4 ҚАҢТАР, 2024
УКРАИНА
Украин тіліндегі “Күзет мұнарасына” 100 жыл
2024 жылдың қаңтар айында “Күзет мұнарасы” журналының украин тілінде шығып жатқанына 100 жыл толды. Ізгі хабар Украинаға 1891 жылдары жеткен еді. Сол кезде көпшілік Киелі кітаптың хабарына құлақ асты. Одан кейінгі жылдары Киелі кітап шындықтарын жақсы көретіндердің саны біраз өсті. Алайда жиырмасыншы ғасырдың басында елдегі саяси жағдайға байланысты украинша сөйлейтін адамдардың көбісі басқа елдерге көшіп кетті. Олардың көбі Канада мен Құрама Штаттарға келді.
1923 жылы Рутерфорд бауырлас Канадаға келгенде Эмиль Зариски бауырласқа “Күзет мұнарасын” украин тіліне аударуды ұсынады. Эмиль бауырластың ата-анасы Украинадан Канадаға көшіп келген болатын. Ол енді ғана кітап таратушы (ізашар) және пилигрим (аралаушы бақылаушы) болып қызмет ете бастаған еді. Сондай-ақ әйелі Мария екеуінің бес баласы болды. Соған қарамастан ол Рутерфорд бауырластың ұсынысын қабыл алады. Осылай 1924 жылдың қаңтарында “Күзет мұнарасы” алғаш рет украин тілінде жарық көреді. Эмиль бауырлас 40 жыл бойы аудармашы болып қызмет етеді. Оның қызы Роза: “Бала кезімнен әкемнің жазу машинкасының дауысын естіп өстім”,— деп есіне алады.
1964 жылы Эмиль бауырлас Морис Саранчук пен әйелі Эннге “Күзет мұнарасын” аударуды үйретеді. Морис бауырлас қызметіне білек сыбана кірісіп кетеді. Ол кейде жұмыста үзіліс кезінде көлігінің артқы орындығына отырып алып, “Күзет мұнарасын” аударатын. Кейін әйелі екеуіне Патшалық сарайының кішкентай бір жерін аударма кеңсесі етіп береді. Ал 1977 жылы олар Канада филиалында қызмет етуге шақырылады. Содан кейін Морис бауырлас пен әйелі филиалдағы украинша сөйлейтін басқа да бауырластарға “Күзет мұнарасы” мен Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді украин тіліне тура аударуға үйретеді.
1950 жылға таман Кеңес Одағындағы Ехоба куәгерлеріне тыйым салынған еді. Сол кезде бауырластар “Күзет мұнарасы” мен басқа да әдебиеттерді Украинаға жеткізудің көп амалын ойлап тапты. Кеңес Одағындағы бауырластар әдебиеттерімізге қол жеткізгенде, оларды көбейтіп, тарататын. Осылай бауырластар ауадай қажет болған рухани ас-суды алып отырды. Ал 1991 жылы Кеңес Одағы құлағанда Украинадағы бауырластар емін-еркін ғибадат ете алатын болды. Содан көп ұзамай Германиядағы филиалда украин тіліндегі аударма тобы құрылды. Кейін аударма тобы Польшаға, ал 2001 жылы жаңадан соғылып біткен Украина филиалына көшті. Соңғы 30 жылда аудармашы болып қызмет етіп келе жатқан бір әйел бауырлас былай деді: “Күзет мұнарасының” аудармасына бастама беріп, оны көбейтіп, таратқан бауырластардың еңбектерінің арқасында Ехобаның ұйымында қазір керемет өсім болып жатыр. Сол бауырластардың ерен еңбектері туралы ойлаған сайын қызметімді жалғастыра беруге күш аламын”.
Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі украинша сөйлейтін адамдар өз тілдеріндегі “Күзет мұнарасының” көп пайдасын көріп жүр. Қазіргі күні Украинада украин тілінде 67 топ пен 541 қауым бар. Сондай-ақ украин тілінде өтетін топтар мен қауымдар Австрияда, Бельгияда, Британияда, Канадада, Хорватияда, Чех Республикасында, Францияда, Германияда, Ирландияда, Италияда, Польшада, Словакияда, Испанияда, Швецияда және Құрама Штаттарда да бар.
Украин тіліндегі “Күзет мұнарасын” беріп отырғаны үшін бар мадаққа Ехоба лайық. Осы журналдың арқасында көп адам “Құдайға деген сенімділігін арттыра” алады (Зәбүр 78:7).