Мазмұнға өту

Екі бауырлас көшеде уағыздап тұр

18 ШІЛДЕ, 2022
УКРАИНА

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №11 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

Соғысқа қарамай “жақсылық жасау”

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №11 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

Бүкіл Украина бойынша бауырластар қайтадан уағыздай алатындарына ерекше қуанып жүр әрі бұның оң нәтижесін көріп жатыр. Аудандық бақылаушылар мен жергілікті ақсақалдардың айтуынша, көпшілік біздің әдебиет арбаларымыздың оралғанына жылы лебіз білдіруде. Тіпті “Ехоба куәгерлерін сағынып қалыппыз!” деп жатқандары да бар екен.

Одесса қаласындағы Сергеевка қауымында қызмет ететін Татьяна бауырластың оқиғасын алайық. Ол пандемияға дейін қызығушылық білдірген адамдарға кіріп-шығуды ұйғарады. “Қайтадан қызметімізді жандандыруға күш салғанымыз сол еді, бірден Ехобаның батасын көрдік”,— дейді ол. Татьяна кезінде Киелі кітапты зерттеу сабағына келісе қоймаған бір әйелге қайта соққан екен. Бұл жолы ол әйел рухани тақырыптағы әңгімеге тартыла кетеді, Киелі кітапты зерттеуге де қуана келіседі. “Енді мен бұрынғы қызығушыларымның бәріне барып, бірін қалдырмай зерттеу сабағын ұсынып шығуым керек!”— деп түйді Татьяна.

Евгений мен Лилия бауырластарға Мариупольдегі үйлерін тастап, бассауғалап қашуға тура келген. Қазір олар Украинаның қауіпсіздеу жерінде тұрып жатыр. Екеуі де жүйелі түрде қызметке атсалысып тұрады. Осының арқасында көңілдерін басқа жаққа бұрып, қиындықтары жайлы ойлай бермейді екен. Олар былай дейді: “Әрине, өміріміз дәл бұрынғыдай болмайды, бәрін жаңадан бастау оңай емес. Дей тұрғанмен Ехобаның қолы қысқа емес екенін қаперде ұстаймыз. Бізде оның киелі рухы бар. Аяулы бауырластарымыз да жаңа жерге үйренісіп, аяққа тұрып кетуімізге аянбай көмектесіп жатыр”.

Ал елдің басқа жеріндегі бауырластарымыз өзгелерге игі істерімен куәлік беріп жүр. Николаев қаласындағы бір топ бауырлас халықаралық гуманитарлық көмек көрсету ұйымына қолғабыс етіп, гуманитарлық көмекті жинайтын қойманы жөндеуге және әзірлеуге жәрдемдесті. Бауырластар ондағы су құбырларын жөндеді, сөрелерді дайындады және тонна-тонна заттарды сұрыптап бөліп қойды. Бұны әлгі гуманитарлық ұйымның өкілі көргенде өз көзіне өзі сене алмай, жылап жіберіпті. “Мен дәл осылай болады деп ойламап едім”,— деді ол.

Украинадағы бауырластарымыз қым-қуыт уақытты бастан өткеріп жатса да, қызметте белсенді болғандарының және “жақсылық жасаудан еш талмағандарының” арқасында қуаныштары ортаймаған (Ғалаттықтарға 6:9).

2022 жылдың 13 шілдесіне дейін Украинадан келіп түскен деректерді келтіре кетейік. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.

Бауырластарымыз жайлы ақпарат

  • 42 жариялаушы қайтыс болды.

  • 97 жариялаушы жарақат алды.

  • 28 683 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.

  • 524 үй қирады.

  • 588 үйге қатты зақым келді.

  • 1554 үйге кішігірім зақым келді.

  • 5 Патшалық сарайы қирады.

  • 10 Патшалық сарайына қатты зақым келді.

  • 36 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.

Көрсетілген көмек

  • Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті жұмыс атқаруда.

  • Осы комитеттер 52 947 адамды қауіпсіз жерге жайғастырды.

  • 23 863 жариялаушы басқа елге бассауғалады, әрі оларға бауырластар көмектесіп жатыр.