13 сәуір, 2022
УКРАИНА
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №6 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады
Өкінішке қарай, Украинада соғыстың кесірінен қайтыс болған бауырластардың саны көбейіп жатыр. Олардың саны 28-ге жетті.
Халықаралық жаңалықтарға сай, Киевтің маңындағы қалаларда соғыстың алғашқы апталарында қиян-кескі қақтығыс жүрген. Бұл аймақтарда тұратын 4900-дей жариялаушының 3500-ден көбі қауіпсіз жерге қашып үлгерген.
Төбе шашыңды тік тұрғызатын жағдайлардың өзінде мұндағы бауырластар сенімдерін берік сақтап жатыр. Бұған мына мысалдар дәлел:
Александр деген бір ақсақал Макаров қаласынан қауіпсіздеу жерге — Украинаның орталығына қарай қашып барады. Бірақ өзінің уағыздау тобындағы 4 жариялаушымен байланыса алмай, оларды іздеп, шайқас қызып жатқан жерге оралады. Ол былай деп баяндайды: “Ехоба үшін ең бағалысы — адамдар, яғни оның қызметшілері ғой... Мен бір жариялаушының есік алдына келсем, үйіне бомба түскен екен. Жертөлеге қарай түсіп едім, есігі тарс жабық. Шақырсам, ешкім жауап бермейді. Содан, бойым дір ете қалды”. Александр жертөленің есігін бұзып кіріп еді, оған көздеріне үрей толған бір топ адам қарап қалады. Сөйтсе, жариялаушылар да, олардың Куәгер емес көршілері де сол жерде отыр екен.
Олардың отырғандарына 8 күн болыпты. Араларындағы Ярослав деген бір жариялаушы былай дейді: “Әрқайсысымыз бір күнде тек бірнеше печенье мен бір стақан судан ішіп отырдық. Біз Киелі кітап пен әдебиеттерімізді оқыдық, бірге дұға айттық, бір-бірімізге дем беріп, жігерлендірдік. Сыртта біреу менің атымды атап айғайлағанда “өлген жерім — осы, енді мені сарбаздар алып кетеді” деп қорқып кеттім... Сөйтсем, ол мені де, қасымдағыларды да құтқаруға келген Александр екен. Біз үшін дұға ететін, тіпті өлуге дайын осындай рухани отбасым бар екеніне Ехобаға мың алғыс айтамын!”
Филип пен тағы бір ер бауырлас Бородянка қаласында қалып кеткен бауырластарға тамақ апармақ болып, көлікпен жолға шығады. 17 наурызда жолда оларды сарбаздар тоқтатып, көліктерін де, тамақтарын да алып қояды. Ал екеуінің қолына кісен салып, көздерін таңып, тағы басқа жеті еркек отырған жертөлеге қамап тастайды. Екі күннен кейін оларды түрмеге ауыстырады. Түнде сол жердің күзетшілері оларды тепкінің астына алады. “Шыны керек, тірі қаламын деп ойламадым. Дұғамда адал болып қалуды сұрай бердім”,— дейді Филип.
Тағы бір рет соққыға жығылғанда Филип нансыз отырған қария әйел бауырластар мен өзінің отбасының амандығы үшін дауыстап дұға етеді және Ехобаға қызмет еткен бақытты жылдары үшін рақмет айтады. Күзетші оны камерасына қайтарғаннан кейін де ол дұға етуін тоқтатпайды. Ехобадан сарбаздарға түсінік сыйлауын, біздің ер бауырластардың еш зияны жоқ екенін ұғынуларын сұрайды. Бұдан кейін Филип пен қасындағы ер бауырлас күзетшілерге уағыздай бастайды. Олар кезекшілікке түскен күзетшілердің бәріне екі күн бойы куәлік етіп шығады. Сол арада түрмедегі бір кісі ізгі хабарға құлақ асады. Ол бауырластарға риза екенін айтады. 27 наурызда екі ер бауырласымыз да, оларды тыңдаған әлгі кісі де азаттыққа шықты.
Буча қаласында тұратын Светлана деген салтбасты бауырлас соғыс болып жатқан жерден 2 апта бойы кете алмай қалады. Ол былай дейді: “Ехоба беретін тыныштықтың қаншалықты маңызды екенін бұрын-соңды мұншалықты сезінбеген шығармын. Бұл тыныштыққа кенелгенің — тығырықтан шығудың жолын ап-анық көріп отырасың деген сөз емес, қайта, шарасыз күй кешкенде Ехобаға толықтай арқа сүйеу деген сөз”.
Қауіпсіз жаққа кетіп бара жатқан жолда Светлана бір әйел мен оның жиеніне уағыздайды. Сол жерге жеткенде оларды бір Куәгер отбасы күтіп алып, үшеуін де үйлеріне алып кетеді. Ертесіне әлгі әйел қауым кездесуіне қатысқысы келетінін айтады және Киелі кітап пен әдебиеттерімізді сұрайды. Светлана қазір онымен байланысып тұрады.
2022 жылдың 12 сәуіріне дейін Украинадан келіп түскен деректер бар. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.
Бауырластарымыз жайлы ақпарат
28 жариялаушы қайтыс болды.
48 жариялаушы жарақат алды.
40 778 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.
278 үй қирады.
268 үйге қатты зақым келді.
746 үйге кішігірім зақым келді.
1 Патшалық сарайы қирады.
9 Патшалық сарайына қатты зақым келді.
26 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.
Көрсетілген көмек
Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті істеп тұр.
Осы комитеттер 41 974 жариялаушыны қауіпсіз жерге жайғастырды.
18 097 жариялаушы Украинадан басқа елге кетіп, бауырластардан көмек көрді.