5 ЖЕЛТОҚСАН, 2017
РЕСЕЙ
Үкіметтің Ресейдегі Ехоба куәгерлерінің филиалын тәркілеуіне қатысты істің тыңдалуы болады
Ресейдегі билік өкілдері Санкт-Петербург қаласы маңындағы Солнечное ауылында орналасқан Ехоба куәгерлерінің орталығының мүлкін тәркілеудің одан арғы амалын жасауда.
2017 жылдың 20 сәуірінде Жоғарғы Сот Куәгерлердің бүкіл заңды тұлғаларын таратып, ал мүліктерін, Орталықтың мүлкін де қоса, тәркілеу туралы шешім шығарған болатын. Алайда аталмыш мүліктің иесі — Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамы (Пенсильвания) (әрі қарай Күзет мұнарасы қоғамы) деп аталатын американдық заңды тұлға. Сондықтан айыптаушы бұл мүлікті Күзет мұнарасы қоғамының иелігіне заңды түрде өткізу жайлы 17 жыл бұрынғы келісімді заңды күшінен айыруға тырысып-бағуда. Жоғарғы Соттың шешіміне дейін бұл келісімге қатысты еш күмән туындамаған, әрі мүлік иелігіне өткелі бері Күзет мұнарасы қоғамы салықты төлеп отырған. Ал енді болса билік иелері түбінде мүлікті тәркілеп алу мақсаттарын заңды етіп көрсету үшін айла-әрекеттерге барудан еш тартынып отырған жоқ.
2017 жылдың 29 қарашасында өткен алдын ала тыңдау кезінде сот Куәгерлердің ешқандай өтінішін қабылдамай қойды. Солайша айыптаушының жолындағы барлық кедергіні алып тастады. Мүліктен айырылып қалатын болса, Куәгерлер миллиондаған долларға пара-пар шығынға ұшырайды. Одан бұрын, бұл Орталық 400-ге жуық ресейлік азаматқа баспана болған еді. Кейбірі ол жерде 20 не одан да көп жыл тұрған. Өз үйлерінен, атқарып жүрген ерікті діни қызметтерінен айырылып қалғаны оларға өте ауыр зардабын тигізді.
2017 жыл, 7 қараша күні сағат 14:00-де осы іске байланысты тыңдау Санкт-Петербург қаласының Сестрорецк аудандық сотында өтеді.