Мазмұнға өту

Еріктілер қауіпсіз жерлердегі үйлерді қайта қалпына келтіруде

29 ЖЕЛТОҚСАН, 2022
УКРАИНА

Соңғы жаңалықтар №15 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

Соңғы жаңалықтар №15 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

2022 жылы ақпан айында Украинада басталған соғыстың кесірінен 3000-дай Ехоба куәгерлерінің үйі қирап қалды я зақымдалды. Тамыз айында Украинадағы бауырластар төтенше жағдайларда көмек көрсету бөлімі мен жергілікті құрылыс және жобалау бөлімінің қадағалауымен қауіпсіз деп табылған жерлерде зақымдалған үйлерге жөндеу жұмыстарын жасауды қолға алды. Бұған шатырларды және терезелерді жөндеу сияқты кішігірім жұмыстар кірді. Кейбір үйлер қирап қалғандықтан, олардың орнына гараждар мен сарайларды шағын үйлерге айналдыруға тура келді. Қазіргі уақытта 37 үй соғылып қойды, ал басқа 48-і соғылып жатыр.

Қазіргі аласапыран уақытта мұндай құрылыс ісін жүргізу мүмкін еместей көрінеді. Десе де, бауырластарымыз зардап шеккендерге көмек қолын созудан тартынбады. Киевтегі Великая Дымерка деген жерде тұратын 70 жастағы Светлана бауырласымыз былай деді: “Менде үйімнің шатыры мен сыртын жөндеуге қажетті ақша болмады. Бірақ Ехоба маған үлкен тосын сый жасады. Бауырластарым келіп небәрі 3-ақ күннің ішінде бәрін жөндеп кетті”.

Ал Киев облысы, Горенка ауылындағы Надия бауырлас құрылыстың жергілікті тұрғындарға қандай әсер қалдырғанын айтып, былай деді: “Бұл дегенің нағыз куәлік болды! Тіпті мен танымайтын адамдардың өзі Ехоба куәгерлерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. Бір сенімдегі достарымның келіп, маған көмектескендері оларды қайран қалдырды”.

Қалпына келтіру ісіне өз үйлерінен айырылып қалған бауырластар да қатысып жүр. Солардың бірі — үйлерін ракета қиратып кеткен Евгений мен Татьяна бауырластар. Олар жоғалтқан дүние-мүлкін ойлап уайымдаудың орнына, бір сенімдегі бауырластарға көмектесу үшін аянбай еңбектеніп жүр. “Басқаларға қол ұшын беру — біздің өмір салтымыз. Сондай-ақ, басқаларға қызмет еткенде өзіміз жеңілдеп қаламыз”,— дейді олар.

Киев облысы, Великая Дымеркадағы бауырласымыздың үйі (жөндеуге дейін және кейін)

Бауырластар Киев облысындағы Гостомель қаласында тұратын Лидияның үйін жөндеп берді. Бұл оны ерікті қызметші болуға талпындырды. “Менің үйімді жөндеу үшін 16 шақты бауырлас 2 апта бойы тер төкті. Мен өзімді Жаңа дүниеде жүргендей сезініп кеттім. Сондықтан енді мен де көмек беруге даярмын”,— деді ол.

Жақында Украинадағы филиал комитетінің бір мүшесі қалпына келтіру жұмыстары өткізіліп жатқан аумаққа барып қайтты. Оның мақсаты — баспанасынан айырылған бауырластарды нығайту. Ол былай деді: “Украинадағы бауырластар бір-біріне сүйіспеншілік көрсетуден қашанда алғы шепте. Алайда соғыс бізді айтарлықтай біріктірді. Аяулы бауырластарымыз көмек алғаннан кейін қызметке одан сайын құлшына қатыса бастады. Мұны көру — бір ғанибет! Өйткені олар “Құдайға алғыс айтушылардың көп болуына себепші болуда” (Қорынттықтарға 2-хат 9:12).

2022 жылдың 20 желтоқсанына дейін Украинадан келіп түскен деректер бар. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.

Бауырластарымыз жайлы ақпарат

  • 47 жариялаушы қайтыс болды.

  • 97 жариялаушы жарақат алды.

  • 11 477 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.

  • 590 үй қирады.

  • 645 үйге қатты зақым келді.

  • 1722 үйге кішігірім зақым келді.

  • 7 Патшалық сарайы қирады.

  • 19 Патшалық сарайына қатты зақым келді.

  • 68 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.

Көрсетілген көмек

  • Украинада 26 Төтенше жағдайлар комитеті жұмыс атқаруда.

  • Осы комитеттер 54 212 адамды қауіпсіз жерге жайғастырды.

  • 26 892 жариялаушы басқа елге бассауғалады, әрі оларға бауырластар көмектесіп жатыр.