29 СӘУІР, 2022
УКРАИНА
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №7 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады
Еске алу кешіне 210 000-нан аса адам қатысты
Ехобаның арқасында бауырластар бүкіл Украина бойынша Мәсіхті еске алу кешін атап өте алғанын қуана хабарлаймыз. Бассауғалап келген бауырластар елдің батысындағы Патшалық сарайларына жайғастырылып, Еске алу кешін де сонда атап өтті. Бауырластар кешті кішігірім топтарға бөлініп өткізді, ал үйлерінен шыға алмағандары видео-байланыс арқылы қосылды.
Еске алу кеші болатын күні елдің басым бөлігінде дабылдың даусы үзілмей тұрды. Бірақ кеш түсісімен бәрі сап тыйыла қалды. Донецк облысындағы Дружковкада тұратын Сергей былай дейді: “Біз оқ жауып, Еске алу кеші өтпей қалмасыншы деп дұға етумен болдық. Сөйтіп, Еске алу кешінің дәл алдында атыс тоқтап, дабылдың да үні өшіп қалды”.
Киевтің маңында Немешаевода тұратын бір топ қария және мүгедек жариялаушылар қауым жиналыстарына бір ай бойы қатыса алмай жүреді. Олар Еске алу кешіне қатыссақ екен деп дұға айтып жүргендерінде, көмекке Виталий деген ақсақал келеді. Ол былай дейді: “Бізде электр жарығы да, жылу да болмады. Кешті қолшамның жарығымен өткізуге тура келді. Әуен де болмағандықтан, ән айтатын кезде қызым скрипкада ойнап тұрды”.
Соғыс аймағында тұратын Александр деген ақсақал былай деп баяндайды: “Еске алу кешіне шақыру науқанында біз өз аумағымыздың адамдарына хат жаза алмадық, өйткені көп үйлер бомбалардың астында қалып, ал адамдары қашып кеткен еді. Сөйтіп, біз таныстарымызды, жертөлеге бірге жасырынған немесе қауіпсіз жерге бірге көшкен адамдарды шақыра бастадық. Олардың көбісі кезінде Куәгерлерді мүлдем тыңдамаған екен. Қуаныштысы, шақырылғандардың көбі Еске алу кешіне қатысты”.
Украинаның барлық қауымдары жайлы толық есеп әзірге қолжетімсіз болып тұр. Бірақ бір дерек анық: Еске алу кешіне 210 000-нан аса адам қатысқан.
Еске алу кешінен кейін бір ер бауырлас былай деп бөлісті: “Теңізшілер маякті көргенде, жағаға жетіп қалғандарын түсінеді. Мен де Еске алу кешінде Ехобаның күніне жақындап қалғанымды түсінемін. Биылғы кеште осыны бұрынғыдан да қатты сезіндім”.
2022 жылдың 21 сәуіріне дейін Украинадан келіп түскен деректер бар. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.
Бауырластарымыз жайлы ақпарат
35 жариялаушы қайтыс болды.
60 жариялаушы жарақат алды.
43 792 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.
374 үй қирады.
347 үйге қатты зақым келді.
874 үйге кішігірім зақым келді.
1 Патшалық сарайы қирады.
10 Патшалық сарайына қатты зақым келді.
27 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.
Көрсетілген көмек
Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті істеп тұр.
Осы комитеттер 44 971 жариялаушыны қауіпсіз жерге жайғастырды.
19 961 жариялаушы Украинадан басқа елге кетіп, бауырластардан көмек көрді.