1 СӘУІР, 2022
УКРАИНА
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №5 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады
Өкінішке қарай, 29 наурызға дейін тағы 7 аяулы бауырласымыз Мариупольде қайтыс болды. Ал осы уақытқа дейін Украинада 17 бауырлас көз жұмды.
Украинадағы Төтенше жағдайлар комитеттері (ТЖК) осы күндері тынбай қызмет етуде. Қауіпті болса да, олар соғыстан қатты зардап шеккен жерлерге барып, бауырластарын іздеп тауып, қажетті көмекті жеткізіп жатыр.
Мысалы, ТЖК-мен қызметтесетін бауырластар Краматорск, Мариуполь, Харьков сияқты қатты зақым көрген қалаларға тамақ, дәрі-дәрмек және басқа да керектіні жеткізе алды. ТЖК-нің бір мүшесі күн сайын 500-ден көп километр жол жүріп, көптеген әскери бекеттерден өтіп, шамамен 2700 бауырласқа тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізуде.
Сондай-ақ ТЖК қарулы қақтығыс болып жатқан жерден бауырластарды шығарып алудың амалын жасауда. Чернигов қаласындағы ТЖК-дағы бір ер бауырлас былай дейді: “Бомба тұрғын үйлерге түскенде, қаладан кету керек болды. Жарық пен интернет жоқ болғандықтан, ақсақалдар бомбаға қарамай қаланың әр жеріндегі жертөлелерді паналап отырған бауырластарға жүгіріп барып, қаладан кетіп қалуға мүмкіндік бар екенін айтып шықты”.
Бір тасымалдау компаниясының иесі автобустар мен микроавтобустарды пайдалануға келісіп, 254 бауырласымызды Чернигов қаласынан шығару үшін 9 рет сапар жасады. Бір ретте ол тіпті жаман жолды өзі жөндеп тастап, сапарын жалғастырады. Мұндай көмегі үшін бауырластарымыз қатты риза болды.
Қазіргі соғыстан жақындарынан айырылған жандармен бірге біз де қайғырып жатырмыз. Құдай Сөзіндегі өлім мен қайғы болмайды деген уәденің орындалуын зарыға күтудеміз (Аян 21:3, 4).
29 наурызға дейін Украинадан келіп түскен деректер бар. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.
Бауырластарымыз жайлы ақпарат
17 жариялаушы қайтыс болды.
35 жариялаушы жарақат алды.
36 313 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.
114 үй қирады.
144 үйге қатты зақым келді.
612 үйге кішігірім зақым келді.
1 Патшалық сарайы қирады.
7 Патшалық сарайына қатты зақым келді.
23 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.
Көрсетілген көмек
Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті істеп тұр.
Осы комитеттер 34 739 жариялаушыны қауіпсіз жерге жайғастырды.
16 175 жариялаушы Украинадан басқа елге кетіп, бауырластардан көмек көрді.