8 ҚЫРКҮЙЕК, 2017
ОҢТҮСТІК КОРЕЯ
Оңтүстік Кореяда моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тарту құқығы көпшілік арасында мойындалды
2015 жылдың шілде айында Оңтүстік Кореядағы Конституциялық Сотта қоғамдық тыңдаулар өтті. Соттың шешімі де, жаңа заң да әлі шықпағанына қарамастан, бұл елде моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тарту құқығына қатысты халықтың көзқарасы жақсы жаққа өзгеруде. Төменгі инстанциядағы соттар, қоғам, заңгерлер одағы, ұлттық және халықаралық адам құқықтары жөніндегі одақтастықтар ар-ождан бостандығы үшін жазаға тартпаған дұрыс деген пікірді қолдап отыр.
Соттардың жаңа беталысы
2017 жылдың 7 тамызынан басталған аптада моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартқаны үшін айыпталған жеті жігіт кінәсіз деп табылды. Бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған еді. Корей Республикасының заң тарихында ар-ождан бойынша әскерден бас тартқан 19 000-нан аса адамның 42-сі кінәсіз деп табылған. Солардың 38-іне мұндай шешім 2015 жылдың мамыр айы мен 2017 жыл аралығында шығарылған. Соның ішінде 25-і 2017 жылы ақталды.
Кейбір соттар Конституциялық Соттың не дейтінін күтіп отырғандықтан, жоғарыдағы мәселе бойынша қозғалған істер кейінге қалып, олардың саны күн санап көбейіп жатыр. Әскерге барудан бас тартқан көп адамның атынан сөйлеген адвокат О Ту Чжин мырзаның байқауынша, моральдық ұстаныммен байланысты көтерілген істер небәрі бірнеше жылдың ішінде бес есеге көбейген.
Соттарда кінәсіз деп шығарылған шешімдердің (2015 жылы 6, 2016 жылы 7, 2017 жылы 25 адам) және қарастырылуды күтіп жатқан істердің (100-ден 500-ге артты) көбеюі Оңтүстік Корея сотының көзқарасы өзгере бастағанын мәлім етеді
Оңтүстік Кореядағы соттардың ой қалыптары өзгеріп жатқанын көп адам байқаған. Әскери қызмет атқаруға моральдық ұстанымы жол бермейтіндерді баламалы азаматтық қызметке жібермей жазаға тарту ар-ождан бостандығын қорғау туралы Конституцияға қайшы екенін көп соттар мойындап отыр. Өзгелері болса Әскери қызмет туралы Заңға сай, адамның моральдық ұстаным бойынша әскери қызметтен бас тартуы, әскерге шақырылғанда бармауға негіз беретінін айтады.
Көпшіліктің пікірі
Адам құқтарын мойындау мен қорғауда көпшіліктің пікірі шешуші рөл ойнамаса да, Қорғаныс министрлігі жоғарыдағы мәселені шешуден неге бас тартқанын түсіндіру үшін, қоғамның қолдау көрсетпегенін тілге тиек етті. Бірақ бірте-бірте қоғамның пікірі өзгере бастады. 2005 жылы сауалнамаға қатысқандардың 10 пайызы ғана моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тарту құқын қолдаған. Алайда 2016 жылдың мамырында қатысушылардың 70 пайызы баламалы азаматтық қызметті ендіруді құптады. Ал 2016 жылдың шілдесінде Сеулдің заңгерлер одағы арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, бұл ойды 80 пайыздан астам заңгер қолдаған.
Адам құқықтары жөніндегі одақтастықтардың пікірлері мен шешімдері
Оңтүстік Кореяда ой-пікірлердің өзгергені заң шығарушыларды баламалы азаматтық қызметті қабылдауға қатысты Ұлттық ассамблеяға үш түрлі арыз жіберуге талпындырды. Бұл Кореяның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиясының (АҚҰК) назарынан тыс қалмады. Арыздар 2017 жылдың маусымынан басталатын отырыста қарастырылды. АҚҰК халықаралық одақтың да осыған қатысты пікірлері мен шешімдеріне көңіл қойды. Сосын, келген арыз-өтініштердің баламалы азаматтық қызметке қатысты халықаралық стандартқа қаншалықты сай келетінін тексерді. Бұдан кейін АҚҰК Оңтүстік Корея үкіметіне баламалы азаматтық қызмет бағдарламасының халықаралық стандартқа сай келетін және Ехоба куәгерлеріне де, басқаларға да тиімді болатын қорытындыларын жіберді.
Уәде және арыз
2017 жылдың 10 мамырында Мун Чже Ин Президент болып сайланды. Адам құқықтары бойынша заңгерлік тәжірибесі бар ол мынандай уәде берді: “Конституциядағы бүкіл негізгі құқықтардың ішінде ар-ождан бостандығы — ең негізгісі. Сондықтан мен баламалы азаматтық қызмет түрін енгізуді және моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартатындарды түрмеге қамау үрдісін тоқтатуды уәде етемін”.
2017 жылдың 11 тамызында ұстанымы бойынша әскерден бас тартатын 904 адам жаңа Президентке арыз жазып, түрмеде отырғандарды босатуды және баламалы азаматтық қызмет түрін қабылдауды өтінді, осылайша моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тарту құқын мойындауды сұрады. Арыз берушілердің 360-ы түрмеде отыр, ал 544-інің ісі соттың әр түрлі сатыларында қарастырылып жатыр.
Адам құқықтарын қорғау тарихында терең із қалдырудың мүмкіндігі
Арыз білдірушілердің бірі — Ким Хюн Су. Ол өзі үшін бұл өтініштің қаншалықты маңызды екенін былай деп білдірді: “Мен халықаралық стандартқа сай келетін баламалы азаматтық қызметтің заңға енгенін қатты қалаймын. Оның шынымен атына заты сай болып, соғысқа еш қатысы болмаса екен әрі әскердің қарамағына кірмесе екен деймін. Мен кез келген жерге баруға, қоғамға пайдалы жұмыстарды атқаруға, апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуге дайынмын. Халықтың игілігіне қызмет ету — мен үшін мәртебе”.
Ехоба куәгерлері және басқа адамдар қоғамның осындай оң пікірі 70 жыл бойы мыңдаған адамды жазаға тартып келген саясаттың өз бағытын өзгертуіне түрткі бола алатынына қуанышты. Ұстанымы бойынша әскерге барудан бас тартатындарға құрмет пен көмек көрсетіп жатқаны үшін, Ехоба куәгерлері Президент Мун мырзаға, Ұлттық ассамблея мүшелеріне және Оңтүстік Кореяның сотына шексіз риза.