куәгерлері бауырластарға көмек көрсету ісіне 49,5 миллион АҚШ долларын жұмсады.
Баяндамада бауырластар алған көмектері үшін шын жүректен алғыс білдірген бейнероликтер көрсетілді.
“Құдайымыз бізді қолдады... Қабырғаны тұрғызайық!” | Бейнеролик
Бұл бейнероликте Ехоба куәгерлерінің қарауында дүниежүзі бойынша 80 000-дай ғимарат бар екені айтылды. Онда сондай-ақ теократиялық нысандарды күтіп ұстау, жөндеу және соғу әдістері сөз етілді.
“Ғимараттарды сатып алу тарихына үңілсек” | Бейнеролик
Бұл бейнероликте бұрын Құрама Штаттардағы филиал мен дүниежүзілік бас басқармаға ғимараттарды таңдап, сатып алуға көмектескен үш бауырластың сұхбаты бар. Олар: Макс Ларсон, Джордж Кауч пен Гилберт Назарофф бауырластар. Үшеуі әртүрлі ғимараттарды сатып алғанда Ехобаның көмек қолын қалай анық көргендерімен бөліседі.
“Жаңа құрылыс жобасы” | Бейнеролик
Аталмыш бейнероликте Ехоба куәгерлері Рамапода (Нью-Йорк штаты) жаңа кешен соғуды жоспарлап жатқаны хабарланды. Бұл жерде аудио-видео өнімдерді шығару ісі атқарылмақ. Ғимарат Уорвиктегі бас басқармадан үш шақырымдай қашықтықта орналасады. Құрылысты 2022 жылы бастап, 2026 жылдың желтоқсанына қарай бітіру көзделіп отыр. Құрылыс қызған шақта іске күн сайын шамамен 1500 ерікті жұмылдырылады деп күтілуде.
“Өтініштерді толтырудың жаңа жолы” | Бейнеролик
Бұл бейнероликте қызмет аясын кеңейткісі келетін бауырластар 2020 жылдың қаңтарынан бастап тиісті өтініштерді тікелей jw.org сайтында толтыра алатыны айтылды, қауымның ақсақалдар кеңесі оны сол жерден қарай алады.
jw.org сайтындағы аудиофайлдарды тыңдаудың жаңа жолы
Енді jw.org сайтындағы белгілі бір аудио жазбаларды “Amazon Alexa” және “Google Assistant” дыбыстық көмекшілері арқылы ойнатуға болады.
Солтүстіктен жасалатын шабуыл
Дейвид Сплэйн бауырлас Жоел кітабының 2-тарауындағы құжынаған шегірткелер туралы пайғамбарлықты анығырақ түсінуімізге көмектесті. Кейінірек “Күзет мұнарасында” жарық көретін осы жаңа түсінікті зерттеуді бәріміз де тағатсыздана күтеміз.
Киелі кітапты “Киелі кітаптың зерттеуге арналған басылымының” көмегімен оқыңыз
Сэмюэл Хёрд бауырлас онлайн түрінде шыққан “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” зерттеуге арналған басылымының артықшылықтары туралы айтып өтті. Сосын осы зерттеуге арналған басылымның бір бөлігі (Матай кітабынан Елшілердің істері кітабына дейін) баспа түрінде жарық көргенін хабарлады. Жариялаушылар бұл жаңа басылымға өз қауымдарында тапсырыс бере алады.
Бізде істейтін жұмыс көп!
Энтони Моррис бауырлас шынайы мәсіхшілер үшін ізгі хабарды уағыздау маңдайалды іс екеніне баса назар аударды. Теократиялық ғимараттар болса Басқарушы кеңеске уағыз ісін ұйымдастыруға және Ехобаның халқын рухани ас-сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Моррис бауырлас 1978 жылғы 1 ақпандағы “Күзет мұнарасынан” (ор.) рухты көтеретін сөздерді келтірді: “Зор алапат басталған кезде уағыз ісі жер-жерлерде мейлінше алға жылжып, өзінің шарықтау шегіне жеткен болу керек”. Сондай-ақ журналда Исаның Соттаушы ретінде келуі мүлдем ойламаған уақытта болатыны айтылған. Бұл тіпті сол кезде уағыз ісінде табан аудармай еңбектеніп жатқан Ехобаның халқы үшін де тосын жайт болмақ.
Неден қорқуымыз керек?
Марк Сандерсон бауырлас Құдайдың халқы, Иса күні бұрын айтқандай, “барлық ұлттарға” жеккөрінішті болып жатса, бұған таңғалмаулары керектігін айтты (Матай 24:9). Алайда ол бізді адамдардан емес, Ехобадан қорқуға шақырды (Зәбүр 111:10).
Баяндамада Ресейдегі бауырластар қуғын-сүргінге деген қорқыныштарын қалай жеңе білгені туралы көңіл толқытарлық бейнеролик көрсетілді. Осы баяндама мен бейнеролик Ехобаның барлық қызметшілерін тап сондай батылдық танытуға қозғау салды.
Сіз толықтай сергексіз бе?
Джеффри Джексон бауырлас “сергек” сөзі кездесетін Мәсіхшілердің грек жазбаларындағы үзінділердің сабақ боларлық тұстарына назар аударды. Сонымен қатар ол осы дүниенің соңғы күндерінде “санамызды барынша сергек” сақтаудың маңыздылығына екпін түсірді (Петірдің 1-хаты 1:13).
Сіз мұны қолға аласыз ба?
Кеннет Кук бауырлас 2020 жылдың тармағын хабарлады. Бұл — Матай 28:19: “Барыңдар да,.. шәкірттер дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”. Ол ақжүректі жандарға өмірлерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесуіміз керектігіне ерекше назар аударды.
Жылдық жиын сынды рухани бағдарламалар бізге Ехобаға әрі қарай да бар жан-тәнімізбен қызмет етуге ұмтылыс береді.
a Жылдық жиынның толық бағдарламасы 2020 жылдың қаңтарында jw.org сайтына шығады.