Мазмұнға өту

Қазіргі таңдағы Лилонгведегі (Малави) филиал ғимараттары. Қоршаудағы суреттер (сағат тілімен): Билл Маклаки бауырлас — Малавидегі алғашқы бетелдік; 1967 жыл, үкімет филиалды тәркіледі; бауырластар қазір қуанышпен уағыздап жүр

28 ЖЕЛТОҚСАН, 2023
МАЛАВИ

Малави филиалына 75 жыл

Керемет төзімділіктің тарихы

Малави филиалына 75 жыл

1948 жылы Малавидің Блантайр қаласында Ехоба куәгерлерінің осы елдегі алғашқы филиалы ашылған еді. Содан бері 75 жыл өтті.

Алғашында Малавидегі Ехоба куәгерлерінің ісіне Оңтүстік Африкадағы филиал жауапты еді. 1930 жылдары Малавиде өте үлкен өсім болды. Мысалы, 1934 жылы елде 28 ғана жариялаушы болса, 1948 жылы 5600-ден асып жығылды. Жариялаушылардың саны көбейгендіктен 1948 жылдың 1 қыркүйегінде Блантайр қаласында кішкентай жалдамалы пәтерде филиал ашылды. Ал 1958 жылы жақын жерден Бетел ғимараты соғылды.

Сол жақта: чичева және читумбука тілдерінің аудармашылары (Малави, 1958 жыл). Солардың арасындағы Бастон Ньиренда (қоршаудағы) қазір Малавидегі филиал комитетінде қызмет етеді. Оң жақта: 80 жастағы Ньиренда бауырлас пен әйелі Виолет

Шамамен он жылдан кейін, 1967 жылдың қазан айында, билік өкілдері Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салып, филиалды тәркіледі. Тыйымға қарамастан Малавидегі бауырластар уағыз ісін ұйымдастырып, бір сенімдегі бауырластарына көмек көрсетуді жалғастыра берді. Шамамен 26 жыл бойы Ехоба куәгерлері бейтараптықтары үшін аямай қуғындалып, асқан қатыгездіктің құрбаны болды. Сол кездері бауырластарымызды абақтыға жапты, қорлап қинады, тіпті өлтірді. Кейбір бауырластар жақын маңдағы Мозамбик, Замбия, Зимбабве сияқты елдерге қашып кетті.

Бауырластар Киелі кітапқа негізделген материалдарды чичева тіліне аударып жатыр

1993 жылдың 12 тамызында үкімет тарапынан қарсылық тоқтады. Тыйым кезінде Малавидегі ісімізге бас-көз болған Замбиядағы бауырластар кейінгі екі жылда ісімізді қайта ұйымдастыруға көмектесті. Содан кейін бауырластар Лилонгве қаласынан екі үй сатып алып, жаңа Малави филиалын ашты. Ал 1994 жылы басқарушы кеңес жаңа Бетел ғимаратын соғуға ыңғайлы жер іздеуге рұқсат берді. Сол жаңа Бетелдің бағышталу салтанаты 2001 жылдың 19 мамырында болды. Бұл кездесуге 2000-нан аса бауырлас келді, олардың арасында ондаған жылдар бойы қуғын-сүргін көрген көп бауырластар болды. Солардың бірі қарсылық кезінде аудандық бақылаушы болып қызмет еткен Трофим Нсомба бауырлас еді. Жаңа соғылған Бетел ғимараты мен Малавидегі өсім жайлы ол былай деді: “Ехобаның бізге төгіп жатқан баталары көл-көсір болғаны сонша, әйелім екеуміз “түсіміз бе, өңіміз бе” деп, сене алмай тұрмыз!”

Бүгінгі таңда Малавиде 1924 қауымда 109 000-нан аса бауырлас қызмет етеді. Олардың ішінде Лилонгведегі Бетелде қызмет ететін 225 бауырлас та бар. Бетелде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер жеті тілге аударылады.

Ехобаға адалдықпен қызмет етіп жүрген Малавидегі бауырластар

Жылдар бойы өздерін Құдайдың қызметшісі ретінде танытып келе жатқан Малавидегі бауырластарды Ехоба әрі қарай да жарылқай берсін деп ыстық-ыстық дұға етеміз (Қорынттықтарға 2-хат 6:4).