Мазмұнға өту

Бауырластар қамаудан енді шыққан Шамиль бауырласты қарсы алып жатыр

16 МАМЫР, 2023
ТӘЖІКСТАН

Тәжікстандағы 72 жастағы Хакимов Шамиль бауырлас түрмеден шықты

Тәжікстандағы 72 жастағы Хакимов Шамиль бауырлас түрмеден шықты

2023 жылы 16 мамырда Тәжікстандағы Хакимов Шамиль бауырлас үйіне оралды. Ол сенімі үшін төрт жыл түрмеде отырып шықты.

2019 жылы тұтқындалғанға дейін оның жоғары қан қысымы, жүрек ауруы мен басқа да аурулары болған. Денсаулығы нашар болса да, Шамиль бауырласқа түрмеде дұрыс медициналық көмек көрсетілмеді. Нәтижесінде халі нашарлап, тіпті аяғында гангрена пайда болды.

Қамаудағы қиын жағдайына, жанына батқан ауруына қарамастан, Шамиль бауырлас еңсесін еш түсірмеді. Өйткені ол Құдай Сөзіндегі тармақтарды ойда ұстады.

Бауырластар түрменің сыртында оны “Шамиль, біз сені жақсы көреміз!” деген жазумен күтіп алды

Дұғасына ол жиі Зәбүр 141:8-дегі: “Мен саған арқа сүйеймін, уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба, Өзіңді ғана паналаймын”,— деген сөздерді қосқан екен. Ал Ишая 49:13, 16-дағы сөздер жанына жұбаныш болған. Онда Ехоба азап шеккен жандардың атын алақанына “ойып” жазып алатыны айтылған. Шамиль бауырлас темір торда қамалып отырса да, Ехоба оны еш ұмытпайтынына көзі жетті.

Ехобаның Сөзінен жұбаныш тапқан Шамиль бауырлас қуанышы ортаймастан, өзгелердің де жігерін қайрап жүрді. Онымен үнемі хабарласып тұрған бір ер бауырлас былай дейді: “Алғаш хабарласқанда, мен жабырқаулы, рухы сынған адамның даусын еститін шығармын деп ойладым. Бірақ оның рухы берік екен. Ешқандай жағдайға қарамастан ол оң көзқарас сақтап, тіпті біздің де рухымызды көтеріп жіберетін”.

Еремияның зары 3:25-те: “Ехоба өзіне үміт артқанға, өзін іздейтін жанға ізгі”,— делінген. Ехобадан қиындыққа мойымай жүрген Шамиль мен Тәжікстандағы басқа да бауырластарға әрі қарай да “ізгі” болуын сұраймыз.