11 ҚАЗАН, 2019
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
JW Broadcasting бағдарламасына бес жыл!
Ай сайынғы JW Broadcasting бағдарламасын тамашалап келе жатқанымызға, міне, бес жыл болды! Бәріміз де 2020 және одан кейінгі қызмет жылдарына жоспарланған бағдарламаларды асыға күтеміз. Ал қазір 2014 жылы қазан айында жарық көрген алғашқы бағдарламадан бері қандай жетістіктерге жеткенімізді шолып өтейік.
185 тілге аударылды. Алғашында бағдарлама тек ағылшын тілінде шығатын. Сосын 2015 жылдың мамыр айында Басқарушы кеңес бағдарламаның 40-тан астам тілге аударылуын мақұлдады. Ал енді, төрт-ақ жылдың ішінде бағдарлама шамамен 185 тілге аударылатын болды.
Дүниенің төрт бұрышынан келетін хабар. Бағдарламамыз дүниежүзілік бауырластығымыз үшін шығарылады. Сол себепті видеолардың көбісін төрткіл дүниедегі түсірілім топтары түсіреді. Бағдарлама әдетте оқшау аймақтағы, мысалы Эфиопия, Исландия, Монғолия, Сайпан, Тувалу және Угандағы қауымдар туралы бейнероликпен аяқталады. JW Broadcasting бағдарламасын 230-дан астам мемлекеттегі адамдар тамашалады, тіпті тұрақты тұрғындары жоқ субантарктикалық белдеуде орналасқан Херд аралы мен Макдоналд аралындағы адамдар көрді. Алғашқы айда бағдарлама шамамен 8,6 миллион рет көрілді не жүктеп алынды.
Әрқилы көп мәліметтер. Жалпы алғанда мәліметтердің көлемі 60 сағаттан асады. Оның ішінде баяндамалар, сұхбаттар, өмірде болған оқиғалар, жаңалықтар және қойылымдар бар. “Бақытқа толы өмір” деп аталатын алғашқы бейнебаян жарық көргеннен кейін ай сайынғы бағдарламада жүйелі түрде жаңа бейнебаян шығатын болды. Бұл әндер 368 тілге аударылады.
Бағдарлама жүргізушілері. Алғашында бағдарламаны тек Басқарушы кеңестің мүшелері жүргізетін. Ал кейінірек Басқарушы кеңестің көмекшілері де бірге жүргізіп, арасында өздері де жүргізетін болды. Жалпы ай сайынғы бағдарламаны 29 бауырлас жүргізді не көмекші болды.
Ризашылық сөздері. Инсульт алып, оның салдарымен күресіп жүрген АҚШ-тағы бір бауырлас әсіресе әндерімізді жақсы көреді екен. Ол былай дейді: “Рухани тақырыптарға негізделген бұл әндер қазіргі жағдайыма оң көзбен қарап, қиындықтарыммен күресуге көмектеседі. Бір таңғалдыратыны, бұл әндер маған мәсіхшілік қасиеттерді дамытуға үлкен септігін тигізіп жатыр. Осы әндер үшін алғысым шексіз!”
Баласы қатерлі ісіктен қайтыс болған АҚШ-тағы бір ерлі-зайыпты 2016 жылғы қараша айының бағдарламасын көргеннен кейін былай деп жазды: “Өмір біз аңсаған” деп аталатын бейнебаянды көргенде, көзімізден жасымыз парлап кетті. Сол бейнебаяндағы жұмақта жүрген ата-ананың орнына өзімізді елестеттік. Жан азабына әрі қарай төзе алмастай сезінгенде, Ехоба бізді әрдайым түсінетінін және сондай сәттерді еңсеруге көмектесетінін көрсетіп отырады. Сол видео біздің көптеген дұғаларымызға жауап болды”.
Украинада тұратын ерлі-зайыпты ризашылығын білдіріп, былай деп жазды: “JW Broadcasting бағдарламасының арқасында, Басқарушы кеңестің мүшелері өз отбасымыздың мүшелеріндей болып кетті!”
Біз дүниенің төрт бұрышындағы Құдай халқының бірлігіне үлес қосып жатқан осындай уақтылы шараны ұйымдастырғаны үшін Ехобаға дән ризамыз! (Петірдің 1-хаты 2:17).