Мазмұнға өту

(Сол жақта) Аурудан қорғану үшін үйдегі және Патшалық сарайындағы қолмен жиі ұстайтын жерлерді таза ұстау керек; (ортада) індет тараған кейбір аймақтарда жариялаушылар басқаша қызмет етуді шешуі мүмкін, мысалы телефон арқылы; (оң жақта) ауру ушыққан жерлерде ақсақалдар жергілікті жағдайды ескеріп, жариялаушыларға кездесулердің жазбасын беруді қамдайды

3 НАУРЫЗ, 2020
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Коронавирус жайлы маңызды ақпарат

Коронавирус жайлы маңызды ақпарат

Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасы коронавирус (COVID-19) деп аталатын жаңа індеттің таралуын жіті бақылап отыр. Киелі жазбалардағы пайғамбарлықтардан індеттер соңғы күндердің бірден-бір белгісі екенін білеміз (Лұқа 21:11). Індет тарала бастағанда өзімізді де, өзгелерді де қорғау үшін сақтық шараларын жасағанымыз жөн (Нақыл сөздер 22:3).

Індет таралып жатқан аймақтарда біздің бауырластарымыздың жағдайын ойлап бәріміз де уайымдап жатқан шығармыз. COVID-19 ауруының зардабы әсіресе Италия, Жапония, Оңтүстік Кореядағы және басқа да елдердегі филиалдар мен қауымдарға тиіп жатыр. Кейбір жағдайларда Бетел экскурсиялар мен сырттан қонақтардың келуін тоқтатуға мәжбүр. Басқа жағдайларда үкімет көпшілік орындарда жиналуға тыйым салады, сондықтан филиалдар аудандық конгрестерді өткізбеуге міндетті. Бұған қоса, кейбір елдердегі қауымдарға уағыз қызметіне және кездесулерге байланысты өзгерістер жасауға тура келді. Осындай қиындықтарға қарамастан, бауырластар рухани жағынан өздерін нығайтып, бір-біріне де жігер беруде (Яһуда 20, 21).

Осындай жағдайда бауырластар мына принциптерді пайдалы деп тапқан. Сіз індет таралған аймақта тұрсаңыз, бұл кеңестер сіздің де, отбасыңыздың да пайдасына жарап қалар.

  • Үрейге берілмеңіз. Індет таралғанда, абай болып, сақтық шараларын жасау даналыққа жатар еді. Алайда бұған негіз қорқыныш емес, нақты деректер болуы тиіс (Нақыл сөздер 14:15; Ишая 30:15).

  • Мемлекеттің нұсқауларын орындаңыз. Жергілікті билік өкілдері індет халық арасында тарап кетпес үшін тиісті нұсқаулар береді. Олардан хабардар болып, нұсқауларын ұстанған жөн (Римдіктерге 13:1).

  • Жеке бас гигиенасын сақтаңыз. Қолды үнемі сабындап жуып тұру немесе құрамында спирті бар антисептикпен сүртіп тұру аса маңызды. Үйдегі және Патшалық сарайындағы қолмен жиі ұстайтын жерлерді де таза ұстау керек. Сондай-ақ медицина мамандары індет болып жатқан шақта ауруды таратпас үшін қол алыспауға кеңес береді. Коронавирусқа қатысты қосымша нұсқауларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да беріп отыр.

  • Өзгелерді жақсы көріңіз. Әрине, қауым кездесулеріне барудың және қызметке шығудың маңыздылығын бәріміз де түсінеміз. Алайда ауырып тұрсаңыз, өзгелерге жұқтырмас үшін үйде қалғаныңыз дұрыс. Бұл әрекетіңіз бауырластарды жақсы көретініңізді көрсетеді, әрі оларды да, Куәгер емес адамдарды да қорғайды (Матай 22:39).

  • Қауымның іс-шараларына қатысты уақытша өзгерістерді қолдаңыз. Індет таралған аумақтарда филиалға қауым кездесулерін, аудандық конгрестерді және басқа да арнайы кездесулерді уақытша тоқтату қажет болуы мүмкін. COVID-19 вирусы әсіресе кең таралған Италияның, Жапония мен Оңтүстік Кореяның кей жерлерінде осылай жасалып жатыр. Ақсақалдар жергілікті жағдайды ескеріп, жариялаушылар қауым кездесулерін үйден көре алулары үшін оның жазбасымен қамдайды. Ал уағызға келер болсақ, жариялаушылар телефон арқылы, хат жазу арқылы, смс хабарламалары я электронды пошта арқылы уағыздай алады.