12 ТАМЫЗ, 2022
УКРАИНА
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №12 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады
“Шәкірт дайындау ісін соғыс та тоқтата алмайды”
23 шілдеден 31 шілдеге дейін бүкіл Украинадағы жариялаушылар, сондай-ақ басқа елге кетіп қалғандар “Тыныштыққа ұмтылайық!” атты 2022 жылғы аймақтық конгресс кезінде шомылдыру рәсімінен өтті. 2 тамызға дейін украиндық 1113 адам осындай маңызды қадам жасады. Украинадағы бір ер бауырлас былай дейді: “Шәкірт дайындау ісін соғыс та тоқтата алмайды, өйткені Иса: “Мен әр күні сендермен біргемін”,— деп уәде еткен” (Матай 28:20).
Сіздермен қуана әдемі оқиғалармен бөліспекпіз.
Наталия деген әйел өзі Кременная қаласынан (Луганск облысы), ал жасы 63-те. Ол екі қызымен сонау 1990 жылдары зерттеу бастаған. Екі қызы да рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Өзі болса өтпеді. Соғыс басталғанда, Куәгерлердің бір отбасы Наталияны қауіпсіз жерге бірге алып кетеді. Сөйтіп, оны Ивано-Франковсктегі Патшалық сарайына орналастырады.
Наталия былай дейді: “Бомбалар төбемізден ұшқан кезде, күліп жүру дегеннің не екенін ұмыттым. Сол кезде бауырластар маған риясыз жақсы көретіндерін көрсетті. Керек-жарағымның бәрін берді. Мен мұндайды еш күтпедім. Сол кезде Ехобаға деген сүйіспеншілігім қайта оянды. Киелі кітапты көп оқи бастадым. Маған бір бауырлас “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабымен зерттеуді ұсынды. Сол бауырлас мен үшін Ехобаның берген сыйы болды. Қазір мен шомылдыру рәсімінен өткен Ехоба куәгерімін. Бойымды керемет қуаныш кернеп барады. Мен ең ұлы өсиет бойынша өмір сүргім келеді: Ехоба Құдайымды бар жүрегіммен, бүкіл жан-тәніммен, барлық ақыл-ойыммен сүйемін” (Матай 22:37).
Черкассыда тұрған Оля соғыс басталғанда шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы еді. 6 наурыз күні ол қызы және немересімен бірге Польшаға қашып кетті. Ол былай дейді: “Біз бір ғана сөмкемен шыққанбыз. Біздің бауырластарымыз үшеуміздің де қамымызды ойлады. Сонда менің көзім одан бетер жетті: біздің ұйымды киелі рух жетелейді және біздегі бірлікті еш жерден таппайсың. Осыны көріп, сезінген соң, мен Ехобаға өмірімді арнаймын деп шештім. Ол қиын шақта менен көмегін аямады, енді оның көңілін қалдырғым келмейді”.
Донецкіде тұратын Юлияның жасы 18-де. Ол Куәгерлердің отбасында туып өскен, бірақ шомылдыру рәсімінен өтпеген еді. Соғыс басталғаннан кейін ол не болғанын айтып берді: “Атыс-шабыс басталғанда, мен еденде жатқанмын. Бір сәтте-ақ өліп кетуім мүмкін еді. Біздің бүкіл көшеміз қирады. Бірақ біз аман қалдық. Осы жағдайдан кейін мен Ехобаға әбден дұға еттім, оның қасиеттері жайлы ойландым. Оған қатты жақындадым. Екіойлы болуды қойып, өмірімді Ехобаға арнаймын деп нық шештім. Ехоба маған қаншалықты жақын екенін көрсетті, ол дұғаларыма бірден жауап беретін. Бұрында мен Ехобаны жай ғана танитынмын, ал қазір мен оны қатты жақсы көремін”. Юлия 23 шілдеде шомылдыру рәсімінен өтті.
Соғыс бұрқ еткенде, 11 жасар Давид отбасымен бірге Германияға қашты. Ол — 9 жасынан бері шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы. Қазір ол рухани мақсаттарға ұмтылып жүр. Ол былай дейді: “Мен Ехобаны жақсы көргендіктен, оның досы болғым келгендіктен, шомылдыру рәсімінен өттім. Сол кезде қуаныштан жыладым. Өйткені мен Ехобаның тамаша ұйымының бір мүшесі атандым. Адамдарға Ехоба жайлы, оның ниеті жайлы айтқым келіп тұрады. Алдағы мақсатым — ізашар болу. Қауымдағы бауырластарға қызмет еткім келеді. Бір күні қызмет көмекшісі боламын деген мақсатым бар. Ал менің ең басты арманым — Бетелде қызмет ету. 2018 жылы Львовтағы Бетелге барғаннан бері бұл — менің арманым”.
2011 жылы Киевте тұратын Олена шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болып, бірақ сосын 10 жыл бойы енжар болып қалады. 2020 жылы қауым ақсақалдары оған хабарласып, “Ехобаға қайта орал” кітапшасын ұсынады. Ол былай дейді: “Мен қайта зерттеу бастадым, қауымға қатыстым. Бірақ шамалы уақыттан кейін бәрін тоқтаттым. Соғыс басталғанда, Ехоба дұғама жауап берді, ол мені қорғап, жақсы көретінін көрсетіп, жаныма тыныштық бергенін түсіндім. Мен Румынияға қашып, сол жерде Куәгерлерді тауып алдым. Олардың маған танытқан қамқорлығы мен мейірімділігін көрсеңіз! Ехоба мені суық күнде жылы көрпемен орағандай болды”. Олена 24 шілде күні шомылдыру рәсімінен өтті. Сөзін сабақтап ол былай деді: “Ехобаның шыдамдылығы үшін мен сондай ризамын. Енді мен “маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын” (Філіпіліктерге 4:13).
2022 жылдың 2 тамызына дейін Украинадан келіп түскен деректерді келтіре кетейік. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.
Бауырластарымыз жайлы ақпарат
43 жариялаушы қайтыс болды.
97 жариялаушы жарақат алды.
22 568 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.
586 үй қирады.
613 үйге қатты зақым келді.
1632 үйге кішігірім зақым келді.
5 Патшалық сарайы қирады.
10 Патшалық сарайына қатты зақым келді.
37 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.
Көрсетілген көмек
Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті жұмыс атқаруда.
Осы комитеттер 53 836 адамды қауіпсіз жерге жайғастырды.
24 867 жариялаушы басқа елге бассауғалады, әрі оларға бауырластар көмектесіп жатыр.