Мазмұнға өту

Сол жақта: көрмеге келген қонақтар. Ортасында: Ла-Моделоның кіреберісі (Барселона, Испания). Оң жақта: түрмеде отырған ер бауырластың әйеліне жазған хаттардың көшірмелері

5 ЖЕЛТОҚСАН, 2023
ИСПАНИЯ

Испанияда “Арынан аттамағандар” атты арнайы көрме өтті

Испанияда “Арынан аттамағандар” атты арнайы көрме өтті

Ла-Модело көрмесіндегі экскурсия

2023 жылдың 14 қазан мен 16 желтоқсан аралығында Испанияның Барселона қаласында бұрынғы Ла-Модело түрмесінің ғимаратында (қазіргі музей және мәдениет орталығы) “Арынан аттамағандар” деген арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрме діни сенімі үшін Испанияда түрмеге отырғызылған ер бауырластар жайлы хабар береді. Көрме 4 бөлімге бөлінген және оның мақсаты — мәсіхшілік бейтараптық сақтаған жас Куәгерлердің зор сенімін көпшілікке, билік өкілдеріне, профессорлар мен ұстаздар қауымына жеткізу.

1930 жылдардан бастап Испанияда ер бауырластар әскери борышын өтеуден бас тартқандары үшін түрмеге тасталды. 1960—1970 жылдар аралығында түрмеде отырғандардың саны шамамен 1000-ға жетті. 40-тан көбі көрме өтіп жатқан Ла-Модело түрмесіне жабылған.

Сенімі үшін әскерден бас тартқандар жайлы стенд

Көрмеде жас ер бауырластар не себепті әскерден бас тартқандарын, түрмеде өмірлері қандай болғанын баяндап берді. Сол бауырластар жылдар бойы дегенінен қайтпай, қаққан қазықтай нық тұрып келгенінің арқасында Испания үкіметі 1984 жылы мынадай заң шығарды: кез келген діндар адамның діни сенімі үшін әскерден бас тартуға құқы бар.

Көрменің ашылу салтанатында тарихшы, профессор Мигель Анхель Плаза сөз сөйледі. Ол Ла-Модело түрмесінде отырған бірнеше ер бауырласпен әңгімелескен екен. Ол былай деді: “Олардың бірде-біреуі сол жылдар жайында, тіпті түрме күзетшілері жайлы бір ауыз жаман нәрсе, сыни сөз айтқан жоқ. Басынан өткен жағдайды ашынып емес, күлімдеп айтып берді”. Сол күні қонақтардың арасында Фемандо Трепат бауырлас болды, ол Ла-Моделода түрмеде отырған. Ол былай деді: “Содан бері 50 жылдай өтті. Ол кезде маған дұрыс шешім қабылдауға Киелі кітап принциптері көмектесті. Сол шешіміме ешқандай өкінішім жоқ. Қазір сондай жағдай басыма түссе, дәл сондай шешім қабылдар едім”.

Айтулы іс-шараның басында жүрген Девид Байдез бауырлас былай деді: “Көрме өткен күнді баяндап жатса да, оның тақырыбы әлі де өзекті. Бүгінде түрлі елде 200-ге жуық Ехоба куәгері сенімдері үшін түрмеде отыр”.

Экскурсия жүргізген бауырластар

Сынақта сағы сынбаған, адалдықтан айнымаған Испаниядағы ер бауырластарды біз ерекше бағалаймыз. Бүгінде асыл сенімдері үшін түрмеде отырған жандар үшін әрі қарай да дұға етеміз (Еврейлерге 13:3).