16 ҚАРАША, 2022
УКРАИНА
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №13 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады
Қайтадан үйме-үй уағыздау
2022 жылдың тамыз айында Украинаның қауіпсіз аймақтарында үйме-үй уағыз ісі қайтадан қалпына келетіні хабарланды. Бұны естіген бауырластарымыз үйден үйге уағыздауға ықыластана кірісіп кетті. Олардың бір байқағаны көп адам Киелі кітаптағы хабарға құлақ асып, тыңдап жатты. Киелі кітапты зерттеу сабағына келіскен бір кісі: “Соғыста көрген қасіретіміз бен азабымыздан кейін бір түсінгенім: бүкіл адамзаттың проблемасын тек бір Құдай ғана шешіп бере алады”,— деді. Төменде қызметте болған тағы басқа оқиғалар келтірілген.
Лановцы қауымында қызмет ететін Руслан есімді бауырласымыз қайтадан үйме-үй уағыздауға жүрексінеді. Ол әйелі екеуі Ехобаға дұға етіп, батылдық сұрайды және жарқын болашаққа деген үмітке зәру адамдарды табуға көмектесуін өтінеді. Содан екеуі екі сағаттың ішінде сегіз адаммен сөйлесіп, олардың бәрі де Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Руслан мен әйелінің қуанышында шек болмады!
Кременец қауымында қызмет ететін Ольга бауырлас бір әйел бауырласпен уағыздап жүргенде, қастарына ер кісі жүгіріп келеді де: “Адамдармен Құдай Сөзі туралы сөйлесіп жүрсіңдер ме?” — деп сұрайды. Сосын: “Мен темекі шегемін, ішімдікке де тәуелдімін. Осы үшін көп ұзамай Құдайдың алдында жауап беретінімді білемін. Бірақ мен басқа адам болғым келеді, өзгергім келеді”,— деп айтады. Сол кісімен зерттеу сабағын бастау үшін қажетті шаралар жасалды.
Шығыс Рясное (Львов) қауымының жариялаушысы Василь өзінің уағыздау тобымен ауылды жерде уағыздап жүргенде, бірнеше жыл бұрын сөйлескен бір әйелдің үйіне қайтадан келеді. Ол әйел кезінде ашуланып, Ехоба куәгерлерімен сөйлесуден бас тартқан болатын. Содан Василь бауырлас есікті қағып, зерттеу сабағын ұсынып көрмекші болады. Бір қызығы есікті қайтадан дәл сол әйел ашады да, Киелі Жазбаларды оқып, түсінгісі келетінін айтады. Онымен зерттеу сабағын өту үшін Василь бауырлас бір әйел бауырласты жібереді.
Ильинцы қауымында қызмет ететін Сергей бауырлас 2021 жылы шомылдыру рәсімінен өткен, әрі ешқашан үйме-үй уағыздап көрмеген. Сондықтан ол үйден үйге уағыздау қалай болар екен деп уайымдайды және қызметке шықпас бұрын алдын ала дайындалып алады. Ол былай деді: “Мен пікірлесу үлгілерін қайта-қайта қарап шықтым. Ендігі істеу керек нәрсем бар батылдығымды жинап, уағыздау болды”. Қуанышқа орай өзгелерге ізгі хабарды айтқан кезде, оның қорқынышы зор шаттыққа алмасты.
Роздол қауымындағы Николь 2022 жылдың тамыз айында шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болады. Ол хабарландыруды естігеннен кейін не сезінгенін былай деп жеткізді: “Мен үйден үйге уағыздаудан қатты қорықтым. Бірақ уағызға шыққаннан кейін адамдармен Ехоба туралы жүзбе-жүз әңгімелесу жанға жағымды екенін сездім”.
2022 жылдың 11 қарашасына дейін Украинадан келіп түскен деректерді келтіре кетейік. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.
Бауырластарымыз жайлы ақпарат
46 жариялаушы қайтыс болды.
97 жариялаушы жарақат алды.
12 569 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.
590 үй қирады.
645 үйге қатты зақым келді.
1722 үйге кішігірім зақым келді.
6 Патшалық сарайы қирады.
19 Патшалық сарайына қатты зақым келді.
63 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.
Көрсетілген көмек
Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті жұмыс атқаруда.
Осы комитеттер 53 948 адамды қауіпсіз жерге жайғастырды.
25 983 жариялаушы басқа елге бассауғалады, әрі оларға бауырластар көмектесіп жатыр.