18 ШІЛДЕ, 2017
РЕСЕЙ
Ресейдің Жоғарғы соты Ехоба куәгерлеріне қарсы шығарған алдыңғы шешімді өз күшінде қалдырды
2017 жылы, 17 шілдеде Ресейдің Жоғарғы соты алдыңғы шешімді күшінде қалдырып, Ехоба куәгерлерін айыпты деп тапты. Осылайша, діни сенім бостандығын қорғау жайлы халықаралық келісімшарттарды елеусіз қалдырды. Бұл шешім бойынша бүкіл мемлекетте Ехоба куәгерлерінің ғибадатына тыйым салынады.
Жоғарғы соттағы Аппеляциялық сот алқасының үш судьясы Ехоба куәгерлерінің арызын қабылдамай, 20 сәуір күні судья Юрий Иваненко шығарған шешімді қолдады. Ол Әділет басқармасының “Ресейдегі Ехоба куәгерлерінің діни орталығын және оның құрамына кіретін жергілікті діни бірлестіктерді жауып, оларға тиесілі мүліктің бәрі Ресей Федерациясының меншігіне өтсін” деген өтінішін қанағаттандырды.
Бұл шешім Ресейдегі саны 175 мыңнан асатын Ехоба куәгерінің амандығы мен қауіпсіздігіне кері әсерін тигізгелі отыр. Ехоба куәгерлерінің бас заң кеңесшісі Филип Брамли былай деді: “Дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлері Ресейдегі бір сенімдегі бауырластарының амандығын ойлап уайымдауда. Аппеляциялық сот алқасының шешімі Ресейдегі Ехоба куәгерлерінің құқықтары тапталған бұл жағдайды заңға сай орын алғандай етіп көрсетіп отыр. Бұған қоса, оларды қылмыстық қудалау мен қуғын-сүргінге душар етуде. Олар өз отандарында алабөтен адамдарға айналды”.
Ресейдегі Ехоба куәгерлері әділдік іздеп, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот пен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым берді. Олардың ел-елдегі бір сенімдес бауырластары Құдайға дұға айтып, Ресей үкіметінің өз шешімін қайта қарастыруын және негізгі адам құқықтарына құрметпен қарауын тілеуде. Сонда Тімөтеге 1-хат 2:2-де жазылғандай, Ресейдегі Куәгерлер “Құдайға барынша шын беріліп, салиқалы болып, тыныш та бейбіт өмір сүре” алар еді.