23 НАУРЫЗ, 2022
УКРАИНА
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №4 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады
Мариупольдің көшелерінде ұрыс пен бомба жарылыстары жалғасып жатыр, біз аяулы бауырластарымыз үшін күні-түні дұға айтып жатырмыз. Өкінішке қарай, алты бауырласымыз бомбалау кезінде қаза тапты. Осы уақытқа дейін Украинада он бауырлас қайтыс болды. Өткен аптада, жаңалықтарда хабарланғандай, 1000-нан көп адам паналап отырған театрға бомба тасталды. Бауырластарымыздың бәрі аман-есен, алайда кейбіреулері жеңіл жарақат алған.
750-ге жуық бауырласымыз Мариупольден қашып шықты, ал шамамен 1600-і сол жерде. Олардың көбісі қаланың шығысында қалды, қазір ол жер Ресей әскерінің бақылауында.
Бұған дейін айтқанымыздай, 200-дей бауырласымыз Конгресс сарайының жертөлесін паналап отыр. Байланысуға мүмкіндік болған кезде олар хал-жағдайларын айтып берді:
“Бомбалау кезінде кейбір бауырластар қатты қорықты. Біреулер жылай бастады. Даладағы жарылыстың дауысын естігенде, біз я бомбадан я өрттен өлеміз деп ойладық. Сол кезде бір ақсақал Патшалық әндерін айтайық деді. Біз тоқтамай 10-15 ән айттық. Жарылыстың дауысы қатты естілген сайын, ғимарат қатты шайқалған сайын, біз даусымызды одан сайын қатты шығарып ән айттық. Сосын Зәбүрдің 27-жырын оқып талқыладық. Одан кейін әркім өзінің сүйікті тармақтарын, қай жағынан нығайтқанын айтып берді... Ехоба расында да “қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі екенін” сезіндік. “Ол бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады” (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4).
Төтенше жағдайлар комитетіндегі жанын беруге даяр ақсақалдар мен басқалар қаладан бауырластарын іздеп тауып, оларға тамақ, дәрі-дәрмек жеткізіп жатыр. Оққа ұшпас үшін кейде олар жер бауырлап жүреді. Өз басын қатерге тіккен осындай бауырластарды біз мақтан тұтамыз (Римдіктерге 16:4).
Газ бен электр жарығы жоқ болғандықтан, ержүрек әйел бауырластарымыз далада отқа тамақ дайындайды. Сосын тамақты қарт және мүмкіндігі шектеулі бауырластарға апарады. Бауырластарымыздың көбісі үй-жайынан, көлік пен дүние-мүлкінен айырылды. Бірақ олар бауырластардың ыстық сүйіспеншілігі мен қамқорлықтары үшін шын көңілден риза.
Жертөлені паналап отырған бауырластар рухани әдеттерінен айнымай, бірге Киелі кітап зерттеп, мүмкіндік туғанда ізгі хабарды басқаларға айтып жатыр.
22 наурызға Украинадан мынадай ақпарат келіп түсті. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің кейбір аймағындағы бауырластармен байланысу қиын болып тұр.
Бауырластарымыз жайлы ақпарат
10 жариялаушы қайтыс болды.
27 жариялаушы жарақат алды.
33 180 жариялаушы үйлерін тастап, елдің басқа жерін паналап отыр.
78 үй қирады.
102 үйге қатты зақым келді.
484 үйге кішігірім зақым келді.
1 Патшалық сарайы қирады.
4 Патшалық сарайына қатты зақым келді.
18 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.
Көрсетілген көмек
Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті істеп тұр.
Осы комитеттер 25 069 жариялаушыны қауіпсіз жерге жайғастырды.
14 308 жариялаушы Украинадан басқа елге кетіп, бауырластардан көмек көрді.