Мазмұнға өту

Дінтанушы, Ресей Федерациясының мемлекеттік кеңесшісі Сергей Игоревич Иваненко

18 ҚАЗАН, 2019
РЕСЕЙ

Саратовтағы сотта Ресейдің әйгілі дінтанушысы Ехоба куәгерлерін жақтап сөйледі

Саратовтағы сотта Ресейдің әйгілі дінтанушысы Ехоба куәгерлерін жақтап сөйледі

2019 жылдың 4 қыркүйегінде Саратовта алты Ехоба куәгерінің ісі қарастырылған кезде әйгілі дінтанушы, Ресей Федерациясының мемлекеттік кеңесшісі Сергей Игоревич Иваненко Ехоба Куәгерлерін жақтап сөйледі. Иваненко мырза — Ресейдегі Ехоба Куәгерлері туралы екі ғылыми еңбектің авторы. Төменде оның сотта антпен берген куәлігінен үзінді келтірілген:

Ехоба куәгерлерінің өмір салты мен ғибадаты. “Ехоба куәгерлерін елден ерекше ететін бір жайт — олар қандай да бір қатаң тәртіп-ережелерге я қандай да бір лидерлердің беделіне жүгінбейді. Қайта, өз дініндегілерге ар-ұяттарын Киелі кітапқа сай тәрбиелеуге көмектесуге тырысады, сонда адам Киелі кітаптың негізінде өз еркімен жеке шешім қабылдай алады.

Ехоба куәгерлері Киелі кітапта жазылғандарды, яғни б. з. I ғасырында Иса Мәсіх пен оның шәкірттері орнатқан принциптерді ұстануға тырысады.

Ал сенімдерін бірге паш етуге келсек, бұлары Киелі кітапты зерттеу, Киелі кітап тақырыптары жайлы сұрақтарға жауап беру, Киелі кітап тармақтарына негізделген әндерді шырқаудан көрініс табады. Бұл орайда Ехоба куәгерлері бәрін мейлінше Киелі кітапқа негіздеуге тырысатыны анық.

Сондай-ақ олар мәсіхші адам қауымның бір мүшесі болуға тиіс деп есептейді. Бұл ретте де Ехоба куәгерлері Жаңа өсиетті талдайды, яғни онда Иса Мәсіх пен оның шәкірттері, оның ізбасарлары, мәсіхшілер шіркеуінің бастапқы даму кезеңі жайында не айтылғанын зерттейді... Сондықтан Ехоба куәгерлері біз де Құдайға қауым болып ғибадат етуіміз керек деп санайды.

Олар Иса Мәсіхтің шәкірттері бір-біріне деген сүйіспеншіліктерімен танымал болу керек дегенге айрықша назар аударады”.

Ехоба куәгерлерінің уағыз ісі. “Ехоба куәгерлері өте белсенді уағыздайтындарымен ерекшеленеді. Уағыз ісіндегі белсенділігі мен құлшынысы жағынан Ехоба куәгерлерін бірінші орынға қояр едім. Әрбір сенуші міндетті түрде уағыздаушы болып, осы іске белгілі бір уақыт бөлу керек.

Олар уағыздағанда, әдетте: “Киелі кітапта былай деп жазылған”,— дейді. Адам Киелі кітапты алып, өзі тексере алады. Егер ол келіссе, солардың қатарына қосылуы мүмкін. Ал келіспесе, қосылмайды. Куәгерлер ешкімді мәжбүрлемейді”.

Ехоба куәгерлерінің экстремистер деп айыпталуы. “Бастапқыда Ехоба куәгерлерінің кейбір әдебиеттері экстремистік деп табылды. Өйткені, мамандардың айтуынша, бұл әдебиеттерде Ехоба куәгерлерінің діні жалғыз шынайы дін, ал қалған діндер жалған делінген екен. Басқа діни конфессиялар да осылай айтып жатады, бірақ осы жағдайда Ехоба куәгерлеріне ғана экстремистер деген айып тағылды. Куәгерлердің осы сөздері олар өз діндерін басқа діндерден асып түседі деп жатыр деп түсіндірілді.

Дінтанушы ретінде айтарым, [сот шешімінің] бір әлсіз тұсы — егер іздене келсең, “біздің дініміз ғана дұрыс, қалғандары жалған я олар адасып жүр” деп айтпаған дінді таппайсың.

Барлық діннің адамдары өз дінін нағыз шындық, ал басқа діндерді мүлдем жалған немесе көп бөлігі жалған деп есептейді. Бұл осылай болу да керек, әйтпесе екіжүзді болып есептелесіз.

Ехоба куәгерлері Құдай заңдарына қайшы келмесе, мемлекет заңдарын ыждағатпен орындауға тырысады. Негізі, Ехоба куәгерлерінің жоғалған әмиянды қайтарып бергені, айыппұл мен салықтарды төлеп жатқаны туралы (бұдан жалтаруына да болар еді) көп айтылатыны тегіннен-тегін емес. Бұны олар шын жүректен істеуді шешкен, сондықтан оларды экстремист деп айыптауға менің аузым бармас еді”.

Ехоба куәгерлерінің Киелі кітапқа деген көзқарасы. “Ехоба куәгерлерінің ерекшелігі — олар уағыздау үшін де, зерттеу үшін де Киелі кітаптың әртүрлі аудармасын қолданады. Олар түрлі тілдегі Киелі кітапты таратуға үлкен қызығушылық білдіреді. Осы жағынан алғанда оларды Киелі кітапқа қатты назар аударатындар деуге болады. Олардың Киелі кітабы бізде экстремистік деп жарияланды... Бәлкім, осындай шешім шығарғандар Ехоба куәгерлері тек осы аудармаға байланып қалған, егер оның көзін құртса, олар уағыздауды доғарады деп ойлаған шығар. Бірақ бұл — жаңсақ пікір. Ехоба куәгерлері Киелі кітаптың әрбір аудармасын құрметтейді”.

Құлшылық ету үшін заңды тұлғаларды қолдануы. “Ресей Федерациясының Жоғарғы Сотының шешімі... Ехоба куәгерлерінің қауымдарының басым көпшілігі заңды тұлға болып табылмайтынын көрсетеді... Сондықтан белгілі бір аумақтағы Ехоба куәгерінің қай-қайсысы да міндетті түрде заңды тұлғаның мүшесі болып табылады деу дұрыс емес”.

“Ал заңды тұлғаларға келсек... мен олардың жарлықтарын мұқият зерттеп шықтым, онда бақылаушылар, ақсақалдар я ізашарлар дегендер айтылмаған, мұндай терминдер кездеспейді. Онда әдетте құрылтайшылар жайлы айтылады, бұл — он шақты адамнан тұратын шектеулі топ. Ал тек діни істерге келсек, олар Ехоба куәгерлерінің ісінің заңи емес, діни жағын ғана көрсетеді. Олардың ісі қай елде не өңірде болмасын, бірдей боп қала береді.

Ехоба куәгерлері [олардың заңды тұлғаларын ғана таратқан Жоғарғы Соттың шешімін] ескеріп, Жоғарғы Соттың осы шешімін бұзбауға тырысады. Сөйткенмен де олар өздерінің іс-әрекеттерін жалғастыруда, өйткені үкімет оларды дін ретінде жапқан жоқ. Сондықтан жеке азаматтар ретінде олар өз дінінің істерімен айналысуды жалғастыруда. Олардың көзқарасы бойынша да, діни зерттеулер тұрғысынан алсақ та, олардың істері Жоғарғы Соттың шешімін бұзбайды”.

Ехоба куәгерлерінің қан құйдыруға деген көзқарасы. “Киелі кітапта “өмір қанда” делінген, сондықтан қанды қабылдауға болмайды. Бұл жерде асқа қатысты айтылғанмен, олар оны кең мағынада түсіндіреді. Олардың ойынша, қанды ешқандай жолмен қолдануға болмайды: тамақ ретінде де (олар қаны бар шұжықты жемейді), ағзаға құйдыру арқылы да. Бірақ олар қанның кішкентай фракцияларын қабылдауға келіседі. Әрбір сенуші мұны өзі шешеді... Олар қан құйдырудан өлгісі келгендіктен емес, қайта, сапалы да озық медициналық ем алғысы келгендіктен бас тартады. Қан құйдырудың олардың тұрғысынан да, көптеген медициналық көзқарастар тұрғысынан да денсаулыққа қаупі жоқ емес, өйткені адам ЖИТС не басқа да ауруларды жұқтырып алуы мүмкін. Қанды қолданбай ота жасау көбірек кепілдік береді. Статистиканы қарап едім, бақуатты адамдар жиі қан құйдырмай емделуді қалайды екен, себебі бұл жұқпалы аурулардан және асқынулардан жақсырақ қорғайды”.

Ехоба куәгерлерінің садақасы туралы. “Адам ешқандай садақа жасамауы мүмкін. Былайша айтқанда, ол өмір бойы Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулеріне барып жүрсе де, бірде-бір рубль не доллар садақа етпеуі мүмкін. Садақа жасай ма, жоқ па — бұны әркім өзі шешеді”.

Иваненко мырза білікті маман ретінде Ехоба куәгерлерінің шынайы әрі заңға мойынсұнғыш мәсіхшілер екеніне куәлік берсе де, сот оның келтірген айғақтарын елемей, алты бауырласты әртүрлі мерзімге түрмеге жабуға үкім шығарды.

Ресей үкіметі бауырластарымызға жалған айып тағып, әділетсіз түрме жабуын қоймаса, біз де Ехобадан адал да ержүрек бауырластарымызды қолдап-қуаттап, қуаныштан айырмасын деп дұға етуді қоймаймыз (Зәбүр 109:2—4, 28).