Мазмұнға өту

Сол жақта: Киевте зақымданған үй. Оң жақ үсті: Жертөлені паналап отырған бауырластар JW Library қосымшасындағы мәліметтерді оқып, жұбанып жатыр. Оң жақ асты: Украинадан келген босқындар отбасы Словакияда тамақ ішіп отыр

11 НАУРЫЗ, 2022
УКРАИНА

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №2 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №2 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

Шабуылдан қатты зардап шеккен аймақтың бірі — Мариуполь. Ол жерде жарық, жылу, ұялы байланыс және интернет жоқ. Көп үйлердің терезелері қирап қалған. Тамақ пен су біткелі тұр. 2500-ден көп бауырласымыз Мариупольден шыға алмай қалды. Буча, Гостомель, Ирпень, Киев, Сумы және Чернигов қалаларында “дәліздер” ашылғандықтан, адамдар қаладан кете алды. Көп бауырластар үшін де бұл қауіпсіз жерлерге кетуге жақсы мүмкіндік болды.

Гостомельде тұратын 36 жасар ақсақал және ізашар өз әйелін, ата-анасын алып қаладан кетті. Соғыс олардың қалаларында басталғанда қандай күй кешкенін айтып берді:

“Үйіміздің үстінен тікұшақтар ұшып жүрді. Барлық жерде әскери көліктер тұрды. Сарбаздар біздің үйімізге баса-көктеп кірді. Біз ол кезде жертөледе отырғанбыз. Бір сарбаз бірнеше рет жертөлеге қарай оқ атты. Ехобаға шүкір, оқ бізге емес, анамның дабыл дорбасына тиді. 3-4 сағаттай біз тырп етпей, үндемей отырдық. Төбемізде атыстың, бомбаның дауыстары естіліп жатты... Келесі күні біз үйден кетіп жатқанда, тура жанымызда шайқас басталып кетті. Жолда танкілер тұрды... Жағдай өте қауіпті еді, бірақ сол жерде қалу одан да қауіпті еді.

Осы жағдай өмірімізді күрт өзгертті. Киелі кітап принциптерін іс жүзінде қолдануды үйрендік. Мысалы, ертеңгі күнді уайымдамау, негізгі қажеттіліктерге шүкіршілік ету және ең қиын шақта Ехобаға арқа сүйеу”.

Құдайымыз Ехоба Украинадағы бауырластарымыздың қасіретін төбеден көріп тұр. Ешбір қиындықтары оның көзінен таса емес. Ехоба оларды қолдаусыз қалдырмайды (Петірдің 2-хаты 2:9).

Бір отбасы жертөлені паналап отыр. Кейін олар қауіпсіз жерге қашты

10 наурызға Украинадан келіп түскен ақпараттар легі мынадай:

Бауырластарымыз жайлы ақпарат

  • 2 жариялаушы қайтыс болды.

  • 8 жариялаушы жарақат алды.

  • 25 407 жариялаушы үйлерін тастап, елдің басқа жерін паналап отыр.

  • 25 үй қирады.

  • 59 үйге қатты зақым келді.

  • 222 үйге кішігірім зақым келді.

  • 7 Патшалық сарайына зақым келді.

Көрсетілген көмек

  • Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті істеп тұр.

  • Осы комитеттер 10 566 жариялаушыны қауіпсіз жерге жайғастырды.

  • 9635 жариялаушы Украинадан басқа елге кетіп, бауырластардан көмек көрді.