Мазмұнға өту

4 ШІЛДЕ, 2017
ТҮРІКМЕНСТАН

Түрікменстан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімін іске асыра ма?

Түрікменстан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімін іске асыра ма?

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті (бұдан әрі “Комитет”) Түрікменстан үкіметін өз азаматтарының құқықтарын қорғау міндетін атқаруға шақырып, міне, осымен оныншы шешім шығарды *. 2015—2016 жылдар аралығында шығарылған бұл шешімдер бойынша, Түрікменстан үкіметі моральдық ұстанымы бойынша әскерге барудан бас тартатындарды жазалауды доғаруға және БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісіне мойынсұнуға тиіс еді (Түрікменстан да бұл пактіге қол қойған).

Құқықтары тапталған Куәгерлер әділдік іздеуде

Комитет жоғарыдағы шешімдерді он Куәгердің 2012 жылдың қыркүйегінде берген арызына негіздеп шығарған еді. Бұл ер адамдар моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартқандары үшін жазаланған болатын. Олардың тоғызы өте нашар жағдайдағы түрмеге жабылып, соққыға жығылғандары және әбден қорлық көргендері мәлім болды. Олар қатты ыстық пен суықта адамға лық толы, өте лас әрі жұқпалы аурулар жайлаған камераларда отырған.

Комитеттің әр шешімінде Түрікменстанның моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартқан азаматтардың “ой, ар-ождан және діни сенім бостандықтарын” аяқасты еткені айтылды. Ал түрмеге жабылған тоғыз адам жөнінде Түрікменстан оларға “адамгершілікпен қарамағаны, қадір-қасиеттерін құрметтемегені, керісінше, азаптап, адам төзбес қорлық көрсеткені” айтылды.

Комитет Куәгерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін, Түрікменстан үкіметі олардың қылмыс деп көрсетілген істерін жоюы, лайықты өтемақы төлеуі және “моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартатын азаматтардың құқығын қорғау” жөніндегі заңдарын қайта қарастыруы керек деп шешті. Сондай-ақ үкіметті құқық бұзушылық мәлімденген жағдайларды әділ әрі мұқият қарастырып, кінәлі адамдарды жауапқа тартуға үндеді.

2013 жылы тағы бес Куәгер моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартқандары үшін жазаланғандарын жазып, Комитетке шағым берді. Олардың қорғаушылары бұл жағдайда да алдындағы он Куәгердікіндей шешім шығарылатынына үміттеніп отыр.

Аяусыз жәбір көрген Навруз Насырлаев

Навруз Насырлаев

Адам құқықтары жөніндегі комитет 2016 жылдың 15 шілдесінде шығарған шешімдердің бірі Навруз Насырлаевқа қатысты. Ол 2009 жылдың сәуірінде 18 жасында алғаш рет әскерге шақырылғанда, әскери қызмет атқаруға ар-ожданы жібермейтінін билік өкілдеріне түсіндірген. Алайда баламалы азаматтық қызмет атқаруға дайын екенін айтқан. Сөйтсе де, кейіннен әскери қызметтен жалтарды деген айып тағылып, Сейди қаласындағы ЛБК-12 түрмесіне екі жылға жабылған. Түрмеде Насырлаев мырза жазалау камерасына бірнеше рет қамалған және бетперде киген сақшылар оны оңдырмай ұрып-соққан.

2012 жылы қаңтарда босатылған соң бір айдан кейін Насырлаев мырза әскери қызметке тағы да шақырылған. Ол баламалы азаматтық қызмет атқаруға дайын екенін қайталағанмен, бұрынғы айып бойынша тағы ұсталып, қатаң тәртіптегі, жағдайы адам төзгісіз түрмеге екі жылға жабылған. Дәл алдыңғы кездегідей оны түрме сақшылары ұрып-соққан және күштеп ар-намысын қорлайтын жұмыс істеткен.

Навруз Насырлаевтың отбасы да біраз жәбір көрген. Комитет Түрікменстан үкіметіне оның арызын қанағаттандыруды жібергеннен көп ұзамай, полиция қызметкерлері оның Дашогуздегі үйінде тінту жүргізген. Олар Насырлаевтың туғандарына да, қонақтарына да қатты жәбір көрсеткен. Мұның бәрі Комитетке шағым жазылғаны үшін болса керек.

