25 ҚАЗАН, 2023
УКРАИНА
Естен кетпес тарихи конгресс
Осыдан 30 жыл бұрын, 1993 жылдың 7-тамызында Киевте (Украина) 7402 бауырлас “Құдайдың тәлімі” атты Ехоба куәгерлерінің халықаралық конгресінде шомылдыру рәсімінен өтті. Осы күнге дейін бірде-бір конгресте мұнша адам шомылдыру рәсімінен өткен емес. Аталмыш конгресте шомылдыру рәсімінен өткен жандардың көкейінде осы бір күн кешегідей сайрап тұр.
Володимир мен әйелі Алла сол күні салтанатты түрде өмірлерін Ехобаға арнаған. Бұл олардың көзімен көрген бірінші конгресі еді. 16 елден келген 65 000-ға жуық бауырластарды көріп, олар былай деді: “Киевтегі сол бір конгресте дүниежүзілік бауырластықтың шынымен бар екенін сездік. Оған дейін тек әдебиеттерден оқушы едік. Содан бері қанша уақыт өтті, осы жылдары біз қаншама тамаша бауырласпен таныстық. Олар бізге өз үлгілерімен Ехобаны бірінші орынға қоюды үйретті. Өйткені сонда ғана нағыз бақытты боласың”.
Киевтік Олександрмен бірге оның қауымынан 50-ден аса бауырлас сол конгресте шомылдыру рәсімінен өтті. Ол алған әсерін былай сипаттады: “Бауырластардың сүйіспеншілігі мен бірлігін көріп, жыламау мүмкін емес. Мен үлкен, тату-тәтті отбасының мүшесі екенімді түсіндім. Әлі күнге дейін әр конгресте өзімді солай сезінем”.
Өзінің шомылдыру рәсімі және конгресс жайлы Людмила былай еске алады: “Құдайдың тәлімі” бағдарламасы бар назарымды рухани мақсаттарға аударуға көмектесті. Содан мен Ехобаға толық уақыт қызмет етемін дедім. Міне, 28 жылдай толық уақыт қызмет етіп жатырмын. Осы жылдар аралығында Ехоба мені қолдауынсыз қалдырған емес”.
1993 жылы Киевте өткен “Құдайдың тәлімі” халықаралық конгресі расында да естен кетпес жиын болды. Сол уақыттан бері Украинадағы бауырластардың саны үш еселенді. Ехоба бүгінде де батылдықпен оның жағына шығып, бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан Украинадағы барлық жандарға батасын төгіп жатыр (Мұсаның 2-жазбасы 32:26).