Мазмұнға өту

Олена бауырлас қирап қалған үйінің алдында отыр. Бауырластар оған дереу көмекке келді.

4 ШІЛДЕ, 2022
УКРАИНА

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №10 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

“Батыл, қамқор және сенімді ақсақалдардың үлгісі”

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №10 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

Украинадағы бауырластар бір-бірінен көмектерін аямай, бастарын қатерге тігіп, сүйіспеншілік көрсетіп жатыр.

6 маусым күні Олена деген 81 жастағы әйел бауырласымыздың дәл үйінің қасында бомба жарылды. Нәтижесінде көрші тұрған үйлер қирап, бомба түскен жерде тереңдігі 7 метрге жететін үлкен шұңқыр пайда болды. Бомбаның күші жойқын болғаны сонша, Олена бауырласымыздың үйіне де қатты зақым келді.

Ол былай дейді: “Мен ұйықтап жатқанда үйдің қабырғасы дәл басымның қасына құлап түсті. Бөлменің іші қап-қара шаңға толып кетті. Әйнектің сынықтары мен тастар жан-жақта шашылып жатты. Тірі қалғаныма Ехобаға рақмет айттым”. Жарылыстан кейін бірнеше минут өтер-өтпес жергілікті бауырластар Олена бауырластың жағдайын білуге келді, олардың арасында өзінің үйі қирап қалған бір ер бауырлас та болды. Олена бауырлас сөзін былай деп жалғайды: “Бауырластар келгенде шошып кеткені соншалық, тіпті айтуға сөз таппай қалды. Сол кезде бауырластарымның жанымнан табылғаны мені қатты жігерлендіріп тастады. Олардың қасымда болғандары қандай жақсы болды”.

Серхий деген бір ақсақал қауымдағы жас бауырластармен Олена бауырласқа жиі келіп тұратын. Ол былай деп бөліседі: “Олена бауырласымыздың дәл үйінің қасында бомба жарылғанын естігенде, қатты уайымдап, шошып кеттім. Оның ауыр жарақат алмай, денесінің тек бір-екі жері көгергенін көргенде ғана жаным тынышталды. Бір таңғалғаным, Олена бауырлас үйі қирап қалғаннан кейін бірінші болып іздеген нәрсесі — Киелі кітапқа негізделген әдебиет болды. Ол сол әдебиетті жарылыстан бірнеше күн бұрын ғана алған екен”.

Қуанышқа орай, туысқандары оған тұратын жаңа үй тауып берді. Қазір қауымдағы бауырластар оған көмектесіп жатыр, ал ақсақалдар болса Олена бауырласқа күніге хабарласып тұрады. Бауырластар оған қауымды тыңдап, пайдасын көре алуы үшін есту апаратын алып берді. “Кейде өзімді әлсіз сезінемін, бірақ қауым кездесулері бойыма қуат береді. Бауырластарым жиі хабарласып тұрады, оларға алғысым шексіз”,— дейді Олена бауырлас.

Бір ерлі-зайыпты 200 жариялаушымен Патшалық сарайының жертөлесінде отырғандарын айтып берді. Әйелі былай деп бөлісті: “Сүюші ақсақалдарымыздың қамқорлығы мені қатты таңғалдырды. Олар қойлары үшін өмірін қатерге тігіп, арыстанмен және аюмен күрескен Дәуітті есіме салды. Сол сияқты, ақсақалдарымыз тамақ пен су жеткізу үшін және жарық қосуға жанармай әкелу үшін өмірлерін қатерге тігуге дайын болды. Соның арқасында біз қауым кездесулерін және уағыздауға арналған кездесулерді өткізе алдық. Тіпті тоқтамай бомба жарылып жатқанда да, бұл ақсақалдар үйлерінде отырған бауырластарға жүйелі түрде барып, ас-суларын апарып, оларды жігерлендіріп тұрды. Мен оларды қатты құрметтеп кеттім. Осыған дейін оларды тәлімгер, уағыздаушы деп танитынмын, бірақ қазір олардың сенім артуға тұрарлық бағушылар екенін көріп отырмын. Батыл, қамқор және сенімді сол ақсақалдардың үлгісіне мен дән ризамын!”

Украинадағы бір қауымның жариялаушылары Төтенше жағдайлар комитетіндегі жетекші ер бауырластар жайлы Украина филиалына былай деп хат жазыпты: “Біздің ризашылығымыз шексіз. Ехоба бауырластарымыз арқылы бізді қалай қамқорлап жатқанына таңғала береміз. Исаның “менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” деген сөздері өмірімізде орындалып жатыр” (Жохан 13:35).

2022 жылдың 21 маусымына дейін Украинадан келіп түскен деректер бар. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.

Бауырластарымыз жайлы ақпарат

  • 42 жариялаушы қайтыс болды.

  • 83 жариялаушы жарақат алды.

  • 31 185 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.

  • 495 үй қирады.

  • 557 үйге қатты зақым келді.

  • 1 429 үйге кішігірім зақым келді.

  • 5 Патшалық сарайы қирады.

  • 8 Патшалық сарайына қатты зақым келді.

  • 34 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.

Көрсетілген көмек

  • Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті істеп тұр.

  • Осы комитеттер 52 348 жариялаушыны қауіпсіз жерге жайғастырды.

  • 23 433 жариялаушы Украинадан басқа елге кетіп, бауырластардан көмек көрді.