25 ЖЕЛТОҚСАН, 2017
РЕСЕЙ
Ресейде билік өкілдері Ехоба куәгерлерінің Конгресс сарайын тартып алды
2017 жылдың 14 желтоқсанында Ресейдің билік өкілдері Ехоба куәгерлерінің Санкт-Петербургтегі Коломяжский даңғылында орналасқан Конгресс сарайына баса көктеп кірді. Олар ғимаратты қоршап алып, соған қарасты жер телімін де басып алды. Рейд кезінде Конгресс сарайының ішіндегі Ехоба куәгерлерінен ешкім жапа шекпеді және ғимаратқа да зақым келтірілген жоқ.
Ресей Федерациясы Жоғарғы сотының Апелляциялық сот алқасы 2017 жылдың 17 шілдесінде шығарған шешімнен кейін тәркіленген ең үлкен ғимарат осы Конгресс сарайы болып отыр. Сол кезде Жоғарғы сот Ресейдегі Ехоба куәгерлерінің бүкіл заңды тұлғаларын таратуды, іс-шараларына тыйым салуды және мүліктерін тәркілеуді бұйырған болатын.
1500 адамды сыйдыра алатын бұл Конгресс сарайында үлкен діни жиындар өткізіліп жүрген. Ал 2002 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген соң, онда Куәгерлердің жергілікті қауымдары жиналып тұрған. Куәгерлердің адвокаттары анықтағандай, билік өкілдері Конгресс сарайын Ресей Федерациясының меншігі етіп тіркеген екен. Содан бері жақын маңдағы бір медициналық орталық ғимараттың жаңа иесіне айналып, қақпасына өзінің атауы жазылған тақтайша іліп қойған.
Конгресс сарайы сот Ехоба куәгерлерінің үлкен ғимараттар кешенін тәркілеуге жол беретін шешім шығарғаннан кейін бір-ақ апта өтісімен басып алынған. Санкт-Петербургтің маңындағы бұл ғимараттар кешені Ресейдегі Куәгерлердің іс-шараларын басқару үшін қолданылған болатын. Бұл сот осыдан 17 жыл бұрын Ресейдегі Ехоба куәгерлерінің орталығы мен Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамы (Пенсильвания) арасында жасалған келісімшарттың күшін жойды. Егер Апелляциялық сот алқасы бұл шешімді өз күшінде қалдырса, билік өкілдеріне Куәгерлердің шетелдік заңды тұлғаларының атындағы осы және басқа да меншіктерін тартып алуға ештеңе бөгет бола алмайды.
Ресейдегі билік өкілдерінің бұл әрекетін Ехоба куәгерлері шегіне жеткен діни төзбеушілік деп санайды. Соның нәтижесінде Куәгерлердің дін бостандықтары ғана емес, мүлік иелену құқықтары да тапталды. Себебі бұл мүліктердің басым бөлігі табысы қарапайым Ресей азаматтарының берген ерікті садақалары арқылы сатып алынып, жөндеуден өткен.