Насырлаев мырза 2014 жылдың мамыр айында бостандыққа шыққанмен, әлі де түрменің салдарын тартып келеді. Комитет оның аяусыз қорлық көргенін және ұстанымына байланысты бір айыптың негізінде екі рет сотталып, жаза тартқанын айтты. Соңында Комитет былай деп түйіндеді: “[Насырлаев мырза] діни сенімі бойынша әскери қызметке барудан бас тартқан,.. осы себеппен оның айыпталып, үкімге кесілгені оның ой, ар-ождан мен діни сенім бостандығы құқын бұзуда”.

Түрікменстан Ехоба куәгерлеріне деген көзқарасын түзей ме?

Түрікменстандағы адам құқықтарына байланысты 2012 жылғы есепке негіздеп, Комитет үкіметке былай деп бұйырды: “Моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартатындарды қудалау тоқтатылсын және осы айыппен түрмеде отырғандар босатылсын”. Түрікменстан соңғы рет түрмеге жабылған бір Куәгерді 2015 жылдың ақпан айында босатып, Комитет шешімінің бір бөлігін ғана орындады. Содан бері Куәгерлер моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартқандары үшін түрмеге отырғызылған жағдай орын алмады.

Дегенмен, моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартатындарды қудалап, жазалауын қоймай, Түрікменстан үкіметі Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық шартты бұзып отыр.

  • 2014 жылдың аяқ жағынан бері Түрікменстанда моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартқан Ехоба куәгерлері түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеп келеді. Олар айлық табыстарының 20 пайызын бір не екі жыл бойы үкімет қазынасына беріп тұруға мәжбүр. Бүгінде екі Куәгер осындай жаза түрін өтеуде.

  • Билік өкілдері моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартқандарды сенімдеріне қайшы әрекет еткізу үшін қатты қысым көрсеткен жағдайлар да болған.

Артур Янгибаев

Солардың бірі — баламалы азаматтық қызмет атқаруға өтініш білдірген Артур Янгибаевпен болған жағдай. 2016 жылдың 16 маусымында оның үйіне жергілікті соттың өкілі мен Әскери комиссариаттың екі өкілі келген. Оны айыптаушының кеңсесіне апарып, қатты психологиялық қысым көрсетіп, алдыңғы өтінішін кері алатынын айтып хат жазуға мәжбүрлеген. Қатты қысым көргені жайында кейіннен Янгибаев мырза шағым жазған. Ол үш апта қамақта отырған соң, 2 жылға шартты түрде сотталған *.

Адам құқықтары бұзылған басқа жағдайлар

Моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тартқандардың құқықтарын бұзғаннан бөлек, Түрікменстан үкіметі діни іс-шараларға шектеу қойып, діни іспен айналысқандарды жазалауда. 2017 жылдың қаңтар айында БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті Түрікменстан үкіметін келесідей әрекетке үндеді: “2015 жылдың мамыр айында қамалып, қатты азапталған Ехоба куәгері Бахрам Хемдемовтың және 2014 жылдың шілдесінде қамалып, ауыр соққы жеген, есірткіден оңалту орталығына күштеп қамалған Мансур Машариповтың істері тез қаралсын әрі ешқандай алалаушылық танытылмасын”. Машарипов мырза түрмеде бір жыл отырған соң босатылды. Заңсыз діни шараға қатысты деп айыпталған Б. Хемдемов те және діни шара атқарғаны үшін жалған айып тағылып, түрмеге қамалған М. Машарипов те заңға қайшы істермен айналыспаған.

Түрікменстандағы Ехоба куәгерлері үкімет діни сенім және ар-ождан бостандығын қолдап, осы жағдайларды шешуге кіріседі деп үміттенеді. Сонда үкімет моральдық ұстанымдарына адал ер азаматтарды қадірлейтінін және адам құқықтары бұзылған жағдайларды түзеуге барынша тырысатынын көрсетер еді.

^ 2-абзац Халықаралық заңға сай, моральдық ұстаным бойынша әскерге барудан бас тарту адамның негізгі құқықтарының бірі саналады, әрі көп елдің заңдары бұған кепілдік береді. Алайда Түрікменстан, Әзірбайжан, Эритрея, Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия елдері бұл құқықты мойындамай отыр. Олар ар-ождан бостандығына жүгініп, әскерге барудан бас тартқан Ехоба куәгерлерін қудалап, оларға қарсы іс қозғауда.

^ 18-абзац Шартты түрде сотталған адамға бақылау мерзімі белгіленіп, сынақтан өткізіледі. Оның жазасы кейінге ысырылуы немесе жазаның орнына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Янгибаев мырза түрмеге жабылған жоқ, бірақ полиция қызметкерлерінің бақылауында